ҮШІНШІ ХАДИС

ИСЛАМДАҒЫ ТАЗАЛЫҚ

الطُّهُورُ شَطْرُ الْإِيمانِ

(Ат-тухуру шатруль иимәән)

Хадистің аудармасы: Тазалық – иманның жартысы

(Муслим хадистер жинағы)

       Түсіндірмесі: Ислам діні – тазалыққа негізделген дін. Мұсылман адамды таза адам деп сипаттаймыз. Оның бойы да таза, ойы да таза. Таза адамды Алла да сүйеді әрі адамдар да жақсы көреді. 

Тазалық – үлкен, кіші, көзге көрінетін, көрінбейтін барлық нәжістерден арылу. Дәрет алу, ғұсыл құйыну және тәйәммум жасау сияқты намаз оқу үшін талап етілетін тазалық түрлері сыртқы тазалыққа жатады. Бұған қоса тазалық дегенде ішкі тазалықты да ескеру керек. Бұл – жан тазалығы, рухани тазалық. Негізі сыртқы тазалық ішкі тазалықтан туындайды. Мұны бабаларымыз «Жаны саудың тәні сау» деп түйіндеген. Раббымыз Құран Кәрімде Бақара сүресі, 222-аятында  былай дейді: «Алла көп тәубе еткендер мен жақсы тазаланғандарды сүйеді».

Тазалық сақтау адам үшін, адам денсаулығы үшін, түрлі аурулардың таралуы үшін өте қажет фактор. Мұны қазіргі ғылым да дәлелдеді. Ал біздің дініміз мұны он төрт ғасыр бұрын ғибадат деңгейіне көтеріп, оны иманның жартысы деп жариялаған болатын.

 

Return to Top ▲Return to Top ▲