«НҰР» МЕШІТІ 50 БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ ДАЯРЛАДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрамына кіретін еліміздің барлық мешіттері республикалық «Мектепке жол» акциясына үлес қосуда. Петропавл қалалық «Нұр» мешіті де қолы ашық азаматтардың қолдауымен  50 оқушыға мектепке қажет жабдықтар алуға қаржы берді.

Негізінен көп балалы отбасында тәрбиеленіп жатқан, жетім және мүмкіндігі шектеулі балалардың әрқайсысына 15 мың теңгеден берілді. Кейбір отбасылардың төрт баласы бірдей мектепке барады екен. Ата-ананың олардың бәрін жаңадан киіндіруге жағдайы келе бермейді. Сондықтан мешіт атынан берілген көмекке олар дән риза екендерін жеткізді.

 – Қамқор азаматтардың бірі балаларды мектепке даярлауға мешіт атынан көмек көрсету үшін 750 мың теңге аударды. Алла разылығы үшін істеліп жатқан іс болғандықтан атын атамауды өтінді. Балаларына нақты не қажет екенін ата-аналардан артық ешкім білмейді. Біз алсақ киімнің өлшемдері де келмеуі мүмкін. Сондықтан құрал-жабдықтар мен киім-кешекті өздері сатып алсын деп ақшалай беруді ұйғардық. Әлеуметтік жағдайы төмен балалардың тізімін білім бөлімінен алдық. Петропавл қаласы ғана емес, аудандардан да көмекке мұқтаж адамдар келуде, деді «Нұр» мешітінің бас имамы Әбілхан қажы Балтаұлы.

 Кездесу соңында имам балаларға сабақтарын жақсы оқып, ата-аналарының үміттерін ақтау қажеттігін айтып, ақ батасын берді.

Петропавл қалалық «Нұр» мешітінің баспасөз қызметі

 

Return to Top ▲Return to Top ▲