Құрметті отандастар!
Сіздерді Қазақстан мұсылмандары атынан егемен еліміздің 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сүйікті Отанымыз осы уақыт аралығында қол жеткізген жетістіктерімен шектеліп қалмай, одан әрі дамып, өркениет көшінен лайықты орнын ала бергей!
Экономика алға баспай, қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Мұны жете түсінген Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттің негізін қалауда демократиялық институттарды дамытып, халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналды, нарықтық экономиканың қарыштап дамуына оң серпін берді. Елбасы тарапынан жасалған нақты ұсыныстар мен тың идеялар қолдау тауып, Еуразиялық ықпалдастыққа, интеграциялық байланыстарға тыңнан түрен салды. Алла тағаланың қолдауымен Ұлт Көшбасшысының салиқалы саясаты мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде бүгінгі заманға лайық қазақ мемлекетінің іргетасы қаланды. Шежіреге толы 20 жылда ел экономикасы аяғынан тұрып, демографиялық жағдай жақсарды, бұрынғы кеңестік республикалар арасында алғашқы орынға табан тіреді.
Әлемдік қауымдастық алдында еліміздің абырой-беделі асқақтап, ғаламда тұрақтылық пен келісімнің орнығуына өзіндік үлес қосты.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ел басқарудағы ең негізгі жетістігі – кең байтақ қазақ жерін мекендеген түрлі діни конфессияны құрайтын сан алуан ұлт пен ұлыстың басын бір арнаға тоғыстырып, тонның ішкі бауындай ортақ мақсат пен мүдде жолында топтастыра білді. Олар қазақстандық екенін мақтаныш етеді. Нұрсұлтан Әбішұлын Елбасы ретінде бейбітшілік пен келісімнің, әр азамат өз құқықтары сақталуының кепілі деп түсінеді.
Әртүрлі діни сенім көзқарасындағылардың өзара түсіністігі мен достығы қандай да бір жанжал мен дүрдараздықтың алдын алары анық. Данагөй, үлкен жүректі, иманды Ұлт Көшбасшысы қысқа уақыт аралығында маңызды шешімдер қабылдап, тиімді нәтижелерге қол жеткізді. Тарих үшін қас-қағым уақыт аралығында көп шаруа атқарылды. Жаһандық қауіпсіздік пен өзара түсіністікке даңғыл жол ашылды.
Қазақстан экономикасы дамыған, әлеуеті мықты мемлекет болудың сара жолын таңдады. 20 жылда бұған тиісінше қол жеткіздік те. Елді бүгіннен де кемел болашаққа тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бастап барады.
Алла тағала бізге жар болып, бастаған барлық игі істеріміз оңынан келе бергей!
1991 жылы елімізде бар-жоғы 68-ақ мешіт болса, қазір олардың саны 2400-ден асты. Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қызылорда, Қарағанды, Тараз, Павлодар, Петропавл, Сәтбаев, Екібастұз, Теміртау және Алматы қалалары мен Алматы облысында ірі де зәулім мешіттер ашылып, халықты қуанышқа бөледі. Отанымызда Ислам мамандарын дайындауға көңіл бөлінуде. Республикамызда мұнымен 1 университет, 1 институт, 10 медресе жүйелі түрде шұғылдануда. Астана, Көкшетау, Қостанай, Өскемен мен Талдықорғанда келер жылы бүгінгі заманауи үлгідегі сәулеті келіскен зәулім мешіттер мұсылмандарға өз есігін айқара ашады деген үміттеміз.
Елбасымыз дініміздің, халқымыздың, кең байтақ құт қонған Отанымыздың қамқоры, таянышы, сүйеніші. Жаратушы Иеміз елімізді, Елбасымызды, дінімізді аман етіп, береке-бірліктен, бақ-дәулеттен айырмасын. Әумин!
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен
Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти
www.muftyat.kz