Бір шаңырақ астында

Ислам діні барша адамзатқа түсірілген соңғы дін. Асыл дініміз ешқашан ұлтқа, руға бөле қарап және біреулерінің дәрежесін екіншісінен жоғары қоймаған. Алла тағала қасиетті Кітабында айтады: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» деп, адамның дәрежесі тек тақуалығымен өлшенетінінен хабардар етті.

Осы орайда, мұсылман үмбеті арасында достастықты нығайту мақсатында, ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкілдігі, «Қызылжар» орталық мешітінің ұйтқы болуымен өңіріміздегі түрік диаспора өкілдері орталық мешіттің асханасында ауызашар ұйымдастырып, оған аузы берік барлық намазхандар шақырылды.

Ауызашарда Құран кәрім оқылып, ораза жайында ғибратты уағыздар айтылды. Өңірімізде ислам дінінің қанат жайып, өрлеуіне үлесін қосып жүрген түрік диаспорасының өкілі Идрис Карталға алғыс хат табысталды.

Айта кетерлік жайт, облысымыздағы бұл игі шара жылдағы үрдіс бойынша жалғасып келеді. Биылғы Рамазан айында жоспарға сәйкес басқа да мұсылман диаспора өкілдерінің, атап айтқанда – тәжік, шешен-ингуш, әзербайжан, ауған, қырғыз, күрд диаспоралары, ауызашар өткізуі жоспарланған. Осындай басқосулардан кейін мұсылмандар арасында ұлт, нәсіл демей, бауырмашылдық, ынтымақ орнайтыны сөзсіз.

 

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲