Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мүбәрак есімі айтылған кезде жүрегімізде нендей сезімдер орнайды?! Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген ерекше құрмет, сағыныш, махаббат жүрегімізді керней ме?! Сол бір нұрлы дәуірге иман исі шыққан қасиетті жерлерге баруға құштарлық сезімі итермелей ме?! Егер жүрегімізді ешбір сезім демеп, сол ұлы тұлғамен бірге болуға жетелемесе онда біздің Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген махаббаттың жоқтығының дәлелі. «Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметіненмін» деп, айтуымыз бекер-ақ…..
Махаббат сөзі айтылған кезде көз алдымызға ең алдымен қыз бен жігіт арасында болатын сүйіспеншілік елестейді. Одан кейін ата-анаға, балаға, сол сияқты жалпы адамдарға деген махаббат туралы ойлаймыз. Кейбір жағдайда адамдардың махаббаты фәни дүниенің алдамшы қызықтарына ауып кетуі де мүмкін. Ондай адамның махаббаты тек шетелдік маркадағы автокөлікті иемдену немесе соңғы технологиялардың даму жетістігі нәтижесінде шыққан планшет, соңғы үлгідегі телефонға құмарлықпен шектелуі мүмкін. Сондай-ақ басқа бір адамдарға, тіпті өзі мүлдем көрмеген пір тұтар тұлғаларға деген махаббат болуы ықтимал. Кейбіреулер өзі пір тұтқан адамның киім кию, тамақ ішу талғамдарын, туған күндерін біліп, жүріс тұрыстарын қадағалап, соларша киініп, соларша өмір сүруге тырысады. Мұндай махаббаттың дүниелік те, ақыреттік те пайдасы жоқ екенін біле бермейді. Кез келген адам үшін өмірлік пір тұтар адам таңдарда оның өмірлік тәжірбиесі, әмбебаптылығы ескерілгені жөн. Сондай-ақ оның рухани байлығы адамгершілі кіршіксіз тазалығы ерекше орынға ие. Міне бұл сипатқа адамзатқа рақым етіп жіберілген, тәрбиешісі Аллаһ тағала болған Мұхаммед (с.ғ.с.) ғана лайық. Әлем сахнасында көптеген ұлы тұлғалар биік белестерден көрінген. Бірі өзінің өнерімен жұртты тәнті етсе, енді береулер өзінің күшімен, озбырлығымен әлемді аузына қаратқан. Енді біреу ғылым-білім жолында бүкіл өмірін сарп етіп, әлемнін дамуына өз үлесін қосса, басқа біреулер қолына қалам алып, ғасырлар бойы сыр шертер дастан жырлар қалдырған. Алайда олардың ешқайсысының өмірбаяны біздің дәуірімізге дейін толыққанды жетпеген. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны болса, әртүрлі тұстарынан кеңінен талқылануда. Оның балалық шағы, анасынан ерте айырылуы, сауда жасаудағы адалдығы, жастайынан сыншылдығы, құмар ойындарына жоламауы, оған уахи түсуі, алғашқы мұсылмандар, ислам жайғандағы қиыншылық жылдары, соғыстары, басқа дін өкілдерімен қарым-қатынасы, ислам мемлекетін құруы, осы тақырыптарда жеке-жеке үлкен еңбектер жазылған. Тіпті осы уақытқа дейін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір әрбір тұстарынан сыр шертер тың тақырыптар көп. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сәтте қамқор әке, мейірімді күйеу, әділ қолбасшы, қарапайым мұсылман болып барлық көркем мінезді өз тұлғасынан таныта білген. Бұл қасиеттер біздің бойымызда бар ма?! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінің әрбір тұстарынан мысалға келтірейікші:
– Адамдардың ішінде жанұясына ең мейірімді адам еді. Хадис шарифте айтылғандай: (Сендердің қайырлыларың – жанұяларыңа қайырлы болғандарың, мен өз жанұяма ең жақсы қараушымын) деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үй жұмысында «мынау еркектің жұмысы, мынау әйелдің жұмысы» деп бөлмейтін, өз киімін өзі жамап, ешкіні де өзі сауатын. Әйелдеріне мейірімділікпен рақымдылықпен қарайтын. Айшаны шақырғанда «ия Айш» немесе «ей Абу Бакірдің қызы» деп еркелетіп шақыратын.
– Адамдардың ішінде ең әділі еді. Аллаһтың үкімін барлығына бірдей мансабына, байлығына қарамай жүргізетін. Құранның мына аятына амал жасайтын: (Әй мүміндер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, Алла үшін айғақ болыңдар; бай немесе кедей болса да. Өйткені, Алла екеуіне де тым жақын (Олардың халін біледі). Ендеше әділдік істеңдер, нәпсіге ермеңдер. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шексіз Алла не істегендеріңді толық білуші.)
– Сөйлегенде байыппен ойланып сөйлейтін. Әрбір сөзі мірдің оғындай көкейге қонымды, естуге жағымды еді.
– Балаларға өте мейірімді еді. Сахабалардан Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) немерелері Хасан мен Хусейн үшін пайғамбарымыздың “дүниедегі екі райханым менің” дегенін, Әнәс ибн Малик Расулаллаһтың оларды бауырына басып, иіскеп, оларға дұға оқитындығын айтқан. Усама бин Зейд (р.а.) болса “Расулаллаһ мені бір тізесіне, Хасанды екінші тізесіне отырғызып, екеумізді де бауырына бірдей қысып “Иә, Раббым! Менің бұларға мейіріммен қарағанымдай сен де бұларға мейіріміңді төге гөр!” деп пайғамбар сүйіспеншілігінің тек қана өз немерелеріне ғана емес, басқаларға да білдіретін. «Кішкентайларымызға мейірімділік танытпаған бізден емес» деген хадисі кішкентайларға мейірімді болуға шақырады.
– Қызметшілеріне мейірімділікпен, түсіністікпен қарайтын. Анастан келген хадисте: «Пайғамбарымызға он жылдай қызмет жасадым. Ешқашан маған бір ісім үшін жекіп ұрысқан емес» – деген.
– Адамдардың ішінде ең мейірімдісі еді. Аллаһ тағала Құран кәрімде: «Біз сені әлемдерге рақым етіп жібердік» – дейді.
– Ол (с.а.у) өте қарапайым еді. Қарапайымдылығы сондай оның отырған орнына, киген киіміне қарап ажырату мүмкін емес болатын. Өте қарапайым өмір сүретін.
Кемелділікке ұмтылушы әрбір адам үшін пайғабарымыздың (с.ғ.с.) өмірінің әр тұсынан бір ғибрат бар. Хадистерде келгендей «Адам сүйгенімен бірге» демекші кімді сүйсек, сол адаммен қиямет күні бірге тіріледі екенбіз. Ал егер Пайғамбарымызбен бірге болуды қаласақ, міндетті түрде оның сүннеттерін орындауымыз керек. Әрбір әрекетімізде Пайғамбарымыздың сүннетіне сәйкес амал істесек керек. Міне сонда бізге құтылу бар, міне сонда ғана бізге жәннат нәсіп етеді. Аллаһ бәрімізді жәннат иелерінен қылғай! Әмин!
<div class="clearfix"></div>