ӘНҒАМ СҮРЕСІ

АТАУЫ

Әнғам сөзінің мағынасы «Шаруа малдары» дегенді білдіреді. Жалпы зекет берілетін төрт түлік малға (түйе, сиыр, қой, ешкі) қатысты айтылады. Бұл сүренің діни деректерде басқа атауы келмеген. Халифа Омар бұл сүре жайында «Құранның ең абзал сүрелерінен» деген.

           РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ

Құранғы реттілігі жағынан алтыншы сүре, ұзын жеті сүренің бірі, аят саны – 165. Cүре меккелік сүрелердің қатарында, Хижр сүресінен кейін, Саффат сүресінің алдында түсті деген дерек бар. Кейбір ғалымдардың пікірінше Әнғам сүресіндегі 20, 23, 91, 93, 114, 141, 151, 152, 153 аяттар Мәдина қаласында түскен.

 Басым бөлігі Меккеде түскендігі жайында ғалымдар бірауыздан келіскен. Құранның 7, 8-парасында 127-150 беттерде орналасқан.

ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

Сүре Мекке сүрелеріне тән ақида және иман негіздері қамтылады. Ибраһим мен әкесі Әзардың арасында болған оқиға желісі жарты бетте баян етіледі, пайғамбарлар, ізгілер қиссасы келмеген. Негізгі көтерілген тақырып –  иман негіздері, оны адамдардың жүрегіне бекіту, жан-жақты дәлелдер келтіру.

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Ибн Аббастан жеткен риуаятта: «Әнғам сүресі Мекке қаласында түнде толығымен түсті, сол кезде жетпіс мың періште Аллаға зікір айтумен болды»[1] делінген.

 Хадисте келгендей жетпіс мың періштенің осы сүренің түсу құрметіне Алланы зікір етуі Құранның басқа сүрелері секілді бұл сүреге берілген мәртебе.

ІНЖУЛЕРІ

[құпия істер]

﴿ وَهُوَ ٱللَّهُ فِى ٱلسَّمَـٰوَٰتِ وَفِى ٱلۡأَرۡضِ يَعۡلَمُ سِرَّكُمۡ وَجَهۡرَكُمۡ وَيَعۡلَمُ مَا تَكۡسِبُونَ﴾

Ол сендердің құпия сырларыңды да, жария істеріңді де, сондай-ақ (жақсы-жаман, адал-арам) не тауып, не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін жақсы біледі.

(Әнғам сүресі 3-аят)

[Алладан өзге ешкім құтқара алмайды]

﴿ وَإِن يَمۡسَسۡكَ ٱللَّهُ بِضُرٍّ فَلَا كَاشِفَ لَهُۥٓ إِلَّا هُوَۖ وَإِن يَمۡسَسۡكَ بِخَيۡرٍ فَهُوَ عَلَىٰ كُلِّ شَىۡءٍ قَدِيرٌ ﴾

Егер Алла сені қандай да бір қиындыққа душар етіп, саған зиян тигізсе, сені одан Алладан өзге ешкім де құтқара алмайды. Ал егер сені жақсылыққа бөлеп, саған қандай да бір пайда келтірсе, шүбәсіз, Оның құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді.

(Әнғам сүресі 17-аят)

[«Аһ» ұрып жүрмейік]

﴿ قَدۡ خَسِرَ ٱلَّذِينَ كَذَّبُواْ بِلِقَآءِ ٱللَّهِۖ حَتَّىٰٓ إِذَا جَآءَتۡهُمُ ٱلسَّاعَةُ بَغۡتَةً قَالُواْ يَـٰحَسۡرَتَنَا عَلَىٰ مَا فَرَّطۡنَا فِيهَا وَهُمۡ يَحۡمِلُونَ أَوۡزَارَهُمۡ عَلَىٰ ظُهُورِهِمۡۚ أَلَا سَآءَ مَا يَزِرُونَ ﴾

Күндердің күнінде Алламен қауышатындығына сенбегендер расында да үлкен зиянға ұшырады. Олар Алламен қауышпай тұрып қиямет қайым бастарына аяқ астынан орнағанда, өз қолымен істеген күнәларын арқалаған күйде: «Қап, әттеген-ай! (Басымызға мұндай күн туады деп ойламаған едік), дүниеде істеген күнәларымыз үшін өзімізге де обал жоқ!» – деп, аһ ұрып, опық жейді. Шынында, олардың арқалаған күнәлары қандай жаман еді!

(Әнғам сүресі 31-аят)

[ақирет тұрағы]

﴿ وَمَا ٱلۡحَيَوٰةُ ٱلدُّنۡيَآ إِلَّا لَعِبٌ وَلَهۡوٌۖ وَلَلدَّارُ ٱلۡاٰخِرَةُ خَيۡرٌ لِّلَّذِينَ يَتَّقُونَۚ أَفَلَا تَعۡقِلُونَ ﴾

 Дүние тіршілігі – құр ойын-күлкі мен уақытша сауық-сайран ғана. Ал Аллаға лайықты түрде тағзым етіп, Оған қарсы келуден барынша сақтанатын тақуа жандар үшін ақирет тұрағы (мекені) әлдеқайда қайырлы болмақ. Ендеше, сәл де болса, ақылға салып ойланбайсыңдар ма?!

(Әнғам сүресі 32-аят)

[адам ақылға салып ойланбай ма?]

﴿ وَمَا مِن دَآبَّةٍ فِى ٱلۡأَرۡضِ وَلَا طَـٰٓئِرٍ يَطِيرُ بِجَنَاحَيۡهِ إِلَّآ أُمَمٌ أَمۡثَالُكُمۚ مَّا فَرَّطۡنَا فِى ٱلۡكِتَـٰبِ مِن شَىۡءٍۚ ثُمَّ إِلَىٰ رَبِّهِمۡ يُحۡشَرُونَ ﴾

(Алла елшісінен мұғжиза көрсетуін талап етіп жүргендер, бір сәтке болса да жан-жақтарына зер салып қарамай ма екен?!) Жер басып жүрген жан-жануарлардың, қос қанатымен самғап ұшқан құстардың түр-түрі (өздерің сияқты қоғам болып топтасып тіршілік ететін, әрқайсысының өзіне тән өмір салты болған) өз алдына бірер үмбет болып табылады. Біз Кітапта (яғни күллі жаратылыс атаулының тағдыры жазылған Лаухул-Махфузда) еш нәрсені қалыс қалдырмадық, титтей де ағаттыққа жол бермедік. Кейін сол тіршілік иелерінің барлығы (өлгеннен кейін қайта тірілтіліп) Раббыларының дәргейіне жиналады.

(Әнғам сүресі 38-аят)

[Алла шексіз ілім иесі]

﴿ وَعِندَهُۥ مَفَاتِحُ ٱلۡغَيۡبِ لَا يَعۡلَمُهَآ إِلَّا هُوَۚ وَيَعۡلَمُ مَا فِى ٱلۡبَرِّ وَٱلۡبَحۡرِۚ وَمَا تَسۡقُطُ مِن وَرَقَةٍ إِلَّا يَعۡلَمُهَا وَلَا حَبَّةٍ فِى ظُلُمَـٰتِ ٱلۡأَرۡضِ وَلَا رَطۡبٍ وَلَا يَابِسٍ إِلَّا فِى كِتَـٰبٍ مُّبِينٍ ﴾

(Бейне бір тылсым қазына болған) ғайыптың кілттері Оның жанында, оларды Одан өзге ешкім білмейді. Ол құрлықта һәм теңізде не бар, не жоқ бәрін біледі. Оған тіпті бұтағынан үзіліп түскен бір тал жапырақтың да жайы мәлім. Жердің тас қараңғы қойнауындағы бір тал дәнек болсын, тіпті дымқыл немесе құрғақ болғанның бәрі де ап-айқын Кітапта (Алланың шексіз іліміне сүйенген тағдыр Кітабында) жазылған.

(Әнғам сүресі 59-аят)

[кіші өлім]

﴿ وَهُوَ ٱلَّذِى يَتَوَفَّىٰكُم بِٱلَّيۡلِ وَيَعۡلَمُ مَا جَرَحۡتُم بِٱلنَّهَارِ ثُمَّ يَبۡعَثُكُمۡ فِيهِ لِيُقۡضَىٰٓ أَجَلٌ مُّسَمًّىۖ ثُمَّ إِلَيۡهِ مَرۡجِعُكُمۡ ثُمَّ يُنَبِّئُكُم بِمَا كُنتُمۡ تَعۡمَلُونَ ﴾

Ол сендерді түнде (кіші өлім болған) ұйқыға жатқызып уақытша өлтіреді һәм күндіз не істеп, не қойғандарыңның бәрін біліп тұрады. Кейін сендерді (ұйқыларыңнан оятып) қайта тірілтеді, сөйтіп мерзімді күн, (межелі нысана) көрініс бергенше осылай жалғаса береді. Ақыр соңында бәрің Аллаға қайтасыңдар. Содан кейін Ол сендерді не істеп, не қойғандарыңнан толық хабардар етеді.

(Әнғам сүресі 60-аят)

[жалаңаш келіп, жалаңаш кетеміз]

﴿ وَلَقَدۡ جِئۡتُمُونَا فُرَٰدَىٰ كَمَا خَلَقۡنَـٰكُمۡ أَوَّلَ مَرَّةٍ وَتَرَكۡتُم مَّا خَوَّلۡنَـٰكُمۡ وَرَآءَ ظُهُورِكُمۡۖ  ﴾

(Қиямет күні Хақ тағала): «Міне, сендерді әу баста қалай жаратқан болсақ, бүгін де алдымызға дәл солай (жалаңаш күйде), өздеріңе бергеніміздің бәрін арттарыңа тастап жалғыз келдіңдер.

(Әнғам сүресі 94-аят)

[өліден тіріні, тіріден өліні шығарады]

﴿ إِنَّ ٱللَّهَ فَالِقُ ٱلۡحَبِّ وَٱلنَّوَىٰۖ يُخۡرِجُ ٱلۡحَىَّ مِنَ ٱلۡمَيِّتِ وَمُخۡرِجُ ٱلۡمَيِّتِ مِنَ ٱلۡحَىِّۚ ذَٰلِكُمُ ٱللَّهُۖ فَأَنَّىٰ تُؤۡفَكُونَ ﴾

Шүбәсіз, (топыраққа түскен) тұқымды да, дәнді де жарып (оларды бір жағынан топырақта шірітсе, бір жағынан оларға жаңа тіршілік сыйлау арқылы бүкіл өсімдіктерді жарататын) бір Алла. Ол өліден тіріні шығарады һәм тіріден өліні шығарушы. Міне, (шын Құдай) Алла осы. Ендеше, (осынау ақиқаттар «мен мұндалап» тұрғанда) олардан қалай ғана сырт айналып, сағым қуып, сан қилы теріс жолдарға түсіп кете барудасыңдар?!

(Әнғам сүресі 95-аят)

[Алла тумайды, әрі туылмаған]

﴿ بَدِيعُ ٱلسَّمَـٰوَٰتِ وَٱلۡأَرۡضِۖ أَنَّىٰ يَكُونُ لَهُۥ وَلَدٌ وَلَمۡ تَكُن لَّهُۥ صَـٰحِبَةٌۖ وَخَلَقَ كُلَّ شَىۡءٍۖ وَهُوَ بِكُلِّ شَىۡءٍ عَلِيمٌ ﴾

Ол – күллі аспан әлемі мен жерді жоқтан жаратқан Алла. Оның жұбайы болмаса баласы қайдан болсын?! Ол жаратылыс атаулыны бір Өзі жаратты. Ол – барлық нәрсені лайықты түрде білетін шексіз ілім иесі.

(Әнғам сүресі 101-аят)

[адамның ниет, амалына қарай]

﴿ فَمَن يُرِدِ ٱللَّهُ أَن يَهۡدِيَهُۥ يَشۡرَحۡ صَدۡرَهُۥ لِلۡإِسۡلَـٰمِۖ وَمَن يُرِدۡ أَن يُضِلَّهُۥ يَجۡعَلۡ صَدۡرَهُۥ ضَيِّقًا حَرَجًا كَأَنَّمَا يَصَّعَّدُ فِى ٱلسَّمَآءِۚ كَذَٰلِكَ يَجۡعَلُ ٱللَّهُ ٱلرِّجۡسَ عَلَى ٱلَّذِينَ لَا يُؤۡمِنُونَ ﴾

Алла кімді тура жолға салғысы келсе, оның көкірегін (яғни, көңілін иман нұрымен нұрландырып) Исламға айқара ашады. Ал кімді адастырғысы келсе, оның көкірегін бейне бір көкке көтеріліп бара жатқандай қысып, көңілін тым тар етіп, құлазытып қояды. Міне, Алла (көз алдарында қаншама дәлел мен аят тұрса да) иман етпейтіндерді осылайша қиын жағдайға қалдырып азаптайды.

(Әнғам сүресі 125-аят)

[ризық Алладан]

﴿ ۖ وَلَا تَقۡتُلُوٓاْ أَوۡلَـٰدَكُم مِّنۡ إِمۡلَـٰقٍ نَّحۡنُ نَرۡزُقُكُمۡ وَإِيَّاهُمۡۖ ﴾

Кедейліктен қорқып өз балаларыңды (құрсақта жатқанда да, дүниеге келгеннен кейін де) өлтірмеңдер, сендердің де, олардың да ризығын беретін Бізбіз.

(Әнғам сүресі 151-аят)

[ақты ақ, қараны қара де…]

﴿ وَأَوۡفُواْ ٱلۡكَيۡلَ وَٱلۡمِيزَانَ بِٱلۡقِسۡطِۖ لَا نُكَلِّفُ نَفۡسًا إِلَّا وُسۡعَهَاۖ وَإِذَا قُلۡتُمۡ فَٱعۡدِلُواْ وَلَوۡ كَانَ ذَا قُرۡبَىٰۖ ﴾

Өлшегенде, дәл өлшеп, таразыға тартқанда, дұрыс тартыңдар. Біз ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейміз. Сөйлегенде (яғни, билік айтқанда немесе куәлікке жүргенде), тіпті ең жақын туыстарыңа қарсы (куәлікке жүріп, билік айтуға тура келсе де) туралықтан таймаңдар, әділ болыңдар.

(Әнғам сүресі 152-аят)

[тек Алла үшін]

﴿ قُلۡ إِنَّ صَلَاتِى وَنُسُكِى وَمَحۡيَاىَ وَمَمَاتِى لِلَّهِ رَبِّ ٱلۡعَـٰلَمِينَ ﴾

Сондай-ақ оларға: «Менің намазым да, өзге құлшылықтарым да, тіршілігім де, өлімім де әлемдердің (күллі жаратылыстың) Раббысы бір Аллаға арналады».

(Әнғам сүресі 162-аят)

[әр адам өз жүгімен]

﴿ وَلَا تَزِرُ وَازِرَةٌ وِزۡرَ أُخۡرَىٰۚ ﴾

Әрбір жанның істеген күнәсі өзіне. Біреудің күнәсін басқа біреу арқаламайды.

(Әнғам сүресі 164-аят)


[1] Табарани хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲