الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!
Мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі, қасиетті Құрбан айтқа да санаулы күндер қалды. Әрбір мұсылман бұл қасиетті күндерді асыға күтіп, жағдайы келген адам құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер атқаруға тырысады.
Ата-бабаларымыз бұл күндері ұлық мерекені құрмет тұтып, ерекше киімдерін киіп, жақын-туғандарын аралап: «Айт қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деген сөздермен ізгі ниеттерін білдіріп, балаларға айттық сыйлықтар беретін болған. Бұл күндерді ұлықтап, адамдарға қуанышты көңіл-күй сыйлау – тақуалық белгілерінен. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 32-аятында:
وَمَن يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللَّهِ فَإِنَّهَا مِن تَقْوَى الْقُلُوبِ
«Кім Алланың белгілерін ұлықтаса, шындығында ол жүректің тақуалығынан», – деген.
«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындық» деген мағыналарды білдіреді. Демек, Алланың ризашылығы үшін құрбандық шала отырып, мұсылман баласы жаратқан Иесіне жақындап, күнәларының кешірілуіне мүмкіндік алады.
Ислам дінінің басты мерекесінің шежіресі сонау ерте заманнан бастау алады. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сынақ ретінде өзінің сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуды бұйырады. Әкесі мен баласы Жаратушының бұйрығына қарсы келмей, әмірді орындамақшы болады. Сынақтан сүрінбей өткен әкесі мен баласының тақуалығына, адалдығына Алла Тағала риза болып, Өз құзырынан құрбандық орнына қошқар түсіреді. Құрбан айт мерекесінің негізінде Алла Тағалаға деген құлшылық пен жақындық, сондай-ақ, баланың ата-анаға деген құрметі мен жақсылығы жатыр.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке қаласынан Мәдина қаласына қоныс аударғанда, Мәдина халқы екі күнді мереке ретінде тойлайтын болған. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Шындығында, Алла Тағала сендерге ол екі күннің орнына одан да жақсы болған екі күн берді. Оның бірі – Ораза айт, ал екіншісі – Құрбан айт мерекесі», – деген (имам Насаи).
Мұсылман адамның бұл ұлық күндерді тиісті түрде ұлықтауы үшін мына амалдарға ерекше мән бергені жөн:
Бірінші, Арапа күні ораза тұту
«Арапа» сөзі тілдік тұрғыда «ға-ра-фа» делінген етістіктен туындап, «білу», «түсіну» деген мағыналарды білдіреді. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зұлхижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар баласы Исмайылды құрбандыққа шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін ол жәй түс екен деп ойлайды. Алайда, ертесінде әлгі түсті тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күн «арапа» деп аталды деген пікір бар.
Арапа күнінің уақыты – зұлхижжа айының тоғызы, яғни құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер Арафат тауына бір мезет тұрақтайды. Арапа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі – сауапты іс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
صِيَامُ يَوْمِ عَرَفَةَ إِنِّي أَحْتَسِبُ عَلَى اللَّهِ أَنْ يُكَفِّرَ السَّنَةَ الَّتِي قَبْلَهُ وَالسَّنَةَ الَّتِي بَعْدَهُ
«Арапа күнгі ораза арқылы Алла Тағаланың өткен және келер жылғы күнәларды кешіруін үміт етемін», – деген (имам Муслим).
Екінші, айт күндері құрбандық шалу
Құрбан айтта құрбандық шалу – әрбір ақыл-есі сау, жолаушы болмаған, мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін мұсылман адам үшін уәжіп. Шәкәрім қажы бабамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», – деп айтқан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 34-аятында:
وَلِكُلِّ أُمَّةٍۢ جَعَلْنَا مَنسَكًا لِّيَذْكُرُواْ ٱسْمَ ٱللَّهِ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّنۢ بَهِيمَةِ ٱلْأَنْعَٰمِ ۗ
«Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың атын атап құрбан шалуды бекіттік», – деген.
«Амалдар ниеттерге байланысты» демекші, әрбір істі бастарда алдымен ниет ету керек. Құрбандық малын шалғанда да ниеттің тазалығы, шынайылығы маңызды. Себебі, құрбандығымыз тек Аллаға арналып сойылуы керек. Қасиетті Құранның «Әнғам» сүресінің 162-аятында Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
قُلْ إِنَّ صَلاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ
لَا شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَا أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ
«Расында менің намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын! – деп айт», – деп бұйырған.
Үшінші, мұқтаж жандарға жәрдемдесу
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Осы себепті де шалынған құрбандық етімен мұқтаж жандарға жәрдемдесудің сауабы үлкен. Қасиетті Құранның «Зәрият» сүресінің 19-аятында:
وَفِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ لِّلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ
«Олардың малдарында қайыр сұраушының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар», – делінген.
Құрбан етiн үшке бөлiп, бiр бөлiгiн мұқтаж жандарға, екiншi бөлiгiн туған-туыстарға немесе көршiлерге, ал қалған бөлiгiн өз отбасына алып қалу – мұстахаб амал.
Төртінші, қуаныш пен шаттық көрініс табуы
Айт барша мұсылмандардың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін сезінуі тиіс. Адамдар өзара қуаныш сезімдерін білдіріп, жақындарын құттықтап, сыйлықтар бергені жөн. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
تَهَادُوا تَحَابُّوا
«Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады», – деуі тегін емес. Халқымызда ертеден келе жатқан «айттық сұрау» атты әдемі дәстүріміз бар. Ата-бабаларымыз айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанның бетін қайтармай, қолда бар сыйлығын беріп, ақ дастарханнан дәм татқызып, риза болып кететіндей дәрежеде шығарып салатын болған.
Алла елшісі мен сахабалар, ол кісілердің ізімен жүрген ғұламаларымыз айт күндерін ерекше құрмет тұтып, бұл күні таңертең ғұсыл құйынып, әтір себініп, көшеге ең жақсы киімдерін киіп шығатын болғандықтары жөнінде хабарлар өте көп келген. Мысалы, Факиһ бин Сағд (Алла оған разы болсын!): «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза, құрбан айт және арапа күндері ғұсыл құйынатын», – десе, Хасан ибн Әли (Алла оған разы болсын): «Бізге Алла елшісі айт күні ең жақсы иіссуды себуді бұйырған еді», – деп айтқан. Бұл хадистер күллі мұсылманды айт күндері жан мен тән тазалығының үйлесімді болуына үндейді. Өйткені, бұл мерекеде мейрамның нышаны сезіліп тұруы тиіс.
Бесінші, тәкбір-ташриқ айту
Мәшһүр Жүсіп бабамыздың: «Айтылды: «Алла-акбар» екі жерде,
намаз бен құрбан шалу келді бірге», – деп айтқанындай, құрбан айт кезінде айтылатын тәкбірдің арнайы бекітілген уақыттары бар. Оны – ташриқ күндерінің тәкбірі дейді. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 203-аятында Алла Тағала:
وَٱذْكُرُواْ ٱللَّهَ فِىٓ أَيَّامٍۢ مَّعْدُودَٰتٍۢ
«Санаулы ташриқ күндері Алланы еске алыңдар!», – деп бұйырған. Бұл тәкбір зұлхижжа айының 9-ы күнгі таңғы намазынан бастап айтылып, әр парыз намазының соңында зұлхижжаның 13-күнгі екінті намазының соңына дейін жалғасады. Тәкбір ташриқты намазын жеке оқыған адам да, жамағатпен оқыған адам да айтады. Бір мәрте айту – уәжіп, одан көбірек айту мустахаб амал саналады. Ер адам дауысын көтеріп, әйел адам ішінен айтуы қажет.
Тәкбір ташриқтың оқиғасы былай: «Ибраһим пайғамбар ұлы Исмаилды құрбан ету үшін алқымына пышақ тартқанда пышақ өтпеді. Сонда Алла Тағала Жәбірейіл періштеге підияға қой алып келуге бұйырды. Жәбірейіл періште Ибраһим пайғамбар ұлы Исмаилды бауыздап қоюынан қорқып, «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар» деп тәкбір айтты. Ибраһим пайғамбар бұны естіп, «Лә илааһа иллаллаһу, уаллаһу акбар» деді. Ұлы Исмаил орнына құрбандық берілгенін біліп, «Аллаһу акбар, уә лиллаһил хамд» деп, Алла Тағала шүкір етті».
Қадірменді жамағат!
Құрбан айт – елді қайырымдылықа, мейірімділікке, ізгілікке үндеп, араздасқандарды татулыққа шақыратын, елді біріктіретін рухани мереке. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл күні адамдарға:
يَا أَيُّها النَّاس أَفْشُوا السَّلامَ وَأَطْعِمُوا الطَّعامَ وَصِلوا الْأَرْحَامَ وَصَلوا بِالليلِ وَالنَّاسُ نِيامٌ تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ بِسَلَامٍ
«Уа, адамдар, бұл күні сәлемді жайыңдар, (мұқтаждарды) тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер», – деп айтатын болған. Біз де Пайғамбар өсиетіне құлақ асып, осы күндерді барынша ізгі амалдармен өткізуге тырысайық!
Алла Тағала келе жатқан қасиетті құрбан айт мерекесін баршаларымызға мүбарак етіп, шалатын құрбандықтарымызды, атқаратын ізгі амалдарымызды қабыл еткей!