Қаламыздағы №20 қазақ орта мектебінде 9-шы сыныптың оқушыларына арналған «Қазіргі Қазақстандағы ислам» деген тақырыпта онлайн түріндегі ашық сабақ өтті. Шараға облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы Хамзат Әділбеков, Дін істері басқармасының бас маманы Әбубәкір Кәрменов, Шет тілдер және іскерлік каръера мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі дінтану факультетінің студенттері Жігер Ерденов пен Гүлмира Бейсенбина қатысты.
Аталмыш ашық сабақ барысында «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы Әділбеков Хамзат Қажымұратұлы ислам дінінің білім саласында алатын орны, мұсылман ғұламаларының білім саласында қол жеткізген жетістіктері, асыл дініміздің ұстанымдары жайында айтып берді.
Сонымен қатар, меймандар онлайн түрінде ұйымдастырылған ашық сабақ тақырыбының маңыздылығына тоқталды.
Жас ұрпақтың діни сауаттылықтарын арттыруға бағытталған шара соңында шәкірттер өздерінің толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі