Рамазан айында  Құран оқудың артықшылығы

Рамазан – адам баласына тура  жолды нұсқаушы,  жақсылық пен жамандықты, халал мен харамды ажыратушы, Алла Тағаланың соңғы кітабы Құран кәрім түсіріле бастаған қасиетті ай. Алла Тағала Құранда бұл жайлы:

«Рамазан – адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілген ай»[1]деген.

Құранды  оқыған, не болмаса жай ғана тыңдаған адамның өзі оның құдіреттілігін сезінетін болса, қасиетті кітаптың мағынасын түсінген жанның қандай сезімде болатынын айтпаса да түсінікті. Құран кәрімді оқу – ең абзал ғибадаттардың бірі, Ұлы Алла Тағалаға жақындаудың бір жолы. Бұл кітаптың әрбір әрпінде шексіз сауаптар бар. Жай оқығанның да, мағыналарына ой жүгіртіп оқығанның да бұл жақсылықтардан несібелері болмақ. Аллаһ Тағала Құран мазмұнына бүкіл ғылым атаулының негіздерін сыйғызды. Онда үкімдер, шариғат талаптары, мысалдар, өнегелер, аспан әлемінің жүйесі, тағы басқа көптеген мәселелер керемет дәлдікпен берілген.

Кез келген уақытта Құран оқу мұсылман үшін шарапатты амалдардың қатарында, ал қасиетті Рамазан айында оқу сауапты одан бетер еселей түседі. Оған Құранда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде көптеген дәлелдер бар. Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде айтады:

«Әрине Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар, еш түгемейтін бір сауда (сауап) үміт ете алады»[2].

                   Басқа бір аятта:

         «Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар әрі тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер»[3]. Сондай-ақ:«(Мұхаммед Ғ.С.) сен қашан Құран оқысаң сенімен ақыретке сенбегендердің арасына көмес бір перде жасаймыз»[4] деген.

         АлПайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбарак хадисінде:

«Кім Құран оқудың шебері болып, (оны әдемілеп) оқыса, ол абыройлы және ізгі жазушылармен (періштелер) бірге болады, ал кім Құранды ежелеп оқып, сонысымен қиналатын болса, онда оған екі сауап бар»[5] деп айтқан.

Құранның кез келген аятын оқу шексіз сауаптарға кенелтетінін ескерсек, қасиетті кітапты түгелдей оқып, хатым түсірудің сауабы одан сайын еселе түспек. Тіпті Құран оқыған адам үшін әрбір әрпіне сауап жазылады. Ол жайында сахих хадисте: «Кімде-кім Құранның бір әріпін оқыса, оған сол үшін сауап жазылады, ал сауаптар он еселенеді, «алиф ләм мим» бір әріп деп ойлап қалмаңдар,  әлиф бір әріп, ләм бір әріп, мим бір әріп»[6].

Басқа бір хадисте Құран кәрімнің қиямет күні шапағатшы болатыны жөнінде айтылған: «Құран оқыңдар, шын мәнінде ол қиямет күні шапағатшы болады»[7].

Ал Құран хатым түсіру тәртібіне келер болсақ, оның ең ұзақ мерзімі немесе ең қысқа мерзімі деген нақты белгілері жоқ. Дегенмен хадистерде тым созбауға шақырады, өйткені ол Құранға деген немқұрайлыққа апаруы мүмкін. Сол секілді тым асығыстыққа да шақырмайды, өйткені өте тез оқу аяттардың мағыналарының өзгеруіне апаруы мүмкін және Құранның мағыналарына терең үңілу қиынға соқтырады. Алайда көптеген хадистерде ең ұзақ мерзім бір ай, ең қысқа мерзім үш күн абзал екені келген. Хатым жасағаннан кейін арнайы бекітілген дұға жоқ. Көп жағдайда Құран аяттарында сахих хадистерде бекітілген дұғалармен  Құран хатымды тамамдайды. Құран хатым жасарда қасиетті уақыттарды әсіресе жұма күнін ескерген абзал.

Қасиетті айда облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде де Құран хатым түсіріліп, оған ниеті бар адам қатыса алады. Сондай-ақ Рамазан айында күнделікті оқылатын тарауық намаздарда да Түркия елінен арнайы шақыртылған қари Құран хатым оқиды.

Құран хатым оқыған кезде мән беретін тұстар:

1) Құран оқуға ниет еткен адам тек ғана Алланың разылығы үшін оқуы керек. Құран оқушы адам тән тазалығына, жүрек тазалығына мән бергені абзал.

2) Дәретті болып, таза жерде құбылаға қарап оқығаны абзал. Құранда: «Оны тап – таза болғандар ғана ұстайды»[8], делінген.

3) Құран кәрімді оқитын кезде Әғузу және Бисмилләні толық айтып бастау керек!

4) Мағынасын түсінсе де, түсінбесе де байыпты көкірегі ояу болуы ләзім.

5) Құран кәрім оқыған кезде бойында рия,  мақтану болмауы керек, және басқа біреуге кедергі жасамайтындай болу керек.

6) Құран кәрімді тәжуидке сай және әдемі дауыспен оқу ләзім. Өйткені Алла Тағала: «Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы»[9], деп Құран кәрімді ережемен оқуға шақырады.

Иә, Құран адамзат баласын екі дүниеде бақытқа жетелейтін иләһи заң, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Құран соңғы пайғамбарлықтың дәлелі, мүмін жүрегінің шипасы. Сөзімді Аллаһтың мына сөзімен тамамдағым келеді:

«Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, кеудедегілерге (жүрек) шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет болып құран келді»[10] .

Алла Тағала баршамызға Құран кәрімді өмірлік нұсқаушы етіп, сауабын екі дүниеде де көруімізге нәсіп еткей!

Облыстық «Қызылжар» орталық

мешітінің ұстазы

Әділбеков Хамзат

 

 

 

[1] Бақара сүресі, 185-аят

[2] Фатыр сүресі, 29-аят

[3] «Ағраф» сүресі, 204-аят

[4] Исра сүресі 45-аят

[5] Муслим хадистер жинағы

[6]Тирмизи хадистер жинағында

[7] Табарани хадистер жинағында

[8] Уақиға сүресі,  79-аят

[9] Мүзаммил сүресі, 4-аят

[10] Юнус сүресі,  57- аят

Return to Top ▲Return to Top ▲