Cұрамшақтықпен айналысатындар Астана қаласынан шығарылды


Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астанада сұрамшақтықпен айналысатын Өзбекстанның 12 азаматы ұсталып, қаладан шығарылды.

Бұл туралы өзінің жеке блогында тұрғындардың сұрағына жауап берген елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

«Менің тапсырмаммен, 16 желтоқсан күні Астана қаласының Ішкі істер департаменті көші-қон полициясы бөлімінің қызметкерлері сұрамшақтықпен және қаңғыбастықпен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында Затаевич, Майкөтов, Уәлиханов көшелерінде, «Green» және «Артем» сауда үйлері маңындағы автотұрақтар аумағында шұғыл- алдын алу іс-шараларын өткізді. Нәтижесінде Өзбекстанның 12 азаматы (ұлттары люли), соның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған 5 бала анықталды. Олар автобуспен Астана-Шымкент бағыты бойынша елорда аумағынан шығарылды», – деп атап өтті әкім.

Қала басшысының айтуынша, 17 желтоқсан күні Уәлиханов көшесінің бойынан Өзбекстан Республикасының тағы 5 азаматы ұсталды. Олар сондай-ақ өз елдерінің шекараларына дейін депортацияланды.

«Қазіргі уақытта Астана қаласының ІІД Көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері лайықты құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында елорданың орталық көшелерінде патрульдік кезекшілікті жалғастыруда. Тілемсектікпен айналысатын тұлғаларға ерекше назар аударылуда», – деп түйіндеді И.Тасмағамбетов.

 

inform.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲