ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі Діни басқармадан жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» және «Жұма уағызы–III» кітаптарын өңірде насихаттау айлығын жариялаған болатын.
Осы шара аясында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында аталған кітаптардың таныстырылымы өтті.
Шараға Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің найб имамы Мади Мухтанов және ауыл имамдары, аудан тұрғындары, ақсақалдар қатысты.
Таныстырылым барысында Зайсан ауданының бас имамы жиналғандарға аталған кітаптардың діни сауаттылықты арттырудағы маңызын айта келе, бұл кітаптарды насихаттау, халыққа жеткізудегі атқарылатын шаралар туралы айтты.
Облыстық мешіттің найб имамы М.Мухтанов аталған екі кітапты жан-жақты талдап, мұнда түйткілді сұрақтардың жауабын табуға болатындығын жеткізді.
Жиында ауыл имамдарына аталған кітаптар таратылып, насихаттау міндеті жүктелді.