Баланы жастан баулиық ата дінге

Мектепте балаларға дін туралы берілетін мағлұматтың 80-85 пайызы ислам діні жайлы болу керек. Бүгін Дін істері комитетінде өткен Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында депутат Оразкүл Асанғазы осындай пікірін мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz ақпараттық порталы.

«Біз мектептерде 9-шы сыныпқа дейін дін туралы сабақ өткізбейміз. Өкінішті-ақ. Себебі, балалар 7,8,9 сыныптарда да басқа ағым туралы біліп алып жататын жағдайлар кездесуде. Балалар дін туралы білімсіз қалып жатыр. Сондықтан, Сіздер (Дін істері комитеті – агенттік) Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, балаларға бірінші сыныптан қосымша сабақтар болсын, жалпы, басқа жолдармен болсын дін туралы сабақ өткізуді ойлау керексіздер. Сол дін туралы мағлұматтың 80-85 пайызы ислам діні жайлы болу керек. Неге? Себебі, ол біздің дініміз. Біздің дәстүрлі дініміз. Оған басқа дін өкілдері түсіністікпен қарауы керек. Әрине, басқа діндер туралы ақпарат білу керек, бірақ, балаларымыз бірінші исламды біліп алсын, өзін өзі танып алсын», – дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, осы арқылы ислам қазақ халқының дәстүрлі діні ретінде таралады.

Return to Top ▲Return to Top ▲