Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен ҚМДБ Орталық аппаратының жиыны өтті.
Жиынға наиб мүфтилер, Бас мүфти кеңесшілері, бөлім басшылары және Орталық аппарат қызметкерлері қатысты. ҚМДБ Төрағасы жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының барша қызметкерін көктемнің алғашқы мерекесі 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтап, еңбектеріне жеміс, отбасыларына құт-береке тіледі.
«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамға алғыс айтпаған, Аллаға шүкір етпейді», – деген. Сіздерді бүгінгі алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтай отырып, баршамызға асыл дінімізге қызмет етуді нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкір айтамын! ҚМДБ саласындағы барлық дін қызметкерлеріне табанды жұмысы үшін алғыс айта отырып, зор табыс тілеймін! Сіздерге риясыз ризалық ниетімді жеткіземін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жиын соңында наиб мүфтилер Ершат Оңғар мен Кенжеәлі Қоңыратбайұлы Бас мүфтидің барлық бастамаларына сәттілік тілеп, шынайы алғысын жеткізді.