ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ИМАМДАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОБЫ ОҚУ КУРСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ӨҢІР ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
«ИМАНИ ЖАЗ – 2025» АТТЫ ЖАЗҒЫ ДІНИ САУАТ АШУ КУРСЫ ӨТУДЕ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
QURBAN.MUFTYAT.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
6 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
previous arrow
next arrow

ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІ ҮШІН ҚАЖЕТ ЕҢБЕК

Ислам – ізгілік пен қайырымдылық, адамгершілік пен көркем мінез-құлықтың діні. Әрбір мұсылманның міндеті – өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып, осы асыл дінімізге шақыру (дағуат жасау) болып табылады. 

Дағуат – Исламды сөз бен іс арқылы шынайы түрде көрсету деген сөз. Яғни, кез келген мұсылман өзін хақ діннің бейнесі екенін ұмытпай, Исламда жоғары бағаланатын қасиеттерге ұмтылуы керек. Дағуат жасау үшін адамның тұла-бойында қажетті қабілеттердің болуы да маңызды. 

Бүгінгі ақпараттық дәуірде ғаламтор форумдарында және әлеуметтік желілерде дінге шақыратын тұлғалармен жиі кездесуге болады. 

Бұл – қуантарлық жайт. Дегенмен, көп нәрсе дағуатпен айналысатын адамның білімінің тереңдігіне байланысты. Аталмыш іспен белсенді түрде айналысып, бірақ бұл мәселеден мүлдем хабары жоқ адамдар қатары да аз емес. Өйткені, дағуат жай ғана «шақыру» емес. Бұл – толық ғылым.

Жақында қолымызға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Нұр-Мүбәрак университетінің баспасынан шыққан «Ислам дағуатының негіздері мен әдістері» кітабы тиді. Аталмыш еңбекте дініміздегі дағуат ілімінің қыр-сыры терең зерттеліпті.

«Исламдағы дағуат: анықтамасы, діни танымдық негіздері, қызметі мен тарихи трансформациясы»; «Исламдағы дағуат әдістері»; «Дағуатшының сипаттары» және «Дағуат құралдары» сияқты бөлім атауларының өзі бұл кітаптың өте күрделі ғылыми танымдық еңбек екендігін көрсетеді.

«Исламдағы дағуат әдістері» бөлімінің ішіндегі «Даналық және көркем насихатпен жеткізу», «Қиссалар арқылы жеткізу» және «Тәмсілдер арқылы жеткізу» сынды тараулардың болуы көңілімізге қонды.

Оның бірден-бір себебі, бұлардың барлығы халқымыздың тарихымен және өмір сүру тәжірибесімен тығыз байланысты.

Осыны жетік меңгерген қазақтың ақын-жыраулары, ойшылдары ислам дінінің қайнар көздері болып табылатын – Құран аяттары мен ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне сүйеніп, шешендігінің арқасында дінімізді насихаттап, түйіткілді түйіндерді шешіп отырғаны баршамызға мәлім.

Мәселен, Шернияз ақын «Сөйлейін сөзді термелеп» деп аталатын шығармасында тыңдарманын дүниенің ғажап сырларынан ғибрат алуға шақырады:

Ай жігіттер, жігіттер,

Жердің жүзін қарасаң,

Мұнша неге кең болған?

Жеті мүше денеміз

Бір-біріне тең болған.

Төрт аяқты айуандар

Неге адамнан кем болған?

Жарық үшін күн болған,

Тыным үшін түн болған.

Тамашалап қарасаң,

Ай мен жұлдыз, күндіз, түн,

Орман, тоғай, от пен су,

Таң-тамаша, кім қылған?

Құрт-құмырсқа, ұшқан құс

– Бұ да басқа түр болған, – деп жер басқан жұмыр басты пенде әрқашан қаперінде ұстап, ойлануы тиіс тұжырым жасайды. 

Шәкәрім Құдайбердіұлы да өзінің «Шыннан өзге Құдай жоқ» атты өлеңінде Жаратушының бар екенің нақты тайға таңба басқандай анық білдіреді:

Шыннан өзге Құдай жоқ,

Анық құдай – Шын Құдай.

Ұқпай қалма алаң боп,

Шын болмаса, кім құдай?

Бұрын шын бар, бүгін шын,

Ертең шын бар – үш  бөлек.

Керегі жоқ бұлардың,

Бұзылмайтын Шын керек.

Жоғарыда келтірген мысалдар бізге дейінгі ұрпақтардың діни білімді,  соның ішінде дағуат ілімін қандай деңгейде меңгергендігін анық аңғартады. Бұл біз үшін – баға жетпес үлгі.

Осыны ескере отырып, өзіміз білмейтін нәрсеге кіріспейік дегім келеді. Айтылған әрбір сөздің сұрауы болатынын естен шығармайық.

 Ислам МАРАТҰЛЫ,

Байқоңыр қалалық «Жәрімбет»

мешітінің бас имамы,  РАНТ мүшесі

«Мұнара» газеті, №2, 2024 жыл  

БАС МҮФТИ ЕЛОРДАДА ҒАЛЫМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО+ВИДЕО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне арнайы барып, білім ордасының ректоры және оқытушы ғалымдармен кездесті.

Алдымен Бас мүфти жоғары оқу орнына 2001 жылы қойылған Күлтегін ескерткішінің көшірмесін тамашалап, «Жазу тарихы» музейіндегі жәдігерлермен танысты. Бұдан кейін университеттің профессор-ғалымдары, оқытушы ұстаздарымен бірге жиынға қатысты. Басқосуда ҚМДБ Төрағасы баяндама жасап, асыл дініміздің қазақ даласына келуі жөнінде мағлұмат берді.

«Өздеріңіз білесіздер, біздің қазақ халқы 1270 жылдан бері Ислам дінін ұстанып, өзінің рухани тірегіне айналдырып келеді. Қарахандықтар билігінің негізін қалаған Сатұқ Боғра хан 955 жылы Ислам дінін қабылдап, дінің таралуына жағдай жасаса, 960 жылы Мұса қағанның кезінде Ислам мемлекеттік дін болып жарияланды. Сол кезден бастап Мәуераннахр аймағы ғылым мен мәдениеттің орталығына айналды. Исламның келуі арқылы Орталық Азияда білім-ғылым қанат жайды. Мешіт-медреселер ашылып, білімнің таралуына жағдай жасалды. Медреселерде дін ғылымымен қатар филология, логика, математика, астрономия, медицина, философия секілді ғылым салалары оқытылды.

Орталық Азиядан Әбу Насыр әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Хусамуддин ас-Сығанақи секілді секілді ғалымдар шықты. Фараби, Бируни, Ибн Сина, Хорезми секілді ғұламалар шығып, өркениет тарихындағы өз орнын айшықтады. Олар Хақ дінге сүйене отырып, ғаламның тылсым құпиясын ашты. Олардың ашқан жаңалықтары мұсылман әлемін нұрландырып, сәулелендіре түсті» деді Бас мүфти.

Өз кезегінде білім ошағының ректоры Ерлан Бәтташұлы Еуразия университетінде Дінтану кафедрасы бар екенін айтып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді. Сондай-ақ университет басшысы ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлын ел бірлігі мен руханиятына қосқан үлесі үшін оқу ордасының жоғары марапаты – «Күлтегін» медалімен марапаттады.
Бұдан бөлек университеттің оқытушылар құрамы Бас мүфтимен Ислам дінінің қазақ даласына қанат жаюы, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр жөнінде пікір алмасты. 

muftyat.kz

СҚО// ҚЫЗДАРҒА АРНАЛҒАН ШЕБЕРЛІК САҒАТЫ ӨТТІ

Абылай хан резиденциясына қарасты Ислам мәдениетінің музейінде Қызылжар орталық мешітінің әйелдер  Петропавл қалалық №6 мектептің 4 ші в сыныбының оқушыларына шеберлік сағатын өткізді.

            Онда күнделікті тұрмыста қолданатын  қажетті заттарды тігу, тоқу және қазақтың ою-өрнектері туралы айтып, көрсетіп берді. Қыздарға тігіс машинамен қалай тігіс тігуді көрсетті. Бүгінгі қыз бала, ертеңгі –ана. Сондықтан да 9 жасынан бастап әрбір қыз бала өз-өзіне қызмет етуді, анасына көмекші болуды үйрене бастайды. Жастайынан қолөнерді үйреніп өскен қыздар үлкен өмірге аяқ басқанда қиыншылық көрмейтінін көптеген аналардың өмір жолынан көруге болады.

            Бүгінгі шарада  мектеп қабырғасындағы оқушы қыздар мешіттегі қызметкер аналардың өткізген шарасынан шеберліктерін шыңдап қана қоймай, маңызды тәлім-тәрбие алды.

Қызылжар орталық мешітінің баспасөз қызметі

ҰЛЫҚ АЙДЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛАМЫЗ?

Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мадақ! Оның сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедке, оның сахабаларына Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Ақиқатында Рамазан айы берекеге толы, мүмкіншілік ай. Әрбір мұсылман үшін ізгі амалдарды істеу арқылы Жаратушысына жақындай түсетін, Раббысының мейірімін үміт ететін ай. Барлық жамандық атаулыдан тыйылып, өмірін жаңа парақтан бастауға мүмкіндік алатын ай.

Уа, мұсылман бауыр!

Бұл қасиетті айдың әрбір күнін босқа жіберіп алмауға тырыс. Игі амалдарға бірінші болып ұмтыл, Алладан зор сауапты күт, өйткені бұл ай риясыз жақсылық жасайтын ай. Алланың сүйікті елшісі пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

إِذَا دَخَلَ رَمَضَانُ فُتِّحَتْ أَبْوَابُ الجَنَّةِ ، وَغُلِّقَتْ أَبْوَابُ جَهَنَّمَ ، وَسُلْسِلَتِ الشَّيَاطِينُ 

«Рамазан айының алғашқы түні келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді»[1] деді.

Уа, мұсылман бауыр!

Сен бұл қасиетті айды аса ыжтаһадтылықпен қарсы ал! Ақыретің үшін салихалы амалдарды көбірек жасауға тырыс, өйткені өміріміз қамшының сабындай тым қысқа.

Өмір бекет болса, осы қысқа уақытта дүниенің қызықтарына алданбай, ақыреттік азығымызды жинайық! Бұл айда сен үшін барлық жақсылықтың есігі ашық.

Бұл ай мұсылман үшін науқан айы. Сенің Құран оқуың, Алланы еске алуың, тасбих тартуың, дұға жасап садақа беруің, жақсылыққа шақырып, тіліңнен бастап, бүкіл денеңмен жасалатын жамандықтан тыйылуың, ілімді талап етуің, айналаңа пайдаңды тигізуің, Рамазан айында жасалатын ізгі амалдардың бір тізбегі ғана.

Уа, мұсылман бауыр!

Сен бұл айда өзіңе есеп беру арқылы ұлы есепке дайындығыңды саралап пысықтайтын ай. Омар (Алла одан разы болсын) былай деп айтқан:

حَاسِبُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُحَاسَبُوا ، وَزِنُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُوزَنُوا ، فَإِنَّهُ أَهْوَنُ عَلَيْكُمْ فِي الْحِسَابِ غَدًا ، أَنْ تُحَاسِبُوا أَنْفُسَكُمُ الْيَوْمَ ، وَتَزَيَّنُوا لِلْعَرْضِ الأَكْبَرِ ، يَوْمَئِذٍ تُعْرَضُونَ لا تَخْفَى مِنْكُمْ خَافِيَةٌ

«Ұлы есепке түспей тұрып, өздеріңе есеп беріңдер, қияметтегі таразыға тартылмай тұрып, нәпсілеріңді бұл дүниеде таразылаңдар, барлық құпиялар әшкере болатын ұлы күнге қамданыңдар!»[2].

Уа, мұсылман бауыр!

Бұл қасиетті ай ізгі амалдарға ұмтылатын ай! Ал ізгі амалдардың алғашқы баспалдағы күнәларыңа шынайы тәубе етуің. Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحًا عَسَىٰ رَبُّكُمْ أَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ

«Уа, иман келтіргендер! Шынайы түрде тәубе етіп, Аллаға бет бұрыңдар. Міне, сонда Раббыларың күнә қателіктеріңді өшіреді һәм бәріңді түбінен өзендер ағатын жәннат бақшаларына кіргізеді»[3] деді.

Шынайы түрде күнәларына өкініп, тәубе еткен адамдардың күнәсін Алла кең мейірімімен кешіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

التَّائِبُ مِنْ الذَّنْبِ كَمَنْ لَا ذَنْبَ لَهُ

«Күнәсінен шынайы түрде тәубе еткен адам, күнәсі жоқ адамдай тазарады»[4], деген.

Ей, мұсылман бауыр!

Бұл қасиетті айдың кіруімен сен жаңаша оянуың қажет, күніңді жаңа парақтан бастап, өміріңді жақсы арнаға өзгерт, Алланың азабынан құтылып, уәде еткен жәннатына кірудің қамын жаса. Өмірге ақыл көзімен қарап үйрен, сол кезде өмірдің мәнін түсініп, қызылды-жасылды дүниенің қызықтарына алданбайсың! Алла Тағала Құранда:

وَمَا الحياة الدنيآ إِلاَّ مَتَاعُ الغرور

«Бұл дүниенің тіршілігі алдамшы әрі өткінші қызықтан басқа ештеңе емес»[5] деген.

Рамазан – ерекше ай. Ол Тәңірдің адамзатқа берген айрықша сыйы. Отыз күн жұмаққа беттелген отыз қадамдай әр күнінде береке бар.

Рамазан – айлардың сұлтаны. Игі істер молаятын маусым. Қасиетті Рамазанда шын ықыласпен ораза тұту арқылы, пенде өзін Алланың қаһарынан, тозақ отынан, қабір азабынан, әзәзілдің арбауынан, екіжүзділіктен алыс болады. Бұл ай жанды балқытатын, жүректі жұмсартатын, рухты азықтандыратын ай.

Рамазан айы қарсаңында не жасауымыз қажет:

Біріншіден: Ең алдымен мұсылман үшін осы айға жетудің өзі үлкен нығмет екенін сезіну қажет. Сол себепті Раббысынан осы айға аман-есен жеткізуін, ораза ұстап, құлшылық ғибадат жасауға мүмкіндік беретін денсаулық беруін сұрайды. Әнәс ибн Мәлик риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ражаб айы кіргенде былай дейтін:

اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبلغنا رَمَضَانَ

«Уа, Алла! Біздер үшін ережеп,шағбан айын берекелі ет және рамазан айына қауыштыр»[6].

Сахабалар рамазанға жақын қалғанда: «Қасиетті рамазанға жеткізе көр» деп, рамазаннан кейін: «Уа, Раббым! Оразамызды қабыл ете көр» деп, дұға жасайтын.

Екіншіден: Рамазан айына кірген адам міндетті түрде Раббысына лайықты түрде шүкір айту керек. Өйткені адамның бұл қасиетті науқан айына жетуі сансыз сауапқа кенелуге мүмкіндік алуы – Алланың адам баласына берген шексіз сыйы және бұл сенің соңғы рамазаның болмасына да кім кепіл! Сол себепті рамазан айына аман-есен жетсең, бұл ұлы нығметті Раббыңның саған берген мұрсаты деп біл.

Үшіншіден: Бұл қуаныш шаттық айы. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хабарда Алланың елшісі сахабаларын рамазан айының келуімен сүйіншілейтін. Оның (с.ғ.с.) осы турасында мынандай айтқан сөзі бар: «Сендерге Рамазан айы келді, бұл берекеге толы ай. Алла осы айда оразасын парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады»[7]. Сол себепті рамазан айында шөліркеп, аптап ыстықтың қиындығын сезген кезде, еңсең түсіп, қобалжыма керісінше әрдайым жүзіңнен күлкі кетпесін. Өйткені,  Алланың нығметін сезіп, риза болудың өзі құлшылық амалдан болып табылады.

Төртіншіден: Оразаға арнайы жоспар құр. Көпшілігіміз рамазанға қатысты лайықты жоспар құра алмағандықтан бұл айдың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Рамазан айындағы әр күнін, әр сағатын босқа өткізіп алмауымыз қажет. Жоспарыңызда намазға, Құран оқуға, білім алуға, ізгі амалдар жасауға, үзіліп кеткен байланыстарды қайта қосуға тиісінше еңбек етуге орын болған дұрыс. Сонымен қатар әр оразада ерекше ізгі амал жасау арқылы бұл оразаң өмір бақи сенің және сенің жанұяңның есінде қаларлықтай болу қажет.

Бесіншіден: Бұл қасиетті ай басталмай тұрып, оразаға қатысты фиқһ үкімдерін, парыздарын, сүннеттерін, оразаны бұзатын, бұзбайтын амалдарды, оразадағы жеңілдіктерді білген жөн. Білмесең білім иелерінен сұрап, ораза жайында толық мәлімет ал!

Алтыншыдан: Бұл ай басталмас бұрын барлық күнәларымызға шынайы түрде тәубе еткен жөн. Өйткені бұл ай күнәларымыз үшін шынайы түрде кешірім сұрап тәубе жасайтын ай. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَتُوبُوا إِلَى اللَّهِ جَمِيعاً أَيُّهَا الْمُؤْمِنُونَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Бәрің бір ауыздан Аллаға тәубе етіңдер сонда ғана (азаптан құтылып) мақсат мұраттарыңа жетесіңдер»[8] деген.

Жетіншіден: Бұл айдың келуімен мұсылман адам жақындарына хабарласып, оларды құттықтап, құттықтау қағаздарын әзірлеп, үйді тазартып, маңызды болған істерін рамазанға дейін аяқтап, үйге қажетті заттарды алып ерекше дайындалуы қажет.

Сегізіншіден: Өткен жылғы ораза айында жеткен жетістігімен шектеліп қалмай сол игі істерді одан ары дамытып кемеліне келтіруі қажет. Өткен жылы ораза барысында жіберген қателіктері болса, оны осы айда қайталамауға тырысады. Ораза мұсылман үшін жаңа парақ іспеттес өміріне көз жүгіртіп, сол таза жаңа параққа тек сауапты амалдар жазылуына бар күш жігерін жұмсауы тиіс.

Баршаларыңыздың мүбарак айдағы ізгі амалдарыңызға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бақытына бөлесін.

[1] Ахмад хадистер жинағы.

[1] «Нұр» сүресі,


[1] Бұхари хадистер жинағы.

[2] Тирмизи жинағы.

[3] «Тахрим» сүресі, 8-аят.

[4] Ибн Мәжә хадистер жинағы.

[5] «Фурқан» сүресі, 20-аят.

[6] Ахмад хадистер жинағы.

Хамзат Қажымұратұлы

Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы

 

 

ҚОШ КЕЛДІҢ, РАМАЗАН!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Сіздерді мұсылманның ұлық айы – Рамазанның келуімен Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжі шын жүректен құттықтайды! Әр отбасына бақыт пен береке, бірлік пен татулық тілейміз!
     Алла тағала ұстаған оразаларыңызды, жасаған дұғаларыңызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл етсін!

Биыл қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Сәуір айының 5-сінен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.

Ал, Рамазан айында бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты – айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда, пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб. 

Айта кетейік, тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, мүминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар»[1], – деп бұйырады. Рамазан айы бүкіл мұсылманға берілген Алланың ұлы нығметтерінің бірі. Рамазан айының көптеген артықшылықтары мен ерекшеліктері бар. Сол артықшылықтарының кейбірін қарастырып көрсек. Рамазан айының оразасы Алла Тағала мен құлының арасындағы сыр. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен құдси хадисте: «Адам баласының әрбір істеген амалы өзі үшін. Тек оразадан басқа. Ораза ол тек Мен үшін, және оның беретін сыйын Өзім беремін»[2], – деп келтіріледі. Алла Тағала бізге не нәрсені тыйған болса, ол біздің пайдамыз үшін екендігі анық. Мәселен, ұрлықшы ұрлық жасауын қоятын болса, ең әуелі өзіне жақсы, кейін қоғамға да жақсы. Сондай-ақ, кім өтірік айтып, жалған сөйлеуден бас тартатын болса, бұл жағдайда да өзіне әрі өзге үшін жақсы болып табылады. Алла Тағаланың тыйым салған істерінің қайсыбірін алып қарасақ, адам баласы үшін қайыр бар екендігін байқауға болады. Жаман істерден тыйылу түсінікті. Ал күнделікті рұқсат болған, ішіп-жеуден тыйылудағы себеп неде деген заңды сұрақ туындайды. Осыған орай, Рамазан айындағы ұсталатын ораза мен осы айда орындалатын ғибадаттар бір Алла Тағаланың ризалығы үшін жасалатынын білгеніміз жөн. Мысалы, намаз оқушы намазын оқып жүрсе, айналасындағы араласатын адамдары оның намаз оқитындығын әрине біліп жүреді. Зекет беріп, садақа жасаушы адамның амалын да ел-жұрт естіп, біліп қояды. Қажылыққа барып қайтқан кісінің қажы екендігі жайында ағайын-туыс, көршілері хабардар болады. Ал, Рамазан айындағы оразаға тоқталатын болсақ, ораза ұстаушы адам «Мен оразамын!» деп, жария салып, өздігінен айтпайынша, оның аузы берік екендігін Алладан басқа ешкім білмейді. Сондықтан, Рамазан оразасы – Алла Тағала мен пенденің арасындағы құпия, сыр. Рамазан оразасы – ықылас ғибадаты. Егер белгілі бір елдімекенде жергілікті дәрігерлер, бір себептерге байланысты барлығына ораза ұстауға бұйыратын болса, тіпті оларды тексеріп, қадағалайтын қызметкерлерді бекітетін жағдайда, тұрғындар толық мойынсұнып, бұйрықты орындап, барлығы тегіс ораза ұстайды ма?! Бәлкім, бірі ораза ұстаса, бірі ұстамас, тексерушінің көзінше ішпей-жемей, көзден таса жерде тамаққа тойып алар?! Алайда, Рамазан айындағы оразаның жөні бөлек. Алла Құранда мұсылмандарға ораза ұстауға бұйырды. Ал, мұсылмандар болса, Алланың әміріне толық мойынсұнып, көпшіліктің ортасында жүрсе де, жеке өзі қалғанда да шынайы ықыласпен ораза ұстайды. Ораза айы кезінде мұсылман адам Алла Тағаланың ризалығы үшін  ішіп-жеуден, күнә істерден тыйылады. Демек, Рамазан айындағы ораза – ықылас ғибадаты деп аталуына кәміл негіз бар. Рамазан оразасы мұсылманның нәпсі қалауын тәрбиелейді. Адам баласы күнделікті өмірінде қалағанынша тілімен сөйлейді, көзімен көреді, құлағымен естиді, тамақ жеп, сусын ішеді. Бірақ рамазан айында мұсылман адамның күнделікті әдетке айналған іс-әрекеттері түпкілікті өзгереді. Күнәға батпайын деп, айтатын сөздерін теріп сөйлейді, күндіз ішкен ас-тамақтарын енді күніне екі рет, сәресі мен ауызашар кезінде ғана ішіп жейді. Көздерін арам нәрсеге қараудан, құлақтарын арам нәрсе тыңдаудан, аяқтарын арам жерлерге барудан, қолдарын арам нәрсе ұстаудан толығымен тосады. Бұл дегеніміз, мұсылман адам осы Рамазан айындағы оразаның арқасында нәпсісіне иелік етіп, оны тәрбиелеп, өзіне толық бағындыратынын білдіреді. Алайда, ораза ұстап жүріп, нәпсісін тәрбиелемеген мұсылманға келетін болсақ, ондай адам үшін тұтқан оразасынан аш жүру мен шөлдеуден басқа ешбір амалы қалмайды. Бұл туралы Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қаншама ораза ұстаушылар бар, оларда тек аш жүру мен шөлдеу ғана»[3], – деп ескертеді. Оразаның ақиқаты не нәрседе? Мұсылман адамды барлық жаман сипаттар атаулыдан толық тазарту. Оразаның себебімен бір мұсылман күнә істерді тәрк етіп, сауапты амалға бет бұрса, Ал, тағы бір мұсылман ораза ұстау арқылы тақуалық деңгейі жетістігіне жетеді. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) мінберге көтеріліп бара жатып, үш рет «Әмин» деген сөзді айтады. Сонда сахабалар ардақты Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мұның себебін сұрайды. Осы оқиғадағы үш рет «Әмин» сөзінің біреуінің себебін Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деп түсіндіреді: «Рамазан айын өткізіп, күнәсі кешірілмеген адамның мұрны жерге сүрілсін», – дейді. Рамазан айы оразасы бойымыздағы күнәлардан тазаруға зор септігін тигізетінін жоғарыда хадистен ұғынуға болады. Рамазан айының артықшылықтары өте көп. Біз бірін білсек, бірін ғылым әлі ашып таппаған. Рамазан айын кім қалай және қандай мақсатпен қарсы алса, соны табады. Алланың ризалығын ниет етіп, күнәдан тазарып, тақуалықты қаласа, соған жетеді. Ең маңыздысы, ниетті дұрыстап, өзімізді рухани дайындап, Алла Тағаладан жәрдем тілей отырып, оразаға кірісетін болсақ, Алла Тағала әлбетте бізге Өзінің мархаматымен ісімізге жеңілдігін беретіндігі сөзсіз. Алла Тағала баршамызға биылғы Рамазан айы оразасын абыроймен, кемшіліксіз орындап шығуымызға күш-қуат, сабырлық беріп, жәннаттың Раййан есігінен кіруімізді нәсіп етсін!

Сарсенов Азамат

Қызылжар ауданы  «Кәусар» мешітінің Бас имамы

 [1] «Бақара» сүресі, 183-аят.

[2] Бұхари, Мүслим.

[3] Ән-Нәсәи, Ибн Мәжә.

БАС МҮФТИ ЖАЗУШЫ ӘКІМ ТАРАЗИМЕН СҰХБАТТАСТЫ (ФОТО)

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алғыс айту күні қарсаңында жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің шаңырағында қонақта болды.

Бас мүфти жасы 90-нан асқан қарт қаламгерге ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Кездесуде руханият, ұлттық тәрбие, дәстүр құндылығы сөз болды.

«Құрметті Әкім аға Өзіңізбен дидарласып, батаңызды алуға келдік. Сіз ұрпағыңызбен де шығармаларыңызбен де жасай бересіз. Өйткені қазақ әдебиеті мен мәдениеті, өнеріне қаншама олжа қалдырдыңыз. Келешек ұрпақ мұны бағалайтыны ақиқат. Ұлтты сүю, оның дәстүрін, тілін, дінін қадірлеуге қатысты айтқан құнды ойларыңыз бөлек. Біз оны әрі қарай дәріптеуіміз керек. Өзіңізге амандық тілейміз. Ауырмай, сырқамай, Роза Қажығалымқызы апайымыздың қасында көзайым боп жүре беріңіз. Мереке қарсаңында қазақтың қабырғалы қаламгеріне алғысымызды білдіргелі келдік», – деді ҚМДБ Төрағасы.

Өз кезегінде жазушы Әкім Үртайұлы Бас мүфтиге руханият саласындағы жұмыстары үшін ризашылық білдіріп, Өзі де молданың тәрбиесінде болғанын айтып, аталарының мешіт ұстағанын еске алды. Сұхбат соңында әрдайым тілектес екендігін жеткізіп, ақ батасын берді.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қаламгердің иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, жақында ғана жарық көрген «Бабалар ізімен: қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабын сыйға тартты. Қаламгер қуанышын жеткізіп, жұбайы жазушы Роза Қажымғалиқызы екеуі ризашылығын білдірді.

muftuaf.kz

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ «ҚҰРАН КӘРІМ» КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Бүгін, қасиетті жұма күні ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте қасиетті Рамазан айының құрметіне «Құран Кәрім» көрмесі ашылды. Салтанатты рәсімге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

ҚМДБ Құран секторының меңгерушісі Серік қари Ахмет көрмеге қойылған Құранның көне қолжазбалары, оның ішінде елімізден табылған көне кітаптар, 15-ке тарта аударма нұсқалары, түрлі тәпсір кітаптары, брайль қарпімен жазылған Құранды Бас мүфтиге таныстырып өтті. Өз кезегінде Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айы қарсаңында ұйымдастырылған көрмеге жоғары баға берді.

«Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» дейді. Демек, Рамазан айының басқа айлардан қасиетті болуының басты себебі – ол айда жалпы адамзаттың, оның ішінде мұсылман әлемінің басты құндылығы Алла сөзінің жер бетіне түсуі. Демек, мұсылман баласы Рамазан айында ораза тұтумен қатар Құран Кәрімге көбірек көңіл бөлуі керек. Қасиетті кітабымызды халыққа насихаттап жатқан көрме жұмысына Алла береке берсін» деді Бас мүфти.

Айта кетейік, көрмеге Құран қатысты басқа да мәліметтер, жәдігерлер қойылған. Сондай-ақ көрмеде белгілі хаттат, каллиграфия шебері, арабша көркем жазудан Орта Азия бойынша алғаш рет ижаза алған, елімізде көптеген мешіт ғимараттарына, оның ішінде осы Бас мешіт ғимаратының іші-сыртына аяттар жазған Асылбек Орынбасар да келушілерді Құран аяттарын жазу ісімен таныстырмақ. Үш күндік көрмені елорда тұрғындары мен қонақтары тамашалай алады.

muftyat.kz

ДІН МЕН ДӘСТҮР – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын! 

Ислам діні – ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-баба­ларымыздың ұстанған, қас­тер тұтқан жолы. Қазақ халқы ғасырлар бойы Құран Кәрім аяттары мен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне негізделген сара жолды ұстанды. Оның ішінде шариғаттағы іс-амал мен үкім бойынша Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы, ал діни танымдық мектебі иман, сенім тұрғыда имам әл-Матуриди қалыптастырған жол.  Имам Әбу Ханифа негізін қалаған Ханафи мәзһабында әдет-ғұрып шариғи қайнар көздердің бірі деп танылады. Бұл тұрғыда ғалымдарымыз қасиетті Құрандағы:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деген аятты басшылыққа алған («Ағраф» сүресі, 199-аят).

«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол – ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». «Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» (العادة) сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берілген. «Дәстүр» сөзі де арабша (دستور) «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

ما رَآهُ  الْمُسْلِمُونَ حَسَنًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ حَسَنٌ، وَمَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ سيِّئًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ سَيِّئٌ

«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман», – деп айтқан (имам Ахмад).

Ғалымдарымыз әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:

Біріншіден, Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына кереғар келмеуі тиіс.

Екіншіден, үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.

Үшіншіден, қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.

Бүгінгі жұма уағызымызда дінімізбен ұштасқан кейбір салт-дәстүрлерімізге тоқталамыз:

Бірінші: Азан шақырып ат қою

Ата-ананың баланың алдында үш міндеті бар: туғанда жақсы ат қою, жақсы тәрбие беру, үйлендіру. Бұл хадисте де айтылған. Азан шақырып ат қою – сәбиге ат қоюдың мұсылманша дәстүрі. Сәбидің бір құлағына азан шақырып, екінші құлағына қамат айтып есім қою сүннет амал болып саналады. Бұл амал нәрестенің жынысына байланысты емес: ұлға да, қызға да жасалады. Ислам дінін ұстанған қазақ халқы үшін жат емес дәстүрлердің бірі болғандықтан «азан шақырып қойған аты» деген тіркесті күнделікті қолданысқа енгізіп жіберген.

Мұндайда баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына азап айтып, ата-анасы таңдап қойған есімді «мұның аты пәленше…» немесе «сенің атың пәленше…» деп үш қайтара айтатын болған. Осыған байланысты халқымыздың тілінде «азан шақырып қойған аты» деген тіркес кең тараған. Бұл іс ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы. Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады. Сахаба Убайдулла ибн Әбу Рафиғ (Алла оған разы болсын) өзінің әкесінен:

رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَذَّنَ فِي أُذُنِ الْحَسَنِ بْنِ عَلِيٍّ حِينَ وَلَدَتْهُ فَاطِمَةُ بِالصَّلَاةِ

«Фатима Әлиұлы Хасанды дүниеге әкелгенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқанын көрдім», – деген хадисті жеткізген (имам Термизи).

Азанды білген кез келген мұсылман баланың атын қоя алады. Міндетті түрде имамның немесе молданың азан шақыруы шарт емес. Егер де жас кезінде балаға қандай да бір жағдайлармен азан шақырылмаса, есейген кезінде де шақыра беруге рұқсат.

Азан шақырудағы мән-мағына – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетін орындау. Ал екіншіден перзенттің ең алғашқы естіген даусы азан даусы болғаны дұрыс. Ол сәбиге жасалатын ең алғашқы діни дәстүр болып табылады. Азанның мағынасы мен мазмұнында Алланың Ұлылығы, жалғыздығы, пайғамбарлық және намаз сияқты діннің негіздері қамтылған.

Екінші: Тәхник жасау

Халқымыздың дәстүрінде кең тараған ырым – нәрестенің, сәбидің аузына түкіру. Халқымыз ел арасында аты шыққан би-шешендер мен ақындарға, батырларға, аузы дуалы ақсақалдарға балаларын әкеліп, аузына түкіртетін болған. Мұндағы мақсат – сәби өскенде сол сияқты үлкен азамат болсын, солардың қасиеті жұқсын, өнегелі кісі болсын деген ниет. Тіпті мұны ел арасында мақтаныш етіп айтатын да болған. Перзентінің болашағына үлкен үмітпен қарайтын ата-ана баласының «аузына түкірген» адамы туралы құлағына құйып, сол азаматтай үлгілі болу керектігін үнемі айтып отырған. Халқымыз өзінің батырларын, атақты ақындарын, билерін, шешендерін өте жоғары бағалағандықтан, өз баласының да соларға ұқсағанын жақсы көрген. Бұл дәстүрде ишара түрінде, ауызға түкіру нышаны ғана жасалады. Баланың аузына түкіру – халқымыздың жақсы ниетінен туған әрі ел ішінде әлі жалғасын тауып келе жатқан игі дәстүр.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде «тахник» деп баланың таңдайына тәтті нәрсемен сүртуді айтамыз. Яғни нәрестенің аузына шайналған құрманы салып, саусақпен таңдайына жағып, уқалайды. Таңдай уқалаудағы мақсат – жаңа туған нәрестенің ауыз бұлшықеттерін нығайтып, анасын емуге дайындау болса керек. Мұны көп жағдайда көпті көрген салиқалы, ізгі адамдарға тапсырған жөн. Бұл үрдісті кезінде саңлақ сахабалар да жасаған. Айталық, қайсыбірінің үйінде дүниеге сәби келсе, дереу Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып барып, аузына құрманы шайнатып, таңдайына сүрткізетін. Бірде Әбу Мұса әл-Ашғари (Алла оған разы болсын) өзінің ұлы туылғанда оны ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) апарады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның есімін Ибраһим деп қойып, құрмамен таңдайын уқалап, береке тілеп, дұға жасайды (имам Бұхари, Мүслим).

Сонымен қатар тағы бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Талханың ұлы дүниеге келгенде бірнеше құрманы шайнап, сосын оны нәрестенің аузына салып, таңдайын сүрткен. Сосын баласының есімін қойған. Міне, осы секілді ізгі істер әлі де өз құндылығын жойған жоқ. Мұсылман әлемінде бұл іс жалғасын тауып келеді. Біздің дана бабаларымыздан қалған ауызға түкіру дәстүрінің де түп төркінінде осындай сүннет амалдың бар екендігін айтуға болады. Тахник жасағанда баланың таңдайын құрмамен сүрту міндетті емес, құрма табылмаған жағдайда, кез келген тәтті нәрселермен істеуге болады.

Үшінші: Ер баланы сүндеттеу

Қазақ халқында ер баланы үш, бес, жеті не тоғыз жасында «Ашамайлы атқа міндің, мұсылмандық таққа міндің» деп сүндетке отырғызып, сүндет той жасау дәстүрге айналған. Бұл дәстүр Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) келе жатқан ханифтік діннің рәмізі. Имам Маликтің еңбегінде: «Сағид ибн Мұсайабтан мынадай дерек келтіреді: «Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар ең бірінші мұртын қысқартып басқан, ең бірінші болып шашындағы ақты көріп: «Уа, Раббым! Бұл не?» – деген. Сонда Алла Тағала: «Салмақтылық, байсалдылық», – деген. Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын): «Раббым, менің байсалдылығымды арттыра гөр!» – деген екен».

«Сүндет» деп аты айтып тұрғанындай бұл рәсім ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الْفِطْرَةُ خَمْسٌ  – أَوْ خَمْسٌ مِنْ الْفِطْرَةِ: الْخِتَانُ ، وَالاسْتِحْدَادُ ، وَتَقْلِيمُ الأظْفَارِ ، وَنَتْفُ الإبِطِ ، وَقَصُّ الشَّارِبِ

«Бес нәрсе фитра саналады: (ер баланы) сүндеттеу, кіндік астындағы түкті қыру, тырнақ алу, қолтықтың түгін кетіру және мұртты басу», – деген (имам Бұхари).

Төртінші: Қонақжайлық

Қонақжайлық – қазақ халқының ежелден келе жатқан игі қасиеті. Бұл жөнінде XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет». Үйге келген қонақ оларда әрқашан үй иесінің қамқорлығы мен қорғауында болады. Ислам діні келген соң осы дәстүрлерді одан әрі бекітіп, оларға мұсылмандық реңк берді. Қасиетті аяттар мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеттері, сахабалардың сөздері ілкіде қалыптасқан ізгілік ұстанымдарын одан әрі нақтылап, олардың басты мақсаты Жаратқанның жарылқауына жету екендігін түсіндіріп, қайта жаңғыртты. Кейіннен қазақтар сақилық қасиет сөз болғанда Атымтай жомартты мысалға келтіретін болды. Ал Атымтай персонажының түп негізі араб дәстүрінде мәшһүр болған Хатим ат-Таи, яғни Таи тайпасынан шыққан Хатим деген кісі. Арабтар оны жомарттықта мысалға келтіретін. Мұсылманшылықпен бірге келген бұл мысалды қазақтар жатсынбай, өзінікіндей етіп өңін келтірді. Хатим ат-Таиды бабаларымыз Атымтай деп қазақыландырып алды. Уақыт өте келе ол қазақы мысалға айналды. Кең сахараны жайлаған қазақ халқында қонақ кәдесінің орны ерекше. Әр үйде қонаққа арналған сый-сияпат алдын ала дайын тұратын. Бұл үрдіс қазірге дейін сақталған. Қонақтың сыбағасы әрқашан дайын тұрады. Мейман күту қазақтың заңына айналған. Егер қонаққа лайықты құрмет көрсетілмесе, халық биі үй иесіне айып салатын. Қонаққа деген мұндай құрметтің бір негізі ислам дінінде жатыр. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

ومَن كانَ يُؤْمِنُ باللَّهِ واليَومِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген.

Бесінші: Көрші ақысын өтеу

Қазақ халқы көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген. Жан-жағында тіршілік етіп жатқан жандармен әрдайым тату тұрған. Сондықтан да бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген. Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп, қоңсыны Жаратушының Өзі белгілейтіндігіне сенген. Сондықтан да жақын көршіні «Құдайы көрші» деп атаған. Мұның мағынасы «Құдайдың Өзі қосқан, үйімізді, малымызды, жанымызды жапсарлас әрі жақын еткен» дегенге саяды. Тәңірдің Өзі таңдап қоңсы қылған соң ол жақсы болсын, жаман болсын, тату-тәтті тұрып, көршілік ақысын лайықты түрде өтеу керек деген наным қалыптасқан. Бұл нанымның негізі мұсылманшылықта жатыр. Өйткені көршімен жақсы мәміледе болу – шынайы мұсылмандық қасиет. Бұл жайында қасиетті аяттар мен хадистерде көп айтылады. Мысалы, Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 36-аятында:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا ۖ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ

«Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар», – деп айтқан.

Міне, осы аятта айтылғандай әлемдерді Жаратушы Хақ Тағала Өзінің құлдарын басқалармен бірге көршілерге де жақсылық жасауға бұйырады. Осылайша көршінің ақысы, көршіге қайыр жасау асыл дінімізде Құран аяттары мен хадис шәрифтермен нақты бекітілген бұлжымас қағида.

Шариғатымызда көршілердің бірнеше түрлері айтылып өткен. Мысалы:

  1. Туысқан әрі мұсылман көрші.
  2. Туыс бірақ мұсылман емес көрші.
  3. Туыс емес, бөгде мұсылман көрші.
  4. Мұсылман емес көрші.

Туысқан болып келетін көршінің үш ақысы бар: туыстық ақысы, мұсылмандық ақысы және көрші ақысы. Туыс болғанымен мұсылман болмаған көршінің екі ақысы бар: туыстық және көршілік ақысы. Туыс емес бөгде мұсылман көршінің екі ақысы бар: мұсылман бауырлық ақысы және көрші ақысы. Ал мұсылман емес көршінің бір ақысы, яғни тек көршілік ақысы ғана бар. Осылайша ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылмандарды көршілерімен жақсы болуға шақырады. Ол көрші мейлі мұсылман, мейлі кәпір болсын. Яғни көршіге қандай жағдайда да ізгі ниетте болып, егер көмек керек болса, көмек беріп, қиыншылыққа тап болса, жәрдемдесіп тұру қажет. Тым болмағанда көршіні көргенде сәлем беріп, оқта-текте үйлеріне бас сұғып, хал-жағдайларын сұрап тұру керек. Өйткені Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде көршінің туыстай болатындығын айтқан.

Қадірменді жамағат!

Ислам діні әлемдік дін болғандықтан ол адамзат қауымына ақиқатты танытып, әрбір ұлт пен ұлысқа өзінің салт-дәстүрлерін сақтай отыра ізгілік жолымен жүруді насихаттайды. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араб халқының исламға дейінгі дәуірдегі шариғатқа қайшы келмеген әдет-ғұрыптарының сол қалпында қолданылуына тыйым салған жоқ. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) мынадай хадис жеткен: «Бірде Әбу Суфиянның әйелі Хинд Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Әбу Суфиян сараң адам, егер мен оның рұқсатынсыз алмайтын болсам, ол маған және бала-шағама жететіндей нәпақа бермейді», – деді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خُذِي مِنْ مَالِهِ بِالْمَعْرُوفِ مَا يَكْفِيكِ أنْتِ وَوَلَدَكِ

«Өзіңе әрі балаңа ғұрыпқа сай жететін нәрсені ал!» – деп жауап берді» (имам Бұхари, Мүслим).

Бұл хадиске қатысты имам Нәуәуи «Сахих Мүслим» кітабында: «Шариғатта нақты айтылмаған мәселелерде, салт-дәстүрге сүйену керек», – деп айтқан. Ендеше ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) исламға дейінгі салт-дәстүрлердің дінге қайшы келмегеніне тыйым салмай, қайта оған амал еткен.

Әлмисақтан мұсылман болған қазақ халқы да әркез діні мен дәстүрін қадірлеп, ғасырдан ғасырға осы екі қасиетті ұғымды ұштастыра білу арқылы Құдайға деген құлшылығын жасап, дархан мінезінен таймай, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеп келген.

Алла Тағала біздерді асыл дінімізді берік ұстап, салтымызды сақтаған, дәстүрімізді құрметтеген ұрпақтардан болуды жазып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

БАС МҮФТИ ӘЙЕЛ ҰСТАЗДАРҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАДЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтиятта өткен «Деструктивті діни ағымдардың негізгі сипаттары және оңалту жұмысын жүргізудің тиімді жолдары» семинарының қорытынды рәсіміне арнайы қатысты.

Бас мүфти Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен өткен шарада: «Қазақта «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетелі» деген қанатты сөз бар. Бұл әйел адамның тұтас ұлын не қызын ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейтінін білдірсе керек. Қазіргі кездегі ата дінімізді, көркем сенімімізді қоғамға құбыжық етіп көрсетіп жатқан түрлі ағымдар бар. Оларға жас өскін еріп кетпеуі үшін шаңырақтың ұйытқысы болған ару-аналарымыздың тәрбиесі өте маңызды. Осы орайда әйел жамағатымен тығыз байланыстағы өздеріңіздің еңбектеріңізді ерекше атап өткім келеді. Сауапты һәм жауапты қызметтеріңізге Алла береке берсін» деді.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы аталмыш семинарға қатысқан әйел ұстаздарға сертификат табыс етті.

Айта кетейік, Әйел-қыздар секторының өңірлердегі жауапты өкілдері мен Астана қаласының ұстаздары қатысқан семинарда Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы және Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл насихат айтып, кеңестерін бөлісті. Ал семинардың негізгі бөлімін Діни оңалту бөлімінің маманы Данияр Кенжалин жүргізді.

muftyaf.kz

УАҒЫЗ АЙТУДЫҢ ӘДЕБІ МЕН МӘДЕНИЕТІ

Кеше тұңғыш рет елімізде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен «Қазақстан қоғамында уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» тақырыбында республикалық уағызшылар форумы өтті. Форумға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аймақтағы уағыз-насихат жұмыстарына жауапты 200-ден астам дін қызметкерлері, ұстаздар қатысты.

Форумда баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Имам – қоғамды тәрбиелеуші тұлға, ағартушы ұстаз. Отаншыл, аманатқа адал, адамгершілігі мол иманды ұрпақ тәрбиелеуде имамның атқаратын рөлі ерекше. Аллаға шүкір, халқымыздың рухани дамуына, қоғамда отбасы құндылығының артуына ағартушы ұстаздар мен дін қызметкерлері үлкен үлес қосып келеді.

Бұл ретте жамағатқа даналық жолмен насихат айтудың маңызы айрықша. Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда «Нахыл» сүресінің 125-аятында: «Раббыңның жолына даналықпен әрі жанға жағымды уағыз-насихат айту арқылы шақыр! Сондай-ақ Алла жолында күресу немесе сөз таластыру керек болғанда әрдайым сөз бен іс-әрекеттің ең жақсысын таңда…» деп әмір еткен.

Кейбір дін мамандары сөз жауапкершілігін сезінбей,  халқымыз қастер тұтқан ұлттық құндылықтарымыз бен тарихи тұлғаларымыз жайлы біржақты пікір айтып, қоғам сынына ұшырап жатады. Мұндайда Жүсіп Баласағұни бабамыз:

«Айтар сөзді сайлап алғын ақылмен,

Жауабың дөп, қатар түссін нақылмен», – демей ме?. Осы ретте дін қызметкерлерін тыңдаушылар алдында байсалды мінез танытып, әр мәселеге байыппен қарауға шақырамын», – деп атап өтті.

Расында ҚМДБ Төрағасы атап өткендей, дін адамы тек дін тақырыбында ғана айтуы тиіс. Алла Тағала өзіміз білмейтін нәрсенің соңына түспеуді ескерткен. Бұл туралы Құранда: «Өзің нақты білмейтін нәрсенің (мәліметтің) соңына түспе…» («Исра» сүресі, 36-аят) деп әмір етілген. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүминнің тілі жүрегінің түбінде болады. Егер бір нәрсені айтқысы келсе, оны жүрегімен тексеріп көреді, кейін тілімен айтады…» деген хадисі бар.

Форумда «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» құжаты қабылданды. Аталған тағылымды құжат дін қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеумен қатар Қазақстан қоғамында айтылатын уағыздың әдебі мен мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етпек.

Шынында уағыз адамды иман мен адами қасиетке үндейді. Діннің басты мақсаты да осы. Дінді адамзатқа жеткізу, уағыз айту – Алла Тағаланың разылығына жетудің ең жақын жолы. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім тура жолға шақырса оған ерген адамдардың сауаптары ешбір кемшіліксіз шақырушыға жазылады» деген. Уағыз айту – Пайғамбарлар, оларға ерген саңлақ сахабалар, табиғиндер, ғұламалар, салихалы имамдардың жолы. Осы жолды жалғаған барша ұстаздар мен уағызшы имамдарға Алла жар болсын! Әмин! 

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

ЕЛОРДАДА І РЕСПУБЛИКАЛЫҚ УАҒЫЗШЫЛАР ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ қоғамында уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» тақырыбында І республикалық уағызшылар форумы басталды.

Форумға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, облыс бас имамдары мен РАНТ, ЖАНТ мүшелері, әйел ұстаздар, мүфтият қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысуда.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны және Құран аяттарын оқумен басталды. Сондай-ақ Діни басқарма атқарған іс-шаралар жөнінде арнайы бейнеролик назарға ұсынылды.

«Имам – қоғамды тәрбиелеуші тұлға, ағартушы ұстаз. Отаншыл, аманатқа адал, адамгершілігі мол иманды ұрпақ тәрбиелеуде имамның атқаратын рөлі ерекше. Аллаға шүкір, халқымыздың рухани дамуына, қоғамда отбасы құндылығының артуына ағартушы ұстаздар мен дін қызметкерлері үлкен үлес қосып келеді. Біз бүгінгі форумда «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» құжатын қабылдаймыз. Аталған тағылымды құжат дін қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді деп санаймыз» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, алғаш рет өтіп отырған уағызшылар форумына 200-ден астам дін қызметкері қатысуда. 

mynfyat.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲