МЕРЕЙЛІ МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ

 Адамзаттың ардақтысы, соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.)  арналған,  мұсылман баласы үшін мерейлі Мәуліт мерекесін атап өту үшін  Қызылжардың қалың  жұртшылығы облыс орталығындағы Н.Погодин атындағы орыс драма театрына жиналды.

Мерейлі шара өз шымылдығын  қасиетті Құран Кәрім аяттарымен ашылды. Екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз(с.ғ.с) ның өмірге келген күнін мерекелеуді, оған салауат айтып, сансыз  сауап жинауға келген бір төбе жамағатты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Байкемелұлы, облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев құттықтады.

– Ислам дінінің уағыздайтыны – имандылық, адамгершілік, адалдық және тазалық. Көздейтін мақсаты –  елдің тыныштығы, халықтың бірлігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  баршамыздың ортақ Отанымыз  – байтақ Қазақстанның осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерінің, бағындырған биіктерінің басты себебі – бірлік деп атап көрсетті.  Осынау шапағаты мол шуақты  Мәуліт күні  баршамызға Алланың нұры жаусын, – деді Мұхтар Наурызбайұлы.

Содан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан сөз алған Нұр Мүбарак университетінің бөлім басшысы Рақымжан Әкімбеков пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)нің өнегелі өмірінен өсиет айтып, ислам  дінін таратуда көрсеткен көркем мінез-құлқы жайлы баяндады. Ақмола облысының өкіл имамы Қанат Қоянбекұлы Қыдырмин  қызылжарлықтарды Мәуліт мерекесімен құттықтады.

Шара барысында есімі елімізге белгілі әнші, сазгер Құрмаш Маханов діни тақырыпта әндер  орындаса, облыстық филармонияның әншісі Біржан Есжанов шырқаған “Жігіттерге өсиет” термесі жиналғандардың қошеметіне бөленді. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері сахналаған  Пайғамбармыз (с.ғ.с) өмірінен  көрініс  жиналғандардың жанарына жас үйіріп, мерекенің мағынасын аша түскендей болды.

Мереке соңында Алланың жердегі үйінде барша мұсылмандарға және облыс орталығының ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға мерекелік дастархан жайылып, ас берілді.

DSC05756  DSC05710  DSC05706  DSC05720 DSC05744DSC05737 DSC05662 DSC05748 DSC05753 DSC05750 DSC05747 DSC05727 DSC05529 DSC05542 DSC05622 DSC05615

 

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

 

Return to Top ▲Return to Top ▲