“Нұр-Мүбарак” қайта даярлау институты екінші түлектерін әзірлеуде (ФОТО)

“Нұр-Мүбарак” университетінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 20 имам экстремизм мен терроризмге, жат ағымдармен күрес мәселелеріне қатысты арнайы дәрістер алуда. Бұл Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының екінші түлектері болмақ. 

Экстремизм қазір әлемді алаңдатқан аждаһаға айналды. Ұлтты да, елді де, жерді де талғамайтын бұл індеттің бейбітшілік діні Исламның атын жамылатыны өкінішті әрі қауіпті. Өкініштісі, жалпы жан біткенге қиянат жасауға тыйым салатын Ислам рухымен қайшы келетін бұл өтірікке сенетіндер аз емес. Ал қауіптісі, діннің ақиқатын, басты қағидаларын білмей қақпанға түсетін көбіне мұсылмандардың өздері. Сондықтан қазіргі қарусыз күрес күшейген заманда жалпы қоғамның ислами сауаттылығы аса маңызды факторлардан. Сол себепті мемлекет тапсырмасымен “Нұр-Мүбарак” университетінде осы оқу жылы басында ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен сол кездегі ҚР МСМ Дін істер комитетінің өкілі Балғабек Мырзаев келіп “Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының” ресми түрде ашылуын жариялаған болатын. Өткен қыркүйек айында ашылған институтта дәріс алған алғашқы 20 түлек ел арасына етене араласып үлгерді.

Екінші маусымға жиылған жаңа топ та білімдерін жетілдіріп қана қоймай, кәсіби саламен қатар сөйлеу шеберліктерін, жамағатпен жұмыс істеудің заманауи тәсілдеріне де машықтандырылуда. Бұл интситутқа “Нұр-Мүбарак” университетінің білікті ұстаздарымен бірге әр саладан білімі мен білігі ұштасқан ғалымдар дәріс беруде.

“Нұр-Мүбарак” унеиверситетінің баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲