Бүгін Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Шұбарағаш ауылында жаңа мешіт халық игілігіне берілді. «Қожамжар би» есімімен аталған құлшылық үйінің ашылуына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, аудан әкімі, ауыл ақсақалдары, өнер мен мәдениет қайраткерлері арнайы қатысты.
Алғаш боп сөз алған Бас мүфти құлшылық ордасының мәні мен сауабына тоқталып, Төле бидің кенже ұлы Қожамжар бидің ұлағатты істерін ұлықтап өтті.
«Алла ризалығына жетелейтін амалдар көп. Соның ішінде сауабы мол бір жол бар. Ол – мешіт салу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері» деген.
Мешіт – мұсылмандар үшін тәлім мен тәрбиенің ордасы. Бұл орын мұсылман баласының Алла Тағаладан дұға-тілегін сұрап, пенделік қателіктеріміз үшін кешірім мен тәубеге келер мекен. Бүгінгі осынау сауапты іске демеу білдірген бауырларымызға Алла Тағала жәннатта бұдан да қайырлы үй тұрғызуын нәсіп етсін. Осы ауылдың жамағатына бұл құлшылық үйі берекелі болсын дегім келеді. Құтты болсын! Рамазанға аман есен жетіп, мол сауапқа кенелуді Алла Тағала баршымызға нәсіп етсін!
«Түркістан өлкесінің тарихы тереңде жатыр. Оның ішінде Төлеби ауданынан талай тұлғалар шықты.Соның бірі Төле би бабамыздың ісін жалғастырушы, туы мен мөрін ұстаған, елге басшы болған Қожамжар би. Бабамызды ұлықтап жатқан ұрпағы ұлағатты іс көрсетіп, сауапқа кенеліп жатыр. Рамазан айының қарсаңында ашылған мешіт жамағатқа толсын, жамағаттың ауызбіршілігі мол болсын» деп Бас мүфти өзінің игі тілегін жеткізді.
Ашылу рәсімінде аудан әкімі Төлеген Телғараев, жергілікті ақсақалдар сөз алып, құтты орданың қуанышына ортақтасты.
Салтанатты шара барысында ҚМДБ Төрағасы елдімекенге мешіт тұрғызған Данияр мен Бақтияр Жартыбаевқа, Сейітжамал Пакеев пен Нұржігіт Жолдыбаевқа алғыс хат табыстады.
Жаңа мешіттің жалпы көлемі – 200 шаршы метр. Бір мезетте 200 адам намаз оқи алады. Сондай-ақ мешіт ауласында имамның қызметтік үйі, асхана, әйелдерге арналған намаз оқитын орын қарастырылған. Төлеби ауданы бойынша 61-ші болып тіркелген мешіт құрылысы толық бір жылда аяқталыпты. Айта кетейік Шұбарағаш ауылында бұған дейін құлшылық үйі болмаған.