ҚЫЗЫЛЖАРДАҒЫ ҚАДІР ТҮНІ

Алла Тағаланың мұсылман үмбетіне сыйлаған қасиетті Қадір түнінде облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов ауызашар берді. Оған өңіріміздің қажылары, аға буын өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары мен мұсылман диаспораларының және бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері қатысты.

Ауызашарда ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы ораза ұстаған адамның аузын аштырудың сауабы, Қадір түнінің қадір-қасиеті жайлы уағыз айтты. Рамазан айы басталғаннан бері мешіттің ұйымдастыруымен ауызашарлар беріліп жатыр, күніне үш жүз адамға дастарқан жайылады, сонымен қатар Бас мүфтидің Үндеуіне орай қайырымдылық шаралар өткізілуде, мұның бәрі мешітке қолұшын беріп жүрген дінге жанашыр азаматтардың көмегі, деп бас имам оларға лебізін білдірді.

Кешегі күні мешіт жамағатына Рамазан айының артықшылығын түсіндіретін кітапшалар, түрлі бүктемелер таратылды. Діни викториналық сұрақтар ойнатылып, білімпаздарға мешіт атынан сыйлықтар берілгенін де айта кеткен жөн. Имамдардың басшылығымен меймандарға Араб және қазақ тілдерінде шығарылған Құран кітабы сыйға тартылды. Облыстың бас имамы бұл күннің мұсылмандар арасындағы бауырластықты, татулықты нығайтуға үлес зор екенін ескеріп, дәстүрлі дінге жанашыр адамдарды Алғыс хатпен марапаттады. Облыс имамының құрметіне Әлихан қажы Рақымжанұлы мен Сапура қажы Әміреқызы ие болды.

Кенжетай қажы Байкемелұлы Қадір түнінде облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде Рамазан айы басталғаннан бері  Құран хатым түсірген  қари Кемал Гул мен республикалық қарилар жарысының үміткері, он бес жасар Мырзаомар Хусенұлына Алғыс хат табыстап, оларға барша қызылжарлықтардың атынан ризашылығын білдірді.

Дінге бет бұрушылар саны бұрынғыдан әлдеқайда көп екені кешегі күні анық аңғарылды. Мешіттің іші сыртында ине шаншар жер болмады. Жиналған жамағат имамдар уағызын  ұйып тыңдап, таң намазын оқыған соң тарқасты. Сондай ақ, биылғы Қадір түнін жергілікті телеарналар арнайы түсіріп, жаңалықтардан бергенін де айта кеткен жөн.

СҚО «Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі.


DSC04210???????????????????????????????

 

Return to Top ▲Return to Top ▲