Барша мұсылман қауымы жылда тағатсыздана күтетін қасиетті Рамазан айына екі-ақ күн қалды, биыл ораза маусым айының 18-нен басталады. Тарауық намазы 17-сі басталады. Ораза қарсаныңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы жергілікті тілшілерге баспасөз мәслихатын өткізді.
«Маусым мен шілденің шіліңгір ыстығында ораза ұстаудың қиындығы айтпаса да түсінікті. Биыл ауыз ашу уақыты шамамен кешкі 10-нан басталады, ал сәресін түнгі 2-де ішеді. Яғни, уақыттың ұзақтығы 19 сағат, соған қарамастан ораза ұстаушылардың қатары жыл санап артып келеді», деді Кенжетай қажы Байкемелұлы.
Облыс имамының айтуынша, шамамен жылда отыз-қырық мыңға жуық адам ауыз бекітеді. Алғашқы күні «Қызылжар» орталық мешіті ораза ұстаушылар үшін ауыз ашар бермекші. Сондай-ақ, биыл Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз Үндеуінде жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көмек беруге шақырған. Осыған орай мешіт тарапынан қайырымдылық шараларын өткізу жоспарланып отыр.
«Қызылжар» орталық мешіті биылғы Рамазан айына тиянақты дайындалған. Оразаның қарсаңында облыс имамдары барлық аудандарды аралап, тұрғындарды қайырымыдылық пен ізгі амалдар жасауға шақырыпты. Сондай-ақ, Бас мүфтидің Рамазан айымен құттықтауын, Үндеуін жеткізіп, түсіндірді.