ҚАРТТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТІЛДІ

Қазан – қамқорлық айы. Қарттар мен мүгедектерді қолдауға бағытталған айлық аясында «Қызылжар» орталық мешітінде де біраз игі істер атқарылды. Қасиетті жұма күні  Смирнов ауылындағы қарттарға арналған интернат үйінде тұрып жатқан жалғызбасты адамдар шақырылды. Арнайы келген меймандармен  бас имам Кенжетай қажы Дүйсенбай кездесіп, оларға мұсылман дінінің артықшылығы туралы айтып, діни тақырыпта әңгіме қозғады. Соңында көңілі жадау жандарға ізгі тілегін арнады.

Интернат мекемесінің тұрғындары Алланың үйіне алғаш рет келіп тұрған жоқ. Олар бұған дейін де мешітке қонақ болып қайтқан еді. Меймандар тарапынан сөз алған Галина Каменова еліміздегі ұлтаралық, дінаралық татулықтың тұғыры биік екенін айтты. Өзге діннің өкілі болса да, исламды құрметтеймін, деді. Ол мешіт қызметкерлерінің қамқорлығына ризашылығын білдірді.

Одан кейін аға буын өкілдері мешіт ішін аралап, дастарқаннан дәм татты. Кейін облыс орталығының көрікті жерлерін тамашалады.

«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲