Медицина және алғашқы мұсылман дәрігерлері 1-бөлімі

Медицина тарихында   мұсылмандар медицинасы араб медицинасы, ислам медицинасы деген атаулармен қатар жүреді. Бұл атау мұсылмандардың алтын ғасырында медицина ғылымы араб тілінде жазылып, мұра ретінде қалған баға жетпес жәдігерлерге қатысты айтылады. Ислам дінінің негіздері мұсылмандар үшін денсаулықтың Алла алдындағы аманаты екенін меңзейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) хадистерінде денсаулық жайында: «Бес нәрсе келмей тұрғанда бес нәрсенің қадірін біліңдер: өлмей тұрып өмірдің қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, өмірде ахиреттің жағдайын жасаудың қадірін, қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін, кедей болмай тұрып байлықтың қадірін.»[1]

Басқа бір хадисте: «Әр сырқаттың емі бар және де егер дәрі сырқаттың шипасын берсе, ол Алланың қалауымен болғанды»[2]
Ислам толығымен адамның өмірі мен денсаулығын сақтап, қос дүниенің бақытына кенелуіне бағыттайды және бес шартты сақтауға кепілдік береді:
1. Дін; 2. Жан; 3. Ұрпақ; 4. Мал-мүлік; 5. Ақыл.
Бес шарттың үшеуі денсаулықпен (жан, ұрпақ, ақыл) байланысты. Имам аш-Шафиғи былай деген: «Қоғамға екі түрлі санаттағы адамдар қажет: ғалымдар – дінді сақтау үшін, дәрігерлер – олардың тәнін (денсаулық) сақтау үшін». Сондай-ақ: «Мен халал (рұқсат етілген) мен харам (тыйым салынған) және медицина білімінен басқа ғылымды білмеймін», – деген.
Исламның алғашқы күндерінен-ақ мұсылман жанының, оның тәнінің саулығы ерекше орынға қойылып, бекітіп берген.  8-ғасырдан бастап мұсылмандар сол уақытқа дейінгі әлем жеткен медицина ілімнің жетістіктеріне сүйене отырып, одан әрі дамытты. Құран мен хадистен сусындаған мұсылмандардың ыжтаһады жеміс беріп, әлемге медицинаның негізін қалаған алыптарды әкелді, он ғасыр бойы азық болған құнды еңбектер жазылды, ол уақытта болмаған емханалар, дәріханалар пайда болды.

Рази, Ибн Сина жазған құнды еңбектер тек ислам әлемі ғана емес, батыс әлемінің медицинада революция жасауына апарды. Медицина сол кездің өзінде әртүрлі тармақтарға бөлініп, тері ауруы, жүйке аурулары, әйелге байланысты аурулар, жарақат, ішкі мүше аурулары, дәрігер этикасы жеке-жеке ғылым ретінде қарастырылып, еңбектер жазылды.

Исламдағы медицинаның пайда болуы:

Исламға дейінгі заманындағы медицинаның көрінісі қазіргі біздің заманымыздағы көріпкел, балшылардың әрекеттеріне ұқсаушы еді. Көп жағдайда отпен күйдіру арқылы емделсе, кей жағдайда балмен, кейбір шөптермен емделу тәсілдері болатын. Ислам діні Шығысқа жайылып басқа ұлттар жаппай дінге кіре бастаған кезде олармен бірге ғылым-білімі соның ішінде медициналық жетістіктері де енді. Ежелгі грек, рим медициналық трактаттарында келген еңбектер пайдаланып, өңделіп, жаңа бейнеде пайда болды.  Бұл орайда аудармашылардың еңбегі ерен. Сол дәуірлерде жарық көрген атақты кітаптар:

Ибн Раббан әт-Табаридің «Фирдаусул Хикма» кітабы (860 жыл). Араб тілінде жазылған ең алғашқы энциклопедия, жеті томнан тұрады. Медицина мен психологияның байланысы және бала медицинасы жайында айтылады.

Мухаммад ибн Закария әр-Разидің «әл-Хаауи фи Тиб» кітабы тоғызынша ғасырда жазылған. Төсек тартып қалған ауру адамдар және олардың әртүрлі аурулары жайында 23 томдық еңбек. Он жетінші ғасырға дейін еуропа емханаларында негізгі қайнар көз ретінде пайдаланылды. Сол секілді «Мансури», «әл-Джамиғ әл-кәбир», «Көктемдегі тұмау тиюдің себептері» атты еңбектері мұсылман әлемінде белгілі.

Әли ибн әл-Аббастың «Кәмилу әссинаға әт-тиббиясы» адамның барлық дене мүшелерінің қызметтері жайында практикалық түрде зерттеу арқылы кеңінен жазылған жиырма мақаладан тұратын еңбек.  Бұл тарауларда емдік қасиеті бар шөптер жайында, әйелдер ауры, диета жайында, сондай-ақ тері аурулары жайында айтылған.

Ибн Синананың «Қанун» еңбегі. Бес томнан тұрады. Бірінші томы медицина негіздері жайында, екінші томы ауруды сездірмейтін дәрі түрлері, үшінші бөлім әрбір дене мүшенің аурулары жайында, төртінші бөлім ұлттық емшілік жайында, бесінші том дәрілердің сипаттамалары жайында. Бұл еңбек сол заманда және кейінгі ғасырларда медицинаның негізгі тірегі болды.

Сонымен қатар,  мұсылмандардың салауатты өмір салтын үгіттеу үшін денсаулықты сақтаудың жолдары, айналаны таза ұстау, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, тағы басқа негіздер қолға алынды. Осы салада атақты еңбектердің бірі – Ибн Бутланның «Тақуияту сихха» кітабы. Ұйқысыздықты болдырмау, есте сақтау қабілетін күшейту мәселелеріне қатысты Ибн әл-Жаззардың «Ән- нисиян уа туруқ тақуияти әззәкира» кітабы. Сонымен қатар медциналық этика жайында ар-Рахаудің жиырма бөлімнен тұратын «Әдәбу ат-табиб» кітабы.

Еуропада медицинаның алға жылжуына осы құнды еңбектердің аудармалары үлкен серпіліс берді. Атап айтқанда, атақты аудармашы Джирардо әл-Каримуни Заһраудің «Тасниф лиман ғажаза ғани әт-таалиф» кітабын латын тіліне аударды. Аталмыш кітап 1770 жылға дейін Еуропа мемлекеттерінде шығарылып тұрды. Константин әл-Африқи ибн Джаззардың, Ибн Синанының кітаптарын аударды. Бұл кітаптар еуропа медициналық оқу орындардында 18-ғасырға дейін оқытылды.

Атақты мұсылман дәрігерлері:

Абубакр Мұхаммад Закария Рази Кейбіреулер Разиді «мұсылмандар Галені» деп атайтын. Рази Ислам өркениетінің дамыған кезіндегі Авиценнадан кейінгі ең үлкен дәрігер болып саналады. Ол шәкірттері мен ауруханасын жақсы көретін. Закария зағип болып қалғанша қолынан қалам мен кітапты тастамады. Тарихта Асадуле Дилами Бағдатта аурухана салу туралы шешім қабылдаған кезінде  атақты дәрігер Разиге аурухана салатын ең жақсы жерді табуды бұйырды. Тәжірибе ғылымының маманы болған Рази көмекшілерінің көмегімен қаланың әртүрлі жерлеріне шикі еттің бөліктерін іліп қояды, 24 сағаттан соң еттерді бір-бірімен салыстырады. Содан соң ет аз бүлінген жерде аурухана құрылысын бастауға рұқсат береді.

Закария Рази медицина, фармакология, философия, астрономия және басқа да ғылым салаларда 200-ден астам еңбек жазды. Олардың шамамен 100 томы ем мен дәрі-дәрмекті сипаттауға арналған. «Әл-Хаауи» және «Әл-Мансури» кітаптары медицинаның екі маңызды ескерткіші саналады.

Әбу Әли Хусейн ибн Абдуллах ибн аль-Хасан ибн Әли ибн Сина  Батыс елдерінде Авиценна атымен белгілі – ғалымпәлсапашыастроном. Толық аты-жөні Абу Али Хусейн ибн Абдаллах Ибн Синаеуропалық дәстүр бойынша ол Авиценна деген атпен мәлім. Ибн Сина өзінен кейін зор шығармашылық мұра қалдырып кетті: ертедегі деректерге қарасақ, ол 456-ге жуық еңбек жазды, бірақ бізге дейін оның 240 кітабы ғана жетті. Үлкен атаққа Ибн Сина дәрігер, ғалым және фармацепт ретінде ие болды. Ол бар болғаны 57 жыл өмір сүрсе де (980-1037 жылдары), оның өмірі мен дарыны осы уақытқа дейін аңызға айналып келеді. Әлемге әкелген ең құнды еңбектерінің бірі – бес томдық қанун еңбегі.

Әбу әл-Хасан Әләәуддин Әли ибн Әби әл-Хазам әл-Қурайши әд-Димашқи Дамаск қаласында 1213 жылы туған. Медицина саласындағы бұл ғалым кіші қан айналымын тапқан ғалым ретінде белгілі. Мысырда емханалардың басшысы қызметін атқарған. Атақты ғалым Ибн Синаның сол уақытқа дейін жеткен жетістіктерімен танысып, одан әрі дамытқан. 1244 жылы 43 бөлімнен тұратын ғылыми еңбегі жарық көрді. Бұл еңбектерінде адамның ішкі құрылымына ерекше көңіл бөлген, сонымен қатар Ибн Синада келген дәрілердің сипаттамаларына басқа дәрілерді қосқан. 1258 жылы Бағдад қаласы манғолдардың қолынан құлаған кезде Бағдад кітапханаларында көптеген құнды еңбектері жоғалып кетті. Атақты еңбектеріне келер болсақ, «әш-Шамилә фи синағати әт-Тиббия», «Шарх ташрих әл-Қанун», «Шарх фусул Абақрат», т.б еңбектер.

Әбу әл-Қасим Халаф ибн Аббас әз-Захраауи 936 жылы Умаяттар кезінде Андалуста Қуртуба (қазіргі Испания) қаласында дүниеге келген. Мұсылмандардың хирургия бойынша атақты ғалымы. Оны хирургияның атасы деп атаған. Медицина саласында ерекше орынға ие отыз томдық «Ат-тасриф лиман әжәәза ан таалиф» кітабымен танымал. Хирургияда жеткен жетістіктері әлі  күнге дейін біздің заманымызда қолданады.[3] Ең алғашқылардан болып, тұқым қуалау ауруларын зерттеген ғалым.

Ахмад ибн Жаззар,  толық аты Әбу Жағфар Ахмад ибн Ибраһим Халид Қайрауани, Қайрауанда (қазіргі Тунис жері) 898 жылы дүниеге келген. Медицина саласы бойынша атақты мұсылман ғалымы.  Әсіресе, бала, қарттар аурына ерекше мән берген. Атақты еңбектері: «Зәду әл-мусафир уа қуту әл-Хадир», «әл-Бағия фи әдуия мураккаба», т.б еңбектері.

(Жалғасы бар)

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

Әділбеков Хамзат

[1] Хаким хадистер жинағы

[2] Муслим хадистер жинағы

[3] Сабри Дамрадаштың «Китабу руаду муслимун» кітабы

Return to Top ▲Return to Top ▲