ТӘКАППАРЛЫҚ

Жарылқап Раббым Алла болсын пана,

Жету үшін әр істің байыбына.

Адам деген саналы атымыз бар,

Жаратқан бергеннен соң ой мен сана.

Осы күнде көп адам ілінуде,

Менмендіктің жоғары санатына.

Бай – кедейді, күштілер – әлсіздерді,

Басынады сенумен мансабына.

Ұмытып бұл жалғанның жалғандығын,

Мастанады  біреулер атағына.

Бірақта ескеретін қағида бар,

Адамды келтіретін тәубасына.

Раббымыздың алдында бірдей құлмыз,

Отырсақта бүгінде хан тағына,

Бейбақпыз, Алламызға мұқтаж жанбыз,

Жетуді армандайтын Жәннатына,

Сол Жәннаттың иісін сезбейтіндер –

Шайтанды айналдырған жолдасына.

Менменсіп, соғып жүрген кеуделерін,

Түседі үмітсіздік опасына.

 

Расында, шексіз мақтау менен мадақтар бір Аллаға тән! Біз Алланың өзіне ғана мақтаулар айтамыз және Алланың өзінен ғана жәрдем тілейміз. Алланың өзінен ғана күнәларымыздың кешіруін сұраймыз. Жанымыздың жамандығы мен қателік істеріміздің кесірінен Аллаға сыйынған күйде сақтанамыз. Алла тағала кімді тура жолға салса, онда оны ешкім адастыра алмайды, ал Алла кімді адастырса, енді ешкім оны тура жолға сала алмайды. Алладан басқа сыйынуға тұрарлық, құлшылыққа лайық тәңір жоқ. Ол Алла жалғыз, оның серігі жоқ, әрі расында Мұхаммед с.ғ.с Алланың құлы және елшісі екендігіне куәлік етеміз. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с – ға оның жанұясына, сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Құрметті оқырман қауым! Баршамызға Алланың тыныштығы, рахымы және берекесі болсын. Сөз басындағы өлең жолдарының туылуына тірек болған осы мақаланың тақырыбы тәкаппарлық жайында болмақ.

Жалпы тәкаппарлық дегеніміз – адамның  әуелгі жаратылған болмысынан шатастырып, бізді жоқтан  бар еткен Алла тағаланы ұмыттыратын үлкен дерттердің бірі. Кез келген заманды қарайтын болсақ, осы дертке көптеген адамдар шалдыққан болатын. Оған апаратын бірден – бір себептердің бірі – адам қолындағы уақытша билік, күш-қуат, атақ, мансап арқылы өзін басқа адамдардан биік ұстауы. Бұл дерт әуелгі бастан Алланың әміріне қарсы шығып, Адам ғ.с – ға сәжде етуден бас тартқан лағынетті Шайтаннан бастап осы күнге дейін жалғасып келе жатқан үлкен мәселе. Демек менмендікке беріліп кететін адам шайтанның арбауында жүріп, үлкен қатерге жолығатын адам. Оған – жаратқан Раббысын толық, кәміл дәрежеде танымаған, Алламенен байланысы өте әлсіз адамдар шалдығады. Бір Аллаға, оның ардақты елшісі пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с – ға иман келтірген, ой менен санасы толық қалыптасқан адамға қасиетті Құран Кәрімнің осы аяты үлкен дәлел болып табылады:

«Жер бетінде алшаң басып жүрме, расында сен жерді тесе де алмайсың, биік таулармен де теңесе алмайсың» («Исра», сүресі 37-аят) . Шынында да бұл аятта Алла тағала өзінің ұлылығын көрсетіп, біздерге жер бетін алшаң баспай, өзінің ұлылығын сезініп, біздерден әлдеқайда биік тауларға қарап, хикметіне жетуімізге тікелей нұсқап отыр. Сондықтан да болар, біздің ата – бабаларымыздан біздерге өсиет боп қалған ұлы бір сөз бар. Ол Мұратыңа жеткен адам болсаңдағы, айтпа балам, биікпін деп халқыңнан.Ал мұратына жеткен адам қандай десек, ол – ақиқатында Алласын таныған, ақ пен қараны ажырата білетін, әр айтқан сөзі менен әр жасайтын іс – әрекетін бір Алламен ғана байланыстыра білетін адам. Себебі, Қасиетті Құранның келесі аятында Алла тағала: Мен сендерді және де жындарды тек қана өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым– деп біздің бұл өмірдегі миссиямызды айқындап қойған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір құдси хадисте Раббысынан мынадай хабар жеткізген: «Алла Тағала былай дейді: «Тәкаппарлық пен ұлылық Маған ғана тән. Кімде-кім сол сипаттарға менімен таласатын болса, оны жәһаннамға лақтырамын» (Ибн Мәжжә хадистер жинағы).

Расында да барша шүкір менен мадақтарға тек әлемдердің Раббысы жаратқан Алламыз ғана лайық. Үстіміздегі келтірген аят пенен хадиске сүйене отырып шығаратын сөздің мәйегі – тәкаппар болған құл, Алла тағаланың үлкен ашуына ұшырайды. Шынайы тақуа, момын мұсылман, сол қасіретке ұщырататын күнәдан ада болуы тиіс.  Жалпы мұсылман адам қарапайым, кішіпейіл болуы керек. Әрқашан өзінің әлсіздігін еске алып тұрып, Алланы көп ұлықтауы қажет.

Алла тағала баршамызды өзінің сүйікті құлдарының қатарынан қылып, тәкаппарлық дейтін үлкен зардаптан сақтауын нәсіп етсін.

Ақжар аудандық 《Үлкен – Қарой》

мешітінің наиб имамы

                                                                                    Көкен Ержан

 

 

Return to Top ▲Return to Top ▲