Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде жұмыс берушілер мен 2024-2025 оқу жылының түлектері кездесті. Маңызды басқосуға Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері де қатысты. Облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің өкілдері студенттермен жүздесіп, оларды солтүстік өңірге қызмет етуге шақырды.
Олардың айтуынша, Қызылжар өңірінде жас, білімді және ынталы дін қызметкерлеріне сұраныс жоғары. Солтүстік Қазақстан облысы – тарихы терең, мәдениеті бай өлке. Сондықтан діни сауаты жоғары, жаңашылдыққа бейім мамандардың келуі өңірдің рухани дамуына үлкен серпін береді.
Кездесу барысында студенттерге Қызылжар мешітінің жұмысы, атқарылып жатқан игі істері туралы айтып берді. Сонымен қатар, жас мамандарды қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламалармен таныстырды.
«Біз сіздерді Қызылжар жерінде күтеміз. Біздің өңірде сіздер өз білімдеріңізді көрсетіп, дін жолында аянбай еңбек ете аласыздар. Біз жас мамандарға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Хамзат Қажымұратұлы.
«Нұр-Мүбәрак» университетінің студенттері имамдардың ұсынысын жылы қабылдап, Қызылжар өңірі туралы көбірек білуге қызығушылық танытты. Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, имамдардан кеңес алды. Сондай-ақ, 18 студентке «Зекет» қорының атынан шәкіртақы табысталды.






