«Үлкен Қараой» мешіті
Ақжар аудандық «Үлкен Қараой» мешіті Ақжар ауданы Талшық кентінде орналасқан. 2004 жылы маусым айында Ресей Федерациясы Сібір бойынша наиб мүфтиі Әнуар қажы Жүнісов пен аудан әкімі Қайрат Сәкенұлының қатысуымен қазығы қағылды. 2008 жылы қарашада ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі және жоғарыда аталған адамдардың қатысуымен ашылды. Алла үйінің жалпы аумағы 227,7 шаршы метр, ауласы асфальтталған, гүл егілген. Ғимарат көлемі 198,4 шаршы метр, 270 адамға арналған. Биіктігі ішінен 5, сыртынан 8 метр. Алдыңғы екі бұрышына қабырғаға жапсарлас етіп екі мұнара салынған, биіктігі 14 метр. Телефон, компьютер және факс, теледидар қойылған. Сауат ашу курсына арналған бөлме бар. Дәрет алатын бөлме мешіт ішінде, жылыту қазандығы жертөледе орналасқан.