СӨЙЛЕУДЕГІ ПАЙҒАМБАРЛЫҚ НҰСҚАУЛАР

Сөйлеу барысында мұсылман адам келесі нұсқауларды ескергені абзал:

Бірінші: Сөздің ең жақсысын таңдау

Адамдармен сөйлескеніңде сөздің ең жақсысын таңдап, әсемдеп айтуың Алланың құзырында садақа бергенмен бірдей. Сол себепті екінші адамға айтар сөзіңді  сыйлық ретінде сана. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

اِتَّقُوا النَّارَ وَلَوْ بِشَقِّ تَمْرَةٍ، فَمَنْ لَمْ يَجِدْفَبِكَلِمَةٍ طَيِّبَةٍ

«Тозақ отынан жарты құрма болсын садақа беріп сақтаныңдар, ол болмаса, жақсы сөз айтыңдар» – деген болатын.

Екінші: Сөздердің анық, ұғынықты шығуы. 

Сөйлеу барысында асықпай, аптықпай ойдың екінші адамға анық жетуі – сөйлеу әдебінен. Айтқан сөзің екінші адамға ой салатындай мағыналы да болу қажет. Айша анамыздан жеткен риуаятта Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сөйлеу мәнері жайында былай деген: 

ما كانَ رَسُول اللهِ يَسْرُدُ الْحَديثَ كَسَرْدِكُمْ هَذا، يُحَدِّثُ حَدِيثًا لَوْ عَدَّهُ الْعَادّ لَأَحْصَاه.

«Алланың Елшісі сөйлегенде сендер секілді сөйлемейтін,соңынан қайталаған адам жатап алатындай (сөзі ұғынықты, мағыналы) еді».

Үшінші: Тыңдаушының деңгейіне сай сөйлеу.

Адам екінші бір адамға жауап бермес бұрын оның ойлау деңгейін, жасын, білімін, көңіл күйін, оған қатысты ұстанымын ескеруі тиіс. Бұл жайында Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: 

أُمِرْنا أن نُكلِّمَ الناسَ على قدْر عقولِهم.

«Адамдармен ақыл деңгейлеріне сай сөйлеуге әмір етілдік».

Төртінші: Айтылар мәліметтің дұрыстығына көз жеткізу.

Айтылар сөзі болжамға,  негіз артпайды. Мұсылман алып-қашпа әңгімелерден, дұрыстығында күмән туғызатын мәліметтерден аулақ болған жөн. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде қоғам алдында пасықтығымен танымал болған адамдардың жеткізген хабарына мұқият болу керетігі жайында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن جَاءَكُمْ فَاسِقُ بِنَبَأٍ فَتَبَيَّنُوا أَن تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ

        «Әй мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер».

Бесінші әділетті халифа деген атпен танымал Омар ибн Абдулазизге бір кісі келіп, әлде бір адам жөнінде жаман сөздерді айта бастайды.  Сонда Омар: «Бұл айтқан сөздеріңді тексеріп көрелік. Егер өтірік айтқан болсаң: «Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар», – деген аятта айтылғанындай пасық адам болғаның. Егер сөзің рас болса: «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да (бой ұсынба)», – делінген адамдардансың. Ал егер сөзімді қайтарып алдым десең, айтқаныңа кешіріммен қарауға әзірміз», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Мені кешіріңіз мүміндердің әміршісі! Енді бұндай іске бармаймын» – дейді.

Бесінші: Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір.

Алла жолына шақыру, жақсылыққа үндеу, ілім беру секілді игі амалдардан өзге жағдайларда адам көп сөзден қашық болғаны жөн. Сөз көбейген кезде мейлі ол інжу-мәржанмен көмкерілсе де оның қадірі кетеді, көп сөзде өтіріктің орын алуы ықтимал. Ас тілді үйірерлік дәмді болса да шамадан тыс асыра желінсе, дәмі кетеді. Сол  секілді сөз де көбейсе берекесі жойылады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде көп сөйлеуден қашық болу керектігі жайында: 

قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ (1) الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ (2) وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ (3) المؤمنون.

«Ақиқатында мүміндер тілегеніне жетті, олар намаздарында именіп тұратындар. Олар бос сөздер мен ойын сауықтан аулақ», – деп мұсылман адамның бос сөзден аулақ болатынын меңзейді. 

Алтыншы: Айтар сөзді ой елегінен өткізу.

Айтқан сөзің біреуге тікен болып қадалмау керек. Екінші бір адамның арына, намысына, рухани жарасын ашатын сөздерден аулақ болғаныңыз абзал. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында: 

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Мұсылман басқа бір мұсылманға қолымен тілімен зиян келтірменген», – деген.

Жетінші: Мәжілістегі ізеттілік.

Отырыста сенен жасы үлкен, ілімді, құрметті адам отырса, рұқсатпен сөйлегенің дұрыс болады. Ондай адамдар сөйлеген кезде сөзін бөлу, немқұрайлық таныту әдепсіз амалдардан. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үлкендерді құрметтеу турасында: 

لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيُوَقِّرْ كَبِيرَنَا

«Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», – дейді. Қазақ нақылдарында бұл турасыда: «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без», – деген. 

Сегізінші: Сөйлегенде күлімдеу.

Күлімдеудің сиқырлы күші бар. Күлімдеу – адам баласына материалдық та физикалық та қиындығы жоқ дүние. Күлімдеу – ішкі дүниеміздің сыртқа көрініс беруі. Күлімдеп жүрген адам ешқандай шығынға ұшырамайды. Күлімдеу аз ғана уақытты алады, бірақ кейде мәңгілікке есте қалуы мүмкін. Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Дін бауырыңның жүзіне күлімсіреуің, сен үшін садақа», – деген хадисі бар. 

Тоғызыншы: Тілдің тазалығы.

Тіл арқылы адам иманға келіп, кәлимә шәһәдәт айтып, мұсылман болса, сол тіл арқылы оның ластығы себепті күнәға батады. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:

مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ، فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْلِيَصْمُتْ

         «Кімдекім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда қайырлы сөз айтсын яки үндемесін», – деген. Сол себепті әр мұсылман екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоя білген абзал. Өйткені, адамның сөйлеу мәнері оның қаншалықты мәдениетті адам екенін көрсетеді. 

Return to Top ▲Return to Top ▲