«ОРАЗА АЙТЫ» ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖҰМЫЛДЫРАДЫ

Айлардың төресi, күллi мұсылман баласы үшiн қасиеттi Рамазан айымен қимай қоштасатын сәт биыл жұма күніне дөп келді. Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бiрлiк, мейiрiм мен қайырымдылық айы болса, Ораза айт мейрамы – жер бетіндегі барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі.

Бүгін  таңертең «Қызылжар» облыстық орталық мешітіне мұсылман қауым көп жиналды. Намазхандар мешіттің екі қабатында да басын сәждеге тигізді. Ораза айт намазына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров мешітке жиналған қауымды  өңір басшысы Ерік Сұлтановтың атынан мерекемен құттықтап, ізгі тілегін айтты. Айт намазын Қазақстан мұсылмандар  діни басқармасының өкіл имамы, «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы өткізіп, құтпамен тамамдады.

Ай бойы Алланың разылығы үшін ауыз бекіткендер ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсектен, тілді ғайбат сөйлеуден тыйды. Осылайша тақуалықтарын айғақтады. Ал айт намазынан кейін «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бір біріне ізгі тілектерін айтып, мәре-сәре болысты.

Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі.

Биыл Рамазан айы жылдың ең ұзақ күндерінде өтті. Жиырма тоғыз күн ораза ұстаған жамағат  мұсылмандықтың бір парызын өтеп шықты. Жылдағы дәстүр бойынша Оразаның алғашқы күні «Қызылжар» облыстық орталық мешіті  қауымға ауызашар берді. Оны ел басқарып жүрген азаматтар,  қалталы жандар, мұсылман диаспоралары ілестіріп әкетті. Мешіттің қос асханасымен бірге аулаға тігілген екі киіз үйде  ауызашар дастарханы күн сайын жайылып, сауапты істер жасалды. Сонымен қатар мұқтаж адамдарға, жетім-жесірлерге, қарттарға арналып көптеген қайырымдылық шаралары өткізілді. Ораза айында тек «Қызылжар» облыстық орталық мешітінде берілген ауызашарларға он мыңнан астам адам қатысты. Ал Ораза айтының үш күнінде қайырымдылық шаралары әрі қарай жалғасын табатын болады. «Қызылжар» орталық мешіті  мүгедек аналардың «Асыл Ана» қоғамы мен облыстық ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мектеп-интернатына көмек көрсетпекші.

 

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі.

IMG-20150717-WA0006IMG-20150717-WA0011

 

Return to Top ▲Return to Top ▲