Бүгін Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жаңа мешіт ашылды. «Әл-Мүмин» деп аталатын құлшылық үйінің ашылуына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Алғаш боп сөз алған Діни басқарма төрағасы аудан халқын құттықтап, ізгі ниетін жеткізді.
«Мешіт – адамдарды мейірімділікке, сүйіспеншілікке шақыратын, бір-біріне қамқор болып, қол ұшын беретін, мұқтаж болған адам жанына тыныштық табатын, сондай бір қасиетті, ұлық мекен. Бұл – имандылықтың, білімнің, тәрбиенің ордасы. Аудандағы Әл-мүмін мешіті де жылу мен берекенің ордасына айналсын!
«Өзі үшін жақсы көрген нәрсені дін бауыры үшін де жақсы көрмеген адам кәміл мүмин бола алмайды» делінген бір хадисте. Міне, бүгінгі мешіт салдырған азаматтар осындағы жамағаттың да сауабына ие болып, өзіндегі бар жақсысын бөлісіп отыр. Алла разы болсын! Сыр еліне, Жаңақорған жұртына жақсылық, амандық тілеймін» деді Бас мүфти.
Ашылу рәсімі барысында бағдарламаға сай ауданның құрметті азаматтары сөз алып қуанышқа ортақтасты. Жаңа мешіттің ашылуына ұйытқы болған демеуші Несібелі Бектасқызына Бас мүфти арнайы Алғыс хат табыстап, имамға Құран Кәрім сыйлады.
Айта кетейік, 300 адамға арналған «Әл-Мүмин» мешітіне іргелес асхана да пайдалануға берілді.