ҚМДБ-ның бөлім меңгерушісі Б.Бейсенбаев, Нұр-Мүбарак универсететінің проректоры Ш.Керім, Әбу Ханифа ғылым зерттеу орталығының директоры А.Әділбаев іс сапар аясында Кония мүфтиятына келді. Қонақтарды аймақ мүфтиі, доктор, профессор Али Акпинар қабылдады. Ол өзі басқаратын мүфтияттың тыныс тіршілігі, аймақтағы діни уағыз жұмыстары мен оқу-ағарту істері туралы мәлімет беріп, мүфтиятта 80 қызметкер жұмыс атқаратындығын, оның отызының жұмысы тек уағыз-насихат айту екендігін, мешіттер саны бойынша Түркия Республикасындағы Стамбулдан кейінгі орынды иеленіп, жалпы 3000 мешіті, 5000 (бес мың) имамы бар өлке екендігін айтты.
Делегация Кониядағы Хасеки академиясында болып, оның конференция залында оқу орнының басшылары, мұғалімдері және барлық студенттерімен кездесті. Кездесу барысында профессор Шамшәдин Керім Қазақстанның білім жүйесінде жасалып жатқан соңғы кездегі реформалар, еліміздегі діни ислами оқу жүйесінің дамуы, Нұр-Мүбарак университетінің орны жайлы баяндады. Одан соң оқу орнындағы ҚМДБ-ның жолдамасымен келіп білімін жетілдіріп жатқан жиырма үш шәкіртпен арнайы жолығып, қал-жағдайларын, толғандырған мәселелерін тыңдады.
Кездесу барысында қаладағы Селжүк университетінің ректоры, профессор Хаққы Гөкбел мырзаның қабылдауында болып, аталған оқу орнымен Нұр-Мүбарак университетінің арасында өзара ынтымақтастық байланыс орнатуға келісіліп, меморандумға қол қойылды. Шаһардағы тағы бір үлкен оқу орны, «Исламтану» мамандарын дайындайтын Нажмеддин Ербақан университетінің ректоры профессор, доктор Мұзаффар Шекермен де кездесу болды. Ректор меймандарды университеттің құрылымы, мамандықтары және жаңа салынып жатқан университет қалашығы турасында хабардар ете келіп, оның жаныннан бой көтеретін мешіттің жобасын көрсетті. Аталмыш оқу орнында әр түрлі мамандықта тәлім алып жатқан қазақстандық 46 жерлесіміз бар екен, олардың санатында докторанттар да бар. Білім саласындағы бұл байланыс әрі қарай күшейтуге, діни білім саласында тәжірибе алмасу жайында ортақ келісімге келді. Аталған оқу орны мен Нұр-Мүбарак университеті ынтымақтастық меморандумға және «Мәулана» халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша келісімге қол жеткізілді.
muftyat.kz