МӘУЛІТ ЖЕТІМДЕР ҮЙІНЕ ҚУАНЫШ ӘКЕЛДІ

Петропавл қаласындағы «Нұр» мешітінің имамдары мен жамағаты Мәуліт мерекесінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған отбасылық үлгідегі жетімдер үйіне сый-сияпат жасады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мұсылмандарды жетім көрсе жебеп жүруге шақырғаны белгілі. Өкінішке қарай бүгінгі қоғамда әке-шешесі бола тұра жетім атанғандар да баршылық. Әртүрлі себептермен ата-ана болу құқығынан айрылған сәбилер де Петропавл қаласындағы отбасылық үлгідегі жетімдер үйінде тұрып жатыр екен. Отбасылық үлгіде деп аталатын себебі мұнда балалар топқа бөлініп, шағын отбасы болып өмір сүреді. Мекеменің басшысы Арыстан Әкімжановтың айтынша, бүгінде 33 бала төрт отбасыға бөлініп жайғасыпты.  Бір отбасы тек қазақ балаларынан құрылған екен, ең тәртіпті, үлгілері де солар көрінді.

«Нұр» мешітінің бас имамы Әбілхан қажы Балтаұлы жетімдер үйінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірі жайлы әңгімелеп берді. Жастайынан жетім қалған бейкүнә сәбилер мерекемен құттықтай келген жылы жүзді қонақтармен қуана-қуана тілдесті. Балалар  әңгімеге араласып, мұсылман мерекелері жайлы білетіндерін де ортаға салды.

Кездесу соңында имам балалар үйі тәрбиеленушілеріне жеті кілем тарту етті. Жатын бөлмелердегі еденге төселген ковралан көне тартқан екен, енді жаңа кілемдер балғындардың аяғы тоңбай жылы жүруіне сеп болмақ. Сондай-ақ, Мәулітті кең дастархан басында емен-жарқын қарсы алсын деген ниетпен мешіт жамағаты сатып беріп жіберген жеміс-жидек пен әртүрлі тәттілер де берілді. Балалар үйінің директоры мешіт имамы мен жамағатына ризашылық білдіріп, алғысын жеткізді.

 

Ербақыт Амантайұлы,

журналист

Return to Top ▲Return to Top ▲