Аман- саулық сұрасып, күнделікті жүзбе -жүз кездесіп, етене араласып жүретін кісілеріміз – көршілер. Күнделікті өмірде әркімнің-ақ көршіні қажетсінетіні рас. Өйткені бір нәрсе қажет болып жатса немесе басыңа бір іс туа қалса ең алдымен көршіге көмек сұрап жүгіреміз. Ислам дінінде көршімен сыйластықта болудың орны бөлек.
Бұл туралы қасиетті Құранда: “Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туысқандарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын көршіге, алыс көршіге, жақыныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыларға, қолдарыңа қарағандарға (қызметшілерге) жақсылық жасаңдар. Аллаһ дандайсыған тәкәппарларды жақсы көрмейді” [1]- делінген. Кімнің қанша ғұмыр кешетіні тек Аллаһқа мәлім.Сол қамшының сабындай қысқа ғұмырда ел-жұртпен, ағайын туыспен тату-тәтті өмір сүріп, маңайыңдағыларға жақсы көрші бола білу керек. Кей кездерде көрші арасында түсініспеушілік туып, бір-бірімен айқайласып, жұдырықтасып жататындар да кездеседі. Жақсы көрші бола білу көңілдің әрін, өмірдің сәнін келтіріп, үлкен сыйластыққа ұласып, тіпті алыс туысыңнан да жақындай түседі..Пайғамбарымыз (с.ғ.с) “Аллаһ есебінде достардың ең жақсысы – досыңа ең қайырлы, пайдалы болғаны. Аллаһ есебінде көршілердің ең жақсысы – көршілеріңе ең қайырлы болғаны”[2] – деген екен. Ата-бабамыздың нақыл сөздерінде “Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй салмас бұрын көршіңді ойла” [3] -деп, көршінің маңызды екенін айтып кеткен. Мұсылман адам көршімен арадағы сыйластыққа қатты мән беруі тиіс. Ол үшін көршіні сыртынан жамандауға, зиян келтіретін әрекеттерді жасамауға, тырысу керек.
Аллаһ Елшісі (с.ғ.с) былай деп айтқан екен: «Кімде-кім Аллаһқа сенетін болса, көршісін ренжітпесін». Сол себепті дана халқымыз ”Көрші ақысы – тәңір хақысы”,деп те, бекерге айтпаса керек.
Әбу Ханифаның өмірінен кездескен мына бір мысалда: «Имам ағзам Әбу Ханифаның маскүнем бір көршісі бар еді. Күнде дабырлап сөйлеп, жанұясына жан-жал шығарып, имамның мазасын алатын. Сол жігіт бірде абақтыға қамалады. Имам мән-жайды білгенде, қаланың әкіміне жолығып, көршісін босатыпты. Екеуі бірге қайтып келе жатқанда, қылығынан ұялған жігіт ”Өзіңізге жамандығы болмаса, жақсылығы жоқ адамды неге босатып әурелендіңіз?” –деп, сұрапты. Сонда үлкен парасат иесі имам: “Жігітім, сен қандай адам болсаң да, менің көршімсің. Көршіге жақсылық жасау мұсылманның міндеті. Мен өз міндетімді ғана орындадым. Қайта кешірек естіп, кештеу қамдандым ба деп өкінемін,”-деп жауап беріпті. Кейіннен әлгі жігіт тәубаға келіп, имамның шәкірті болған деседі…» Бұл мысалдан ойға түйетініміз көрші ақысы көршіге жақсылық жасаумен ғана өлшенбейді. Керісінше маңайындағы көрші қолаңға әрдайым жақсылық жасап, сыпайы мінез таныту, кездескен жерде амандасу, қуанышына ортақтасып, қайғысын бөлісу, ауырса хал -жағдайын сұрау, сапарға шықса үй-ішіне бас-көз бола білу, міне, осының бәрі көрші ақысына жатады.
Жаратушы Иеміз жаратқан пенделеріне түрлі сынақ жіберіп пендесін сынайды екен. Барға қанағат, жоққа сабырлық таныта білген де жөн. Көрші арасында ұрысқа жол бермей сабыр танытсақ, түсінушілік білдірсек татулығымыз нығайып, бауырмашылдыққа жол бергеніміз. Аллаһ баршамызға екі дүниеде де жақсы көршілерді нәсіп етіп, ақыретте де сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (с.ғ.с) көрші болуды барша мұсылманға нәсіп етсін! Әмин!
Пайдаланған әдебиеттер
1.Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. Ауд: Халифа Алтай.
2.Имам Әл Бухаридің хадистер жинағы.
3.Мақал-мәтелдер жинағы.
4.Имам Ән-Нәуәуидің 40 хадис жинағы.