Қазақ халқының Пайғамбарымызға (ﷺ) деген сүйіспеншілігі

Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) жібектей жұмсақ, сүттей ақ, судай мөлдір баға жетпес мінез-құлқы, таудай заңғар данышпандығы мен теңіздей терең ақылдылығы он төрт ғасыр бойы үмбетін өзіне тәнті етіп келеді. Оның сәт сайын саны артқан үмбеті Оның өнегелі өмір жолын, мінез-құлқын «қасиетті сүннет» деп ұстануда. Оның жақсылыққа бастайтын темірқазық іспеттес әрбір сүннетін ұстану арқылы Оған деген сүйіспеншіліктерін іс жүзінде дәлелдеуде.

Осы көштің жолында, «Хаққа құл, расулға үмбет әзелден біз», – деп мұсылман екенін мақтан ете отырып, жырға қосқан қазақ халқының да Хақ пайғамбарға деген сүйіспеншіліктері шын жүректен әрі уыздай пәк еді. Халқымыздың ғасырлар бойғы жүрек үнін паш еткен өлең-жырларына үңілсек, олардың Алла Тағаланың:  «(Уа, Мұхаммед, оларға айт:) «Егер Аллаһты жақсы көрсеңдер мені үлгі етіп алып, соңымнан еріңдер, сонда да Алла Тағала сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Алла Тағала тым кешірімді, әрі аса Рақымды», – деген бұйрығына бас игендігін көреміз. Демек, Алланы сүю – Пайғамбарды сүйіп, оның салған тура жолымен жүру деген сөз. Оның ізі – Алла Тағаланың ризалығына алып баратын ең тура бағыт. Оның ізі – бақыттың жолы. Қазақ халқы осыны жан-тәнімен ұғынып былай деген:

– Бақыт қайда барасың?
– Үйінде тұрған Құраны,
Расул Алла ұраны,
Тәртіпті үйге барамын.

Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымызға арнап:

«Шындығында сен тұп-тура жолды, Алланың жолын көрсетудесің!», – дейді.

Осы шұғылалы жолмен қазақ халқы да жүріп, жөн сілтеуші Пайғамбарын шын жүректен шыққан жырларына қосқан.

Жалпы, Ислам әдебиетінде үмбеттің хазірет Пайғамбарға (ﷺ) деген сүйіспеншілігінен, құрметінен туындаған жанрлар көп. Мысалы, сүйікті Пайғамбарымыздың(ﷺ) есімдері жайлы «әсмаун-Нәби», өмірбаянын қамтыған «Сира» кітаптары, туылған күніне арнап шығарылған мәулід жырлары бар. Сондай-ақ оның басынан өткен әрбір оқиғаның өзі мұсылман әдебиетінде жеке бір жанрға айналған. Мысалы: «Мираж-наме» (Пайғамбарымыздың миражға шығуы), «Муғжизат Нәби» (Пайғамбарымыздың мұғжизалары), «Ғазауат Нәби» (Пайғамбарымыздың қатысқан жорықтары), «Хижрәтун-Нәби» (Пайғамбарымыздың хижреті), «Ахлақун-Нәби» (Пайғамбарымыздың мінез-құлқы) және тағы да басқа тақырыптарда туындылар жазылған. Сондай көркем жанрлардың бірі – нағыт (на‘т). Нағыт (арабша-на‘т) – бір адамды бойындағы ерекшеліктері мен қасиеттерін мадақтай отырып сипаттау деген мағынаны білдіреді. Діни әдебиеттегі терминдік мағынасы – Әз. Мұхаммедті (с.а.с) мадақтау, мақтау мақсатымен жазылған әдеби шығармалардың жалпы аты. Бұл жерде ескере кететін бір жәйт, Әз. Пайғамбардың(ﷺ) тысындағы адамдарға арналған жырлар мадақ жырлары деп аталып жатса, тек қана Әз. Пайғамбарға (ﷺ) арналған мадақ жырлары “нағыт” (на‘т) деген атқа ие болған.

Түркі халықтарындағы бұл жанр бастауын араб әдебиетінен алады. Әз. Мұхаммедтің (ﷺ) көзі тірісінде оған арнап мадақ жырлары жазылған. Тіпті осы нағыт сипатындағы алғашқы өлеңнің ол дүниеге келмей тұрып 7 ғасыр бұрын жазылуы да бұрын-соңды болмаған нәрсе. Йемен патшасы Әбу Кәриб әл-Химиари сол кездегі ғалымдардан Інжіл мен Тәуратта соңғы пайғамбар Әз. Мұхаммедтің (ﷺ) келетіндігі жайлы жазылғанын естіп, оған мадақ жырын арнаған. Осы пайғамбардың Алланың елшісі екенін, оның кезеңіне дейін өмір сүрсе оған мойынсұнатынын  жазып кеткен.  Кейіннен сахаба Әбу Айиуб әл-Әнсаридің қолына келіп жеткен осы хат Әз. Пайғамбарға  ұсынылған. Бұл  оқиғаны қазақ ақыны Шәді Жәңгірұлы да “Назым сияр шариф” атты кітабының “Табим Хамри оқиғасы” деген бөлімінде қазақ тілінде әсем баяндаған.

Мұсылман әдебиетінде Әз. Мұхаммедтің (ﷺ) көзі тірісінде Ағша мен Кағыб бин Зухейрдің жырларында нағыттың алғашқы тұлғалары көрінсе, Хассан бин Сабит, Абдуллаһ бин Рауаха, Кағыб бин Малик, Амир бин Синанил-Әкуа сияқты “Шуараун-нәби” (Пайғамбар ақындары) деген атаққа ие болған араб ақындары осы тақырыпта қалам тартқан. Араб әдебиетінде бұл жанр х. 4 ғасырда шыңдауына жеткен. Классикалық парсы әдебиетінде болса Хакім Сәнаий, Низами, Фаридуддин Аттар, Ширази, Әмір Хусрау-и Дихлауи және Молла Жами осы жанрда өте жарқын шығармаларын жазған.

Бұл жанр түркі халықтары әдебиетінде де кең тараған. Біздің қазақ әдебиетінде арнайы жанр ретінде өз алдына дамымағанымен, ақын-жырауларымыздың өлең-жырларында Пайғамбарымызға (ﷺ) айтылған мадақтар көптеп кездеседі.

Қазақ әдебиетінің алғашқы мұраларына көз жүгіртер болсақ, Әз. Пайғамбарға (ﷺ) алғаш мадақ жырын жазған күллі мұсылман-түркі халықтарына ортақ Жүсіп Баласағұн екенін көреміз. Мұсылман-түркі әдебиетінің алғашқы үлгісі болып саналатын  “Құтадғу білік” атты кітабы арқылы ол Әз. Мұхаммедті (ﷺ) халқына танытып, сүйдіруді мақсат тұтқан. Ол  Алла елшісінің (ﷺ) мінезінің көркемдігін, адамзатқа жіберілген шырақ екендігін және үмбетіне деген сүйіспеншілігін айта келе, оның жолының есендікке жеткізетінін тілге тиек етеді. Жүсіп Баласағұн шығармасында Әз. Пайғамбарды “Расулаллаһ” (Алланың елшісі), “Хабибуллаһ” (Алланың сүйікті құлы), “Хатәмул-әнбия” (пайғамбарлардың соңғысы) деген сипаттармен мадақтаған.

Пайғамбарымызға (ﷺ) арналған шығармалардың бәрінің ең басты мақсаты авторлардың оған деген сүйіспеншіліктерін паш етуі, халықты ол жайлы мәліметпен сусындату болса, жанама мақсатында осы еңбектері арқылы Алланың ырзашылығына бөлену мен Әз. Пайғамбардың (ﷺ) шапағатынан үлес алу ниеті жатқандығы анық. Міне осындай ниетін Жүсіп Баласағұн жырында былай білдіреді:

Пейіл бұрдым енді оның жолына
Сүйдім сөзін, сендім ділі оңына.
Иләһи! Менің көңілімді күзеткін,
Қияметте пайғамбермен бір еткін!
Қияметте көрсет толық жүзіңді,
Қолымнан демеп, раббым, өткіз өзімді!

Жалпы мұсылман авторлар кез-келген шығармасын жазған кезде “хамдәлә” (Аллаға мадақ) және  “салуәлә” (Пайғамбарға салауат) айтып оны мадақ етіп бастап, одан кейін барып негізгі тақырыптарына көшкен. Осылайша “хамдәлә” мен “салуәлә” мұсылман мәдениетінің символына айналып кеткен. Осы әдісті қазақ ақындары да қолданып отырған. Мысалы ХІІ ғасыр қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ахмет Иүгінеки де осы дәстүрді ұстанып, “Ақиқат сыйы” атты кітабының “салуәлә” бөлімінде хазреті Мұхаммедке (ﷺ) деген сүйіспеншілігін былай жеткізеді:

Ақыл-ойыңа салып, сөзімді аңда.
Ол (Мұхаммед) – тумысынан игі, адамдардың бақыттысы.
(Бүкіл) жаратылғандардың ішінде оған тең келетін (ешкім) жоқ.
(Өзге) пайғамбарлар жарқын жүз (сияқты болса),
Бұл – ол жүзге (жарасып тұрған) көз.
Яки олар – қызыл (шырайлы) бет, ал ол бетке (көрік беретін) мең.
Оны мадақтағанда тілімнің дәмі кіреді.
Оны еске алғанда шекер мен бал (жегендей болады).
Бүгін менен сәлем жетсін, ол ертең
Қол ұшын берушіме қам жегізсін.

Қазақ даласында Исламның таралуына сүбелі үлес қосқан, сопылық әдебиеттің көш бастаушысы Ахмет Иассауи де «Диуани хикмет» атты шығармасында  Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) деген сүйіспеншілігін паш еткен. Тіпті «Диуани хикмет» бейнебір мадақ жыры іспетті. Әрбір парағында Мұхаммедке деген терең махаббатты көруге болады. Оның сүннетімен жүріп, үмбеті болуды мақтан тұтқан Ахмет Иассауи шығармасында жанындай сүйген пайғамбарды “Алланың нұры”, “Алланың досты”, “пайғамбарлардың соңғысы”, “елшілердің мырзасы”, “әлемдердің рақымы”, “әлемдердің мақтанышы”, “қаб-қаусайн бақшасындағы ай”, “адасқандардың жол көрсетушісі”, “Алланың сүйікті құлы”, “жаратылғандардың өзегі”, “адамзаттың асылы” сияқты жоғары сыпаттармен сипаттау арқылы халыққа таныстырады.

“Алла нұры, Алла досты о Мұстафа,

Кімдер үшін келді Расул білдіңіз бе?…” дей отырып одан кейінгі өлең жолдарында пайғамбардың үмбеті үшін көз жасын төгіп, өз өмірін солардың игілігі үшін атағанын білдіре келе Оған үмбет болудың мәнісін терең түсінуге шақырады. Өмірінің соңына дейін “Үмбетім, үмбетім” деп өткен хақ пайғамбардың жолымен жүріп, үлгі алуды насихаттайды.

Алла Тағала Құран кәрімнің бірнеше аятында Мұхаммед пайғамбарды мұсылмандарға үлгі етіп, оны мадақтаған. Мұсылмандық өмірінде Құран кәріммен сусындаған  ақын бабаларымыз рақым Пайғамбарға (с.а.с.) деген сүйіспеншіліктерінен туындаған жыр жолдарына осы аяттарды да негіз еткен. Мысалы:

Жаратты Хабибісін Егем Рахман,
Екі ғалам үстіне Сәруар қылған.
«Уа ма арсәлнака илла рахматән лилғаламин» – деп,
Рахметін өзіменен бірдей қылған, — деген жыр жолында шайыр Әнбия сүресіндегі: «Біз сені ғаламға  рақым етіп қана жібердік» аятты қолданған. Қазақ ақын-жыраулардың Пайғамбарымызға (ﷺ) арнаған өлең жолдарында Құран аяттарын немесе хадистердегі мәліметтерді қолдану көптеп кездеседі. Мұның өзі бізге ата-бабаларымыздың Алла елшісі (ﷺ) жайлы Құраннан және хадистерден оқып үйренгендігін көрсетеді.

Сондай-ақ ақындарымыз тек қана Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзін емес, оның іс-әрекеттері болып табылатын сүннеттерді де жырларына қосқан. Мысалы Әбубәкір Кердері :

“Хақ расул Мұхаммед
Дүниеге келген соң
Дінге халық молықты
Талайын дінге үндеді
Көрсетіп жұмақ-тамұқты.
Расулінің заманы
Ешкімнің қонбас қолына.
Шапағатын ізденіп

Кірелік сүннет жолына,”– деу арқылы “алтын ғасырдың”  (Пайғамбар мен сахабалар ғасыры) қайталанбас шуақты кезең болғанын тамсана жырлап, сахабалар сияқты алтын ғасыр қаһармандары болу үшін ақ пен қараның ара жігін ашып көрсеткен сүннет жолын ұстануға шақырып, қалың жұртқа насихат етіп жырлайды. Осындай мадақтар халқымыздың Аллаһ Елшісіне (ﷺ) деген ыстық лебізінен туындағаны даусыз.

«Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, Мүмин болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ», – деп дарқан даланың дана ойшылы Абай атамыз айтқандай, халқымыз өмірінің әрбір сәтінде оған еліктеуге тырысқан. Тіпті, бастарына қиын-қыстау күндер туғанда әрдайым Пайғамбарымызды (ﷺ) өздеріне үлгі тұтып, бір-біріне басу айтқан. Мысалы, біреу қаза болғанда көңіл айтушылар:

Ойлап тұрсам жалғаннан,
Бұрынғылар не көрген!?
Мұхаммед өткен Мұстафа
Кім болмаған биқапа, – деп хазірет Мұхаммедті (ﷺ) өлең-жырларына қосқан. Осылайша үйінде біреуі қайтыс болғандарға Алланың ең сүйікті құлының да бұл дүниені тәрк етіп, о дүниеге аттанғанын, Алланың қойған заңына мойынсұну керектігін  ескертіп көңіл айтқан.

Кімдер өлмей тұрады
Бұл дүниенің жүзінде,
Мұхаммед те көніпті
Жетімдікке жасында, – деп Пайғамбарымызды (ﷺ) әрдайым үлгі тұтқан халқымыз, біреудің ата-анасы қайтыс болғанда Оның (ﷺ) өмір жолын еске түсіріп, маңдайына  жетімдік жазылғандарға  басу айтып, көңілін аулаған.

Ақыретте көз салсын
Баратұғын орынға.
Білсін Алла жарлығын,
Алдында өлім барлығын,
Құдай досты Мұхаммед
Оның да алған жалғызын, – деп, халқымыз адамның басына келетін ең ауыр қазалардың бірі – бауыр еті баласынан айрылғанда болаттай берік болуға, Пайғамбарымызды (ﷺ) еске алып, бір-бірін сабырлыққа шақыра білген. Тіпті басқа түскен әрбір қиыншылықтың өзіндік хикмет-сырлары барын Пайғамарымыздың (ﷺ) хадистерінен біліп-үйренген халқымыз былай деген:

Қайғылы пендесіне құдай жақын,
Жылатар пендесінің асыл затын.
Әркімді артық сүйсе – артық қинар,
Достының естиін деп мінәжатын.

Себебі, Алла Елшісі (ﷺ) бұл жайында:

«Қиыншылықтарға ең көп душар болатындар: пайғамбарлар, сосын одан кейінгі дәрежедегілер.»

«Алла Тағала бір қауымды жақсы көрсе, оларды қиыншылықтарға душар етеді,» – деп ескерткен болатын.

Жаман әдеттерден аулақ жүру жайлы үгіт-насихаттарында да халқымыздың  Пайғамбарымызды (ﷺ) жарқын үлгі етіп алғанын көруге болады. Мысалы, өтірік, ұрлық сияқты жаман қылықтардан тыңдаушыларын жеріту мақсатымен:

Өтірік, ұрлық, зорлық, мекер, қайла,
Бұл үлгі пайғамбардан қалған емес,  деген.

Мал-мүлікке құнығу, сол үшін біреудің малына қол созу – бұл да мұсылманға жат қылық. Осыдан жастарымызды тыю үшін:

Бұл дүние имандыға арман емес,
Дүниенің қызығы үшін мал жимаймыз,
Мал, шіркін, ешкімге еріп барған емес.
Бұрынғы пайғамбар мен сахабалар,
Пайда ғып ешкім малын алған емес, – дейді халқымыз.

«Жарлы деп сөкпе,
Пайғамбарға тілің тиеді», – деген. Адам баласы мекерленіп, еш уақытта менсінбеушілікке салынып бір-бірін кемсітпеуі керек. Кедей болу – ол адамның міні емес. Тағдыр талайы. Міне, осындай ғибраты мол ескертулерінде халқымыздың Пайғамбарымызды (ﷺ) еске түсіріп, оны үлгі тұтуы – өмірдің әр белесінде оның жолымен жүріп, бағыт-бағдарын ұстанғандарының бір айғағы.

Кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрған саясатына қарамастан Мұқағали ақын:

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнін білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.

Мұхаммедтің үмбеті мұсылманмын
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.
Алсын тағалам ант етем, ант етемін
Алла есімін есімнен шығарған күн,
 – деп ардақты елшіге үмбет болғандығын мақтан тұтып, паш еткен-ді .

Міне осындай мадақ жырлардың бәрі бабаларымыздың Пайғамбарға деген ыстық ықыласынан туындаған.

Жалпы, қоғамдық ақыл-ойға ықпал еткен ақындар өз кезеңіндегі халықтың жүрек үніне аудармашы болған. Қазақ халқының Пайғамбарға (ﷺ) сүйіспеншілігі мен құрметін халық ауыз әдебиетінен де көруге болады. Мақал-мәтелдерде хадистердің қолданылуы көптеген әдет-ғұрыптардың Пайғамбарымыздың (ﷺ)сүннетінен туындағанының айғағы. Хазреті Пайғамбардың (ﷺ) атының баталарда қосылып айтылуы осы сүйіспеншіліктің белгісі. Тіпті, халқымызда Мұхаммед, Ахмет, Мұстафа, Нұрмұхаммед, Махмұд, Махамбет, Мәмет, Мұқаш, Мұқағали (Мұхаммед-Әли) т.б. сияқты есімдердің көптеп кездесіп жатуы – сәбилерін адамзаттың ардақтысы, Алланың сүйікті құлы хазреті Мұхаммедке (ﷺ) ұқсасын, соның жолымен жүріп, ақыретте шапағатынан үлес алсын деген арманнан туындаған жүректің пәк тілегінің айқын көрінісі екені айдан анық.

Қазақ халқының Мұхаммед пайғамбар жайлы жыр жолдары

Рахымды ием, пайғамбарын жіберді
Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.
Түнек түнде шамы болды халықтың,
Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!

Ол құдайдың елшісі, ерім, білгейсің,
Сен, содан соң, тура жолға кіргенсің!..
Елге деген рахымы ол құдайдың,
Қылығы хош, құлқы түзу, шырайлы.

Жібек мінез, ақылды , әппақ пейілді,
Жаны жомарт, қолы ашық, мейірлі.
Қара жерде, жасыл көкте әзіз-ді,
Оған құрмет берді тәңір жаны ізгі.
Бастаулардың басы еді, оңдысы,
Болды, кейін, пайғамбардың соңғысы!  (Жүсіп Баласағұн, «Құтты біліктен» үзінді)

Әуелі Пайғамбардың нұрын етті,
Он сегіз мың ғаламнан бұрын етті.
Алла Тағала өзіне досты қылып,
Онан соң оған берді көп үмбетті.
Баршадан артық қылып достым деген,
Дос болған соң Құдайға, көп үмбеттің қамын жеген.
Сипаты Рахмату лилғаламин-дүр,
Ләулік ләмма халақатил-әфлак тәжін киген. («Бабалар сөзі» кітабынан үзінді)

Пайғамбардың әуел асыл түбі – араб,
«Хабибім» деп ат қойған Тәңірім қалап,
Тасбих тартып, намазын тамам қылып,
Фатихасын оқиды қарсы қарап,
Патшалық құрды тақсыр салтанатын,
Тура жолға бастайды тамам халқын.
Дүр-жауһар аузынан сөз шығарып,
Сахабаға айтады насихатын. («Салсал» қиссасынан үзінді)

Мұхаммед үшін жаратты
Он сегіз мың ғаламды,
Әр ісінен көрсін деп,
Лаух менен Қаламды.
Адам ата, Хауа ана,
Досты үшін бұл һәм жаралды. («Мұхаммед пайғамбар» қиссасынан үзінді)

Жаһанда Мұстафаның артық сәні,
Екі дүние шырағы, ол сұлтаны.
Бейіште Пырақ ғашық Мұхаммедке
Қалайша шыдар бұған үмбет жаны.(«Хазрет Пайғамбардың миғражға қонақ болғаны» қиссасынан үзінді)

Ісімен ағлам деп Ислам дінін,
Танытты Расул өзі білгірлігін.
Жар салды дүниеге әуелден-ақ,
Баршаның қозғағанда көңіл нұрын.
Білген соң шариғаттың шарапатын,
Түсті жол ақ жолына кетпей қырын,
Күншілдің діні елден аластанды,
Тапты жұрт мұсылмандық адал жолын. (Қаңлы Жүсіптің жырынан үзінді)  

Алау Әділбаев,
теология ғылымдарының докторы, доцент

Return to Top ▲Return to Top ▲