بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен.
Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Мәйіттің әуретін жуу үшін қолды шүберекпен орау уәжіп (орындалуы міндетті амал).
«Бахр ар-Раиқта»: «Мәйіт әуретін жуатын кісі қолын шүберекпен орағаннан кейін мәйіт үстіне жабылған мата астынан жуады. Яғни жуушының қолы мәйіт әуретіне жалаңаш тимеуі керек. Себебі әуретке қол тигізу әуретке қарау секілді харам»,-делінген.
Дүниеден өткен әйелді күйеуінің жууына болмайды. Себебі жан тәсілім еткеннен бастап некесі бұзылып, бөтен кісі саналады. Егер күйеуi қайтыс болса, онда әйелі жуа алады. Себебі, күйеуі қайтыс болғаннан кейін әйелі 4 ай 10 күн иддада (басқа күйеуге шығуға болмайтын мерзім) отыруы керек болғандықтан, некелері жалғасқан болып саналады.
Тіпті күйеуі қайтыс болмай тұрып әйеліне «ражғи талақ» (қайтарып алуға болатын талақ) берсе және өлген сәтте әлі берілген талақ иддасының мерзімі бітпеген болса, ондай жағдайда да әйелі күйеуiн жуа алады. Ал егер күйеуі әйеліне қайтыс болмай тұрып «талақ баин» (қайтарылмайтын талақ) берген болса, онда «идда» уақыты бітсе де, бітпесе де күйеуiн жуа алмайды.
Егер қайтыс болған әйелді жуатын әйелдер табылмаған жағдайда (мысалы әйел ер кісілер арасында қайтыс болып, немесе жуатын әйел табылмаса, онда ол сапарда қайтыс болған саналып), мәйітке тайаммумды оның махрамы (жақын туыстары) жасайды. Егер жанында махрамы болмаса, онда мәйiтке бiреуi тайаммумды қолын шүберекпен орап жасайды, бiрақ мәйiт қолдарына қарамайды.