ХИКМЕТІ МОЛ ҚҰРБАН АЙТ

Құрметті мұсылман қауымы! Сіздерді барша мұсылмандарға ұлық болған Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл мереке Алланың елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударып келгенде, жергілікті халықтың бұрыннан келе жатқан екі мерекесі бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол мерекелерінің мәнін білуге құмартты. Олар бұрынғы джаһилия кезінен бері осы күндері де мерекелеп, көңіл көтеретіндіктерін айтты. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһ тағала осы екі мерекенің орнына одан да артық екі мейрам сыйлады, олар: Құрбан айт пен Ораза айты»,- деп, ендігі жерде мұсылмандардың мерекесі осы екі күн екенін ұқтырды.

Құрбан сөзі араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, құрбандық шалғандағы ықылас-ниетіміздің Аллаһ тағалаға жетіп, Жаратушымыздың ризашылығына бөленіп, Оған жақындай түсу деген сөз. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Яғни, жоғарыда атап өткеніміздей, құрбан айт мерекесінде жасалынатын басты амалдардың бірі – ол құрбан шалу.

Аллаһ тағала Құран кәрімде: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі кұндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!»,- деп айтқан ( «Хаж» сүресі, 27-28 аяттар).

Бұл аятта құрбандыққа шалынатын малдың Алладан берілген несібе екендігі айтылуда. Айт күндері құрбан шалу – ғибадат. Бірақ бұл жерде ескерілетін бір жайт – ол біздің құрбан шалғандағы ниетіміз. Шындығында, Аллаһ тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Алайда біздің бұл амалды ғибадат ретінде сезініп, шынайы ниетіміздің Аллаға жететіндігінде күмән жоқ. Адамның ішкі ниеті, шын пейілі, тақуалығы, жоқ-жітіктерге деген жанашырлығы сыналады. Құрбан айт мерекесінің бірден-бір мақсаты да осы. Бұл күні жамағат арасында бірлік күшейіп, мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, құттықтасуы арқылы өзара достық пен бауырмашылдықты нығайта түседі.

 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті”, – хадисінде айтылған «сүннет” – жол, бағыт деген мағынаны білдіреді. Яғни, біз үшін уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу – Ибраһимнің (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Қандай ғибадат болмасын өзіне тән шарттары болған секілді Құрбан шалудың шарттары төмендегідей:

1. Мұсылман болуы;

2. Ақылды және балиғат жасына толуы;

3.Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;

4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын не соның құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:

1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.

2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.

4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Аллаһ тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет”. («Хаж” сүресі, 37-аят).

Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Бұған дәлел Аллаһ Тағаланың қасиетті Құран Кәрімде айтқаны: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер”. («Хаж” сүресі, 22-28-аяттар)

Және де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шалған құрбанының етін таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын”. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Құрбан шалудың пайдалары мен хикметтерін де тоқтала кетсек:

– Аллаһ Тағаланың әмірлерін орындау әрдайым ризашылығына жақындатып, ақыретте сый-сыяпатына кенелтеді. Құрбан шалу да Аллаһ Тағаланың арнайы әмірі болғандықтан бұл әмірді ықыласпен орындаушы Раббысының ризашылығына қауышып, ана дүниеде жүзі жарқын болып, мол сауабына шомары сөзсіз.

– құрбан шалу – Ибраһим пайғамбарымыздан (а.с.) жалғасып келе жатқан сүннет. Иә, Ибраһим пайғамбарымыз (а.с.) Аллаһ Тағалаға берген сөзінде тұрып, бауыр еті баласы Исмайылды Ұлы Жаратушысының жолында пида ете алатындығын паш етіп, қиын сыннан өткен еді. Міне, құрбан шалу сол бір ғибратты оқиғаның ұмытылмас көрінісі.

– адам баласы құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.

– руханияттан алшақ болған мына материалдық дүниенің қыспағында қалып, тарыққан ішкі дүниеміз бен көкірек сарайымыз құрбан айттағы шалынған малдардың өзендей аққан қандарын әр-әр жерден көрген уақытта психологиялық тұрғыдан әсерленіп, бойындағы ауырлықтан жеңілдеп, көкірегіндегі қайғы-қасіретін ұмытып, адами табиғатында болатын ыза, кек, дұшпандық сияқты сезімдерден арылып, өне бойы жеңілдеп, сергіп қалады.

– жаратылысында өзімшілдік, сараңдық сияқты кейбір жаман сипаттардың дәнегі бар жалпы адам баласы құрбан айтта тек қана Аллаһ Тағаланың ризашылығы үшін кедей бауырларына жәрдем беру арқылы аталмыш болымсыз сипаттардың дәнегінің түбін балтамен шауып, оның орнына бойындағы бауырмалдық, жомарт, кішіпейіл сияқты кәмілдіктің белгісі саналатын сипаттар дәнегінің өніп-өсіп, жетілуі үшін су себеді.

– дүниежүзінде жылына миллиондаған мал сойылуда. Бірақ бұл сойылған малдың еттерінен көптеген кедей-кепшік мақрұм қалуда. Міне, құрбан айтта осы кедей, тұрмысы нашар адамдардың жүзіне күлкі үйіріп, шаттық байрағы желбірейді.

Олай болса, құрметті мұсылман бауырлар, Аллаһ Тағаланың бізге берген сыйы, пайдасы мен хикметі мол Құрбан айт мерекесін сауаппен өткізуге тырысайық! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Аллаһ Тағала қабыл етсін! Жаратушы Иеміз әрбір отбасына бақыт, береке берсін! Еліміз көркейіп, әрдайым бірлік пен ынтымақта болсын! Асыл дініміз Исламның өркендеп, қанат жаюына нәсіп етсін! Әмин.

Айт намазы облысымыздың «Қызылжар» орталық мешітінде а.ж. 15-қазан күні сағат 08.30-да оқылады. Мешітке келіп, жылына бір-ақ рет болатын ұлық мерекеде көрісіп,  жамағатпен намаз оқуға шақырамыз!

 

Облыстық «Қызылжар» орталық

                                                    мешітінің наиб имамы

                                         Алыпқашев А.Б.

 

Return to Top ▲Return to Top ▲