Мың айдан қайырлы Қадір түні

  «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік.

(Мұхаммед Ғ.С.) Қадір түнінің не екенін білесің бе?

  Қадір түні мың айдан қайырлы…»

 

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын!

Асыл дінімізде Жаратушы Иеміз белгілеп қойған қасиетті күндер, түндер, айлар мен уақыттар бар. Сол қасиетті уақыттардың бірі – Қадір түні.

Бізге жеткен кейбір хадистерде айтылғандай, бүгінгі күнмен салыстырғанда бұрынғы заманғы адамдардың өмір жасы өте ұзақ болған, сол үшін құлшылық жасауға да уақыттары көп болған. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қатты уайымдайтын еді. Себебі қанша тырысқанмен үмметінің өмір жасы қысқа болуына байланысты көп сауапқа кенеле алмайтынын түсінген еді. Және бір хадисінде Алла Елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына мың айын джиһадта өткізген Бану Исраил ұрпағынан болған бір тақуа жайында айтады екен. Бұны естіген сахабалар өмір жастарының қысқа болғаны үшін сонша уақыт Алла жолында құлшылық жасай алмайтынын түсініп, қатты қапаланады. Сонда Мейірімі шексіз Ұлы Алла оларға және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) күллі үмбетіне бір түн нәсіп етті. Ол  мың айдан да қайырлы Қадір түні.

«Қадір» сөзі арабшадан аударғанда «рақымды, қасиетті, ұлы» дегенді білдіреді. Себебі бұл түні Алла Тағаланың соңғы кітабы, адамзатқа тура жол нұсқаушы Құран кәрім түсіріле бастады. Әрі бұл түні жер бетіне сансыз періштелер түседі, ал Алла Тағаланың мейірімі, берекеті мен кешірімі бұл түні басқа түндермен салыстырғанда еселеніп беріледі.

Алла Тағала Қасиетті кітабында айтады: «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Мұхаммед Ғ.С.) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші таң рауандағанға дейін жалғасады»[1].

Ибн Касир өз «Тафсирінде» былай деп жазады: «Періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі»: «яғни, бұл түннің қадір-қасиетін ескерген періштелер жер бетіне көптеп түседі екен. Сонымен қатар Құран оқу кезіндегідей бұл түні де періштелер мейірім мен берекет түсіреді, Алланы зікір етуге жиналғандардың қасында болып, ілім іздегендерді ұлықтап, алдында қанаттарын жаяды».

Қадір сүресінде «қадір» сөзі үш мәрте айтылғанын байқаймыз. Яғни, алғашқы үш аятта да «қасиетті түн», не болмаса «бұл түн» деп емес, тек «қадір» сөзі ғана келген. Бұның араб грамматикасында өзіндік мәні бар. Егер бір сөз үш мәрте өзгерместен қайталанса, ол сол сөздің қасиетті, ерекше дәрежеде екенін білдіреді.

Ғалымдар арасында қасиетті Қадір түнінің нақты қай түнге келетіні жайында бірқатар пікірлері бар. Алайда қасиетті түннің Рамазан айының соңғы онкүндігінде екеніне ислам ғұламалары бірауыздан келісілген. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қадір түнін рамазанның соңғы он тақ түндерінің бірінде күтіңдер!»[2] деп айтып кеткен болатын. Сондай-ақ Имам Әбу `Иса әт-Тирмизи: «Пайғамбардан (с.ғ.с.) Қадір түні рамазан айының жиырма бірінші, жиырма үшінші, жиырма бесінші, жиырма жетінші және соңғы түніне сай келгені жеткен»[3] деген. Сондай-ақ Убай ибн Кағбтан жеткен хадисте: «Аллаға серт! Ибн Масғуд (р.а.) оның Рамазанның жиырма жетінші түнінде екенін біліп қойды. Бірақ босап кетулеріңнен қорқып, оны сендерге білдіруді жек көрген болатын»[4]. Осыған орай ғұламалардың негізге алынатын сөзі бойынша, Қадір түні Рамазанның жиырма алтысынан жиырма жетіншісіне қараған түні аталып өтіледі.

Ислам ғұламалары қадір түнінің қай түнге келетіні жайлы түрлі пікірлердің туындауының астарында үлкен хикмет жатыр деп бағалаған. Олардың айтуынша, қасиетті түннің нақты қай түнде келетінін білмесе, мұсылман адам Пайғамбарымыздың сүннетіне сүйене отырып, қасиетті түннің сауабынан мақрұм қалмас үшін Рамазан айының соңғы он түнін де құлшылықпен өткізуге тырысады. Және сол үшін үлкен сауаптарға кенелмек.

Қасиетті Қадір түнінің өзіне тән ерекше белгілері бар. Сол арқылы Қадір түнін біле аламыз. Ол жайында ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисінде айтылған: «Қадір түнінің белгісі  – оның тұнық әрі жарық, ал айдың ол түні бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Оның тағы бір белгісі: таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады,  әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді»[5].

Осы орайда айта кетерлік жайт, егер мұсылман адам Қадір түнін күтіп, құлшылықта өткізіп, алайда түннің жоғарыда атап өткен белгілерін көрмесе де сансыз сауапқа кенеліп, Алланың рахметіне бөленеді. Яғни, қасиетті түннің белгілерін көру шарт емес. Оны біз байқамай қалуымыз да мүмкін.

Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде: «Анық Кітаппен ант етемін! Біз оны берекелі түні түсірдік, әрі Біз ескертеміз. Бұл түні, Біздің әмірімізбен барлық да­на істер шешіледі»[6] деп, берекелі түн, яғни Қадір түні туралы тағы айтады. Сондай-ақ Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Аллаһ ал­дын­да ең құнды түн – қадір түні» деп, Қадір түнінің дәрежесі қаншалықты жоғары екенін атап өткен.

Ол сондай түн, жасалған құлшылық-ғибадаттар, тілеген дұға-тілектер қабыл болатын түн. Оған дәлел Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мына хадисі: «Мына төрт түні жасалған дұғалар кері қайтарылмайды. Олар: ережеп айының алғашқы түні, шағбан айының ортасы (бәраат түні), қадір түні және айттың бірінші күні»[7] деген.

Сонымен қатар Әнас ибн Мәлик былай деп айтқан: «Рамазан келгенде, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түннен мақрұм қалса, оның барлық игілігінен мақрұм қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!”, – деп айтты»[8]. Осы үшін, қадірлі ағайын, Мейірімді Алла Тағаланың құлдарына берген осы сыйынан қалыс қалмай, сауабы мың айға теңелетін қасиетті түнді Рамазан айының соңғы он күнінде күтіп, құлшылықпен өткізейік! Алла Тағала тілеген дұға-тілектеріңізді, оқыған намаздарыңызды қабыл етіп, сансыз сауаптарға кенелтуге нәсіп етсін! Әмин.

 

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы,

«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы

Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы

 

 

[1] Қадыр сүресі, 1-5 аяттар

[2] Бухари, Мүслим хадистер жинағынан

[3] Тирмизи хадистер жинағынан

[4] Бухари, Муслим хадистер жинағынан

[5] Ахмад 5/324

[6] Духан сүресі, 2-5 аяттар

[7] Абдулла Ибни Әюб, қасиетті күндер мен түндердің артықшылығы, 65

[8] Ибн Мәжаһ 1/289

Return to Top ▲Return to Top ▲