ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ МӘДИНАДА БІЛІМ АЛЫП ЖАТҚАН СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапары барысында Мәдинада білім алып жатқан шәкірттермен арнайы кездесті.

Кездесуге студенттерден бөлек Жиддадағы консул Ершат Тайбақ, Діни басқарманың Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілі әрі «Талаба» қауымдастығының жетекшісі Абдулахад Сманов қатысты.

Еркін әңгіме барысында осы елдегі білім беру үдерісі, дұрыс бағытта болу, елдің бірлігіне жұмыс істеу жайы қозғалды. Басқосуда Наурызбай қажы Тағанұлы ең алдымен туған жерге, Отанға қызмет ету турасында насихат айтты.

«Сіздермен кездесу көптен бері жоспарымызда болды. Бүгін сәті түсіпті. Діни басқарманың бағытын білесіздер. Қазіргі таңда сырттан келетін түрлі ағымдар бар. Содан сақтану керек. Біздің ұстанған жолымыз жамағат арасында ауызбіршілікке үндеу.

Біз қашан, қай жерде жүрсек те еліміздің, отбасымыздың, ұрпағымыздың болашағы үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Бізде бір ғана Отан бар. Сол елдің айрандай ұйыған ынтымағын сақтауға тиіспіз. Мүфтият діни білім жолында жүрген студентерге қашан да қолдау көрсетеді. «Талаба» қауымдастығының Сауд Арабиясындағы жауапты өкілімізді тағайындадық. Енді ынтымақта болуларыңызды сұраймын. Алған бағытымыз дұрыс болу керек» деді Бас мүфти.

Кездесу соңында шәкірттер Діни басқарма Төрағасына толғантқан түрлі сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

Return to Top ▲Return to Top ▲