Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бір сұхбатта: «Қазір бізге ұлттық санасы қалыптасқан, діни білімі терең, интеллектуалы жоғары заманауи имамдар қажет», – деп атап өткен болатын. Осыған орай Солтүстік өңірдің орталығы Петропавл қаласының «Қызылжар» орталық мешітінде ауыл молдаларына арналған бір айлық курс ашылды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – бүгінде белең алып жатқан теріс пиғылдағы ағымдардың алдын алу үшін молдалардың білімдерін шыңдап, біліктіліктерін арттыру, заман талабына сай компьютер, ғаламтор, т.б. жаңа технологиялармен пайдалануды үйрету. ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы бекіткен кестеге сәйкес мешіт имамдары мен ұстаз ауыл молдаларына Құран таджуиді мен тафсир, Ақида, Фиқһ, Сира, Ислам тарихы пәндерінен жүйелі түрде дәріс берілуде. Ауыл-аймақтан келген молдалардың тамақтануы, жататын орны қамтамасыз етіліп, білімдерін арттыру үшін барынша жағдай жасалынды. Жазға дейін 100-ге жуық молда дәріс алады деп жоспарлануда. Молдалар топ-топқа бөлініп, ай сайын топ құрамы ауысып тұрады.