Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында Рухани келісім күніне орай жамағат арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті. Спорттық додаға өңірдің бас имамы Аян Болатұлы арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға қолдау білдірді.
Турнирге барлығы 8 команда қатысып, өзара бақ сынады. Олардың екеуі Солтүстік Қазақстан өңірінен келген командалар болды. Жарыс барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен командалар ақтық кезеңге жолдама алды.
Финалда Солтүстік өңірдің намысын қорғаған Жамбыл және Тимирязев аудандарының құрамалары кездесіп, жеңімпазды анықтады.Нәтижесінде Жамбыл ауданының командасы қарсыласынан басым түсіп, турнирдің бірінші орнын иеленді. Екінші орын Тимирязев ауданының құрамасына бұйырса, үздік үштікті Қостанай облысы Сарыкөл ауданының командасы түйіндеді.
Жарыс қорытындысы бойынша жекелей номинациялар да табысталды. Жамбыл ауданы командасының ойыншысы Әли Шәймерденов «Үздік ойыншы» атанса, Тимирязев ауданының қорғаушысы Әсет Макетаев «Үздік қорғаушы» номинациясына лайық деп танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ жарысқа қатысқан командаларға медальдар мен кубоктар табысталды. Айта кетейік, Жамбыл ауданының командасы сапында облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Аман Асылханұлы да өнер көрсетті.
✅ Бұл дода жамағат арасындағы өзара ынтымақты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға және рухани құндылықтарды спорт арқылы дәріптеуге бағытталды.








