Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы, Республикалық ақпарат насихат тобының мүшесі Әділбек Хамзат Қажымұратұлы облысымыздың орталығына екі күндік іс-сапары аясында ЕС 164\3 түзету мекемесіне ат басын тіреп, жазасын өтеушілермен кездесті. Ал бұған дейін, хабарлағанымыздай, Хамзат Қажымұратұлы жергілікті және аудан имамдарына «Діни уағыз жүргізу әдіснамасы» тақырыбында танымдық семинар өткізіп, уағыз айтудағы алғышарттар мен уағыз айтудың үлгілерін талқылаған еді. Сондай-ақ, сапардың алғашқы күні ұстазымыз Петропавл қалалық «Қызылжар» мешітінің жамағатымен кездесіп, көпшілікті әңгіме алаңына шақырды. Ал бүгінгі Қасиетті жұмада «Мешіт-имандылық ұясы» тақырыбында уағыз жүргізіп, кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.