Орта ғасырлардағы Еуропаның ғылыми, мәдени және әлеуметтік дамуына ислам өркениетінің ықпалы сан қырлы болды. Бұл ықпал ғылым мен философияны ғана емес, өнер мен сәулет, медицина мен фармацевтика, математика мен астрономия, ауыл шаруашылығы, музыка, әдебиет, технология және қолөнер секілді көптеген салаларды қамтыды.
XI–XIII ғасырлар аралығында Еуропа ислам әлемінде жинақталған ғылыми және зияткерлік мұрамен кеңінен таныса бастады. Бұл үдерісте араб тіліндегі ғылыми және философиялық шығармалардың латын тіліне аударылуы ерекше маңызға ие болды. Олардың қатарында мұсылман ғалымдарының төл еңбектерімен бірге антикалық дәуірдің, әсіресе Аристотель, Птолемей және басқа да грек ойшылдарының араб тілінде сақталып, түсіндірілген шығармалары болды.
Мұсылман ғалымдары антикалық мұраны тек сақтап, аударып қана қойған жоқ. Олар оған түсіндірмелер жазып, бұрынғы теорияларды сын тұрғысынан саралап, тәжірибелік бақылаулармен толықтырды және ғылымның бірқатар саласында жаңа тұжырымдар ұсынды. Кейін осы ғылыми мұраның Еуропаға таралуы ортағасырлық еуропалық ғылым мен философияның даму үдерісіне елеулі ықпал етті.
1. Ислам өркениетінің Еуропаға таралу жолдары
1154 жылы географ әл-Идриси Сицилия королі II Рожерге арнап «Нузһат әл-муштақ фи ихтирақ әл-афақ» атты әйгілі географиялық еңбегін жазды. Бұл шығарма ортағасырлық география мен картография тарихындағы маңызды мұралардың бірі саналады.
Еуропа мен ислам әлемі арасындағы ғылыми-мәдени байланыстың арналары әртүрлі болды. Соның нәтижесінде мұсылман елдерінде дамыған ғылыми білім Еуропаға, әсіресе Андалусия мен Сицилия арқылы тарады.
Бұл үдерісте Толедо қаласының орны ерекше болды. 1085 жылы қала христиан билігіне өткеннен кейін мұндағы араб тіліндегі ғылыми мұра еуропалық аудармашылардың назарын аударды. XII ғасырда Толедо араб тіліндегі математика, астрономия, медицина және философия еңбектерін латын тіліне тәржімалаудың аса маңызды орталықтарының біріне айналды. Осы аудармашылардың көрнектілерінің бірі – Герардо Кремоналық еді.
Сицилияда да ерекше мәдени ықпалдастық қалыптасты. Мұсылмандар аралды X ғасырда толықтай өз билігіне енгізіп, ал XI ғасырдың соңында Сицилия нормандардың қолына өтті. Саяси биліктің өзгеруіне қарамастан, араб тілді әкімшілік, ғылым және мәдениет өкілдерінің ықпалы белгілі бір уақыт бойы сақталды. Әсіресе II Рожердің сарайы әртүрлі мәдени дәстүрлер тоғысқан орта ретінде танылды. Оның сарайында мұсылман сарбаздары, шенеуніктері, ақындары мен ғалымдары қызмет етті.
Крест жорықтары да Еуропа мен Шам өлкесі арасындағы мәдени байланыстардың кеңеюіне белгілі бір дәрежеде жағдай жасады. Жерорта теңізіндегі сауда республикалары тауар алмасумен қатар адамдардың, идеялардың және білімнің қозғалысына ықпал етті. Антиохия да араб, грек және латын мәдениеттері түйіскен маңызды орталықтардың бірі болды.
Орта ғасырларда бірқатар еуропалық ғалымдар ислам әлемінің ғылымымен тікелей танысты. Леонардо Фибоначчи, Аделард Баттық және Константин Африкалық секілді тұлғалардың өмірі мен еңбектері Шығыс пен Батыс арасындағы білім алмасудың ауқымын көрсетеді. Олар математика, медицина, астрономия және басқа да ғылым салаларындағы араб тілді ғылыми мұраны Еуропаға жеткізуге үлес қосты.
Осылайша, ислам әлемінің ғылыми мұрасы Еуропаға тек аударма арқылы ғана емес, саяхат, сауда, дипломатиялық қатынас және көптілді мәдени орталықтардағы тікелей қарым-қатынас арқылы да тарады.
2. Антикалық ғылыми мұраның сақталуы және таралуы
Батыс Рим империясы құлағаннан кейін Батыс Еуропада антикалық дәуірге тиесілі кейбір грек ғылыми және философиялық мәтіндеріне қолжетімділік шектелді. Ал Шығыс Жерорта теңізі мен Таяу Шығыста грек ғылыми мұрасын аудару және зерттеу дәстүрі жалғаса берді.
VI–VII ғасырларда сирия тілді христиан ғалымдары мен дін қайраткерлері көптеген грек шығармаларын сирия тіліне аударды. Олардың қатарында Аристотель және басқа да ежелгі ойшылдардың логика, философия, медицина мен жаратылыстануға қатысты еңбектері болды.
Кейін бұл аударма дәстүрі ислам әлемінде жаңа серпін алды. Грек және сирия тілдеріндегі көптеген шығармалар араб тіліне аударылып, мұсылман ғалымдарының зерттеу нысанына айналды.
Бұл үдерісте Бағдат маңызды ғылыми орталық болды. Аббас әулеті дәуіріндегі аударма қозғалысы барысында медицина, философия, математика, астрономия және жаратылыстану салаларындағы көптеген шығармалар араб тіліне тәржімаланды.
Шығыс христиандары да аталған ғылыми байланыстың маңызды қатысушылары болды. Сирия тілін, грек тілін және араб тілін меңгерген ғалымдар антикалық мұраны араб тілді ғылыми ортаға жеткізуде үлкен қызмет атқарды. Солардың арасында Хунайн ибн Исхақ және оның мектебін атап өтуге болады.
Кейін араб және сирия тілдерінде сақталған немесе дамытылған ғылыми шығармалардың бір бөлігі латын тіліне аударылды. Бұл үдерісте Толедо мен Сицилия секілді орталықтардың маңызы зор болды.
Осылайша, антикалық ғылыми мұраның Еуропаға қайта таралуында бірнеше бағыт қатар жүрді: грек тіліндегі түпнұсқаларды тікелей игеру, грек тілінен сирия тіліне жасалған аудармалар және араб тілінде сақталып, түсіндірілген еңбектерді латын тіліне тәржімалау. Бұл үдерістердің жиынтығы ортағасырлық Еуропада ғылым мен философияның дамуына маңызды серпін берді.
3. Ислам ғылымы және Еуропа
Ислам өркениеті дәуірінде алгебра, математика, астрономия, медицина, оптика, химия, география және басқа да ғылым салалары айтарлықтай дамыды. Кейін бұл жетістіктердің маңызды бөлігі аудармалар арқылы Батыс Еуропаға жетті.
Әл-Хорезми есептеу мен алгебра тарихындағы аса маңызды тұлғалардың бірі болды. Оның еңбектері арқылы ондық позициялық санау жүйесі мен арифметикалық есептеу әдістері Еуропаға тарады. «Алгоритм» термині де ғалым есімінің латын тіліндегі нұсқасымен байланысты. XII ғасырда Честерлік Роберт әл-Хорезмидің «Әл-мұхтасар фи хисаб әл-жабр уәл-муқабала» еңбегін латын тіліне аударды.
Ибн әл-Хайсам оптика ғылымында тәжірибе мен бақылауға ерекше мән берген зерттеулер жүргізді. Оның жарық пен көру табиғаты жөніндегі еңбектері кейін Еуропадағы оптикалық зерттеулерге бастама болды.
Ислам әлемінде медицина да жоғары дәрежеде дамыды. Мұсылман дәрігерлерінің еңбектері латын тіліне аударылып, кейін еуропалық медицина орталықтарында кеңінен қолданылды.
Еуропалық ғалымдар Птолемейдің «Альмагест» секілді антикалық ғылыми шығармаларына да ерекше қызығушылық танытты. Мұндай еңбектердің араб тіліндегі нұсқалары мен оларға жазылған ғылыми түсіндірмелер Еуропадағы аударма қозғалысының маңызды нысанына айналды.
Герардо Кремоналықтың Толедоға келіп, араб тілін меңгеруінің басты себептерінің бірі де Птолемейдің «Альмагест» еңбегіне қол жеткізу болғаны айтылады. Кейін ол және басқа аудармашылар араб тіліндегі астрономиялық, математикалық, медициналық және философиялық шығармаларды латын тіліне тәржімалады.
Осы аудармалар арқылы әл-Кинди, әл-Фараби, әл-Фарғани, әр-Рази, Ибн Сина, әз-Зарқали, әз-Зәһрауи, Ибн әл-Хайсам және басқа да ғалымдардың мұрасы латын тілді Еуропаға тарады.
4. Химия
Еуропадағы ортағасырлық алхимия мен кейінгі химиялық білімнің дамуына араб тіліндегі еңбектердің ықпалы елеулі болды. Әсіресе Жәбир ибн Хайян атымен байланысты химиялық шығармалардың латын тіліндегі нұсқалары еуропалық алхимиялық әдебиеттің маңызды дереккөздерінің біріне айналды.
Жәбирге телінген бірқатар еңбектер XII ғасырдан бастап латын тіліне аударылды. Солардың бірі 1144 жылы Честерлік Роберт аударған, Еуропада Book of the Composition of Alchemy атауымен белгілі шығарма болды.
Әр-Разидің заттарды жіктеу, химиялық үдерістер мен зертханалық операцияларға қатысты шығармалары да араб тілді химиялық дәстүрдің маңызды бөлігі саналып, олардың кейбірі ортағасырлық латын ғылыми ортасына жетті.
Осы аудармалар Еуропада химиялық заттар, зертханалық құралдар және тәжірибелік операциялар туралы білімнің таралуына ықпал етті.
5. Астрономия және математика
Әл-Хорезми еңбектерінің латын тіліне аударылуы Еуропадағы математиканың дамуына үлкен ықпал етті. Оның есімінің латынша нұсқасынан «алгоритм» термині қалыптасса, «алгебра» атауы «әл-жабр» сөзінен тараған.
Араб тілді ғалымдар жазық және сфералық тригонометрияны дамытуға, астрономиялық кестелер жасауға және аспан денелерінің қозғалысын есептеуге елеулі үлес қосты. Әл-Баттани, әл-Фарғани, Әл-Хазини және басқа да астрономдардың шығармалары ортағасырлық Еуропада ерекше сұранысұа ие еді.
Мұайяд әд-Дин әл-Урди, Насир әд-Дин әт-Туси және Ибн әш-Шатыр секілді ғалымдар Птолемей астрономиясының кейбір мәселелерін қайта қарастырып, жаңа геометриялық модельдер ұсынды. Кейінгі зерттеулер исламдық астрономиялық модельдер мен ерте жаңа дәуірдегі еуропалық астрономия арасындағы кейбір математикалық ұқсастықтарды көрсеткенімен, олардың Коперникке нақты қандай жолмен жеткені жөніндегі мәселе әлі де зерттелуде.
1202 жылы Леонардо Фибоначчи Liber Abaci еңбегі арқылы үнді-араб санау жүйесінің Еуропада кеңінен танылуына ықпал етті.
Сфералық тригонометрияда Ибн Муғаз әл-Жайяни және Жәбир ибн Афлаһ секілді Андалусия ғалымдарының еңбектері де маңызды орын алды. Кейін олардың ғылыми идеялары латын тілді математика мен астрономия әдебиетіне енді.
6. Медицина
Ибн Синаның «әл-Қанун фит-тибб» – «Медицина каноны» ортағасырлық медицинаның аса беделді шығармаларының бірі болды. Еңбек латын тіліне аударылғаннан кейін Еуропада кең таралып, бірнеше ғасыр бойы медицина саласындағы негізгі анықтамалық және оқу еңбектерінің қатарында қолданылды. Баспа ісі қалыптасқаннан кейін ол XV–XVI ғасырларда бірнеше мәрте қайта басылды.
Ибн Сина аурулардың белгілерін, диагностика мен емдеу тәсілдерін жүйелі түрде баяндап, жұқпалы аурулардың таралуына қатысты маңызды бақылаулар қалдырды.
Оның «Китаб әш-Шифа» атты шығармасы атауына қарамастан медициналық кітап емес, логика, жаратылыстану, математика және метафизиканы қамтитын ірі философиялық-ғылыми энциклопедия болды.
Әбу Бәкір әр-Разидің «әл-Хауи фи әт-тибб» атты көлемді медициналық жинағы да Еуропада танылды. Оның қызылша мен шешекті ажыратып сипаттауы медицина тарихындағы белгілі жетістіктердің бірі болып саналады.
Әбу әл-Қасым әз-Зәһрауидің «әт-Тасриф лиман ажаза ан әт-таълиф» атты энциклопедиясы, әсіресе хирургияға арналған бөлімімен әйгілі болды. Онда көптеген хирургиялық құралдардың суреттері мен оларды қолдану тәсілдері сипатталды.
Бұл еңбектің хирургиялық бөлімі латын тіліне аударылып, Еуропадағы медицина саласында ұзақ уақыт қызмет етті.
Ибн Сина, әр-Рази және әз-Зәһрауи секілді дәрігерлердің шығармаларының латын тіліне таралуы Еуропадағы медициналық білімнің жүйеленуіне және хирургиялық тәжірибенің жетілуіне маңызды үлес қосты.
7. Физика және оптика
Ибн әл-Хайсамның «Китаб әл-Маназир» – «Оптика кітабы» физика және оптика тарихындағы аса маңызды еңбектердің бірі саналады. Оның ғылыми маңызы жарық пен көру құбылыстарын бақылау және тәжірибе арқылы зерттеуге ерекше мән беруінен көрінеді.
Ибн әл-Хайсам көру үдерісін түсіндіруде көзден сәуле шығады деген антикалық теорияларды сынға алып, заттардан шағылған немесе таралған жарық көзге түскенде көру жүзеге асады деген бағытты дамытты.
«Оптика кітабының» латын тіліндегі нұсқасы ортағасырлық және кейінгі еуропалық оптикаға зор әсер етті. Роджер Бэкон, Витело және кейін Иоганн Кеплер секілді ғалымдардың зерттеулерінен бұл ғылыми дәстүрдің жалғастығын көруге болады.
Оптика саласындағы білім бейнелеу өнері мен перспектива теориясының дамуына да жанама түрде ықпал етті. Қайта өрлеу дәуіріндегі суретшілер кеңістікті геометриялық тұрғыдан бейнелеу және оптикалық құбылыстарды зерттеу мәселелеріне ерекше назар аударды.
Ибн Сина мен Ибн Бажжа секілді мұсылман философтары қозғалыс табиғаты жөніндегі аристотельдік түсініктерді талқылап, жетілдіруге тырысты. Кейбір ғалымдар мұндай пікірлер мен кейінгі еуропалық импетус теориялары арасында идеялық сабақтастық болғанын қарастырады. Алайда ықпалдың нақты арналары мен деңгейі жөніндегі мәселе ғылыми пікірталас нысаны болып қала береді.
8. Өнер
Исламдық сәндік-қолданбалы өнер туындылары орта ғасырлар бойы Еуропада жоғары бағаланды. Әсіресе тоқыма бұйымдары шіркеу киімдерін, перделерді, салтанатты жамылғыларды және ақсүйектердің киімдерін дайындауда қолданылды.
Ислам әлемінен әкелінген жоғары сапалы қыш бұйымдар да Еуропада сұранысқа ие болды. Олардың геометриялық және өсімдік өрнектері, аңшылық көріністері мен арабша жазулары еуропалық көркемдік ортада ерекше сәндік сипат ретінде қабылданды.
Ортағасырлық Сицилия өнері норман, араб және византиялық көркемдік дәстүрлердің тоғысуымен ерекшеленді. Бұл өзара ықпал мозаикадан, сәулеттен, металл өңдеуден, ою-өрнектен және сәндік бұйымдардан байқалды.
9. Жазу өнері: араб жазуына еліктеу
Орта ғасырлар мен Қайта өрлеу дәуіріндегі Батыс Еуропа өнерінде арабтың куфи жазуының сыртқы пішініне еліктеп жасалған сәндік жазулар кездеседі. Қазіргі өнертануда бұл құбылыс көбіне «псевдокуфи» деп аталады.
Еуропалық суретшілер мен қолөнершілер арабша мәтіннің мағынасын әрдайым түсіне бермегендіктен, жазудың графикалық пішінін сәндік элемент ретінде пайдаланған. Псевдокуфи үлгілері маталарда, сурет жиектерінде, діни кейіпкерлердің киімдері мен нимбтерінде қолданылды.
Бұл тәсілдің белгілі мысалдары Джотто ди Бондоне және өзге де ортағасырлық, Қайта өрлеу дәуірі суретшілерінің шығармаларынан кездеседі.
Псевдокуфидің діни суреттерде қолданылуының нақты себебі біржақты анықталған жоқ. Кейбір зерттеушілер шығыс жазуы батыстық суретшілер үшін қасиетті жерлердің көне дәуірін білдіретін көркемдік белгі ретінде қабылданған болуы мүмкін деп түсіндіреді.
Осылайша, араб каллиграфиясының көркемдік сипаты Батыс Еуропада мәтіндік мағынасынан ажырап, дербес сәндік элемент ретінде де таралды.
10. Ислам кілемдері (жайнамаздар)
Таяу Шығыстан, Анадолыдан, Шам өлкесінен және Мысырдан Еуропаға жеткізілген исламдық кілемдер байлық пен әлеуметтік мәртебенің маңызды нышанына айналды.
Оларды ортағасырлық және Қайта өрлеу дәуіріндегі еуропалық кескіндемеден жиі кездестіруге болады. Суретшілер шығыс кілемдерін тақтар, үстелдер, мінберлер мен қасиетті тұлғалар бейнеленген композицияларда сән-салтанат белгісі ретінде қолданды.
Кейбір ерте түрік кілемдеріндегі жиектер куфи жазуын еске түсіретін псевдокаллиграфиялық өрнектермен безендірілді. Осындай кілемдердің Еуропаға көптеп экспортталып, еуропалық кескіндемеде жиі бейнеленуі исламдық көркемдік үлгілердің Батыс өнеріне таралуының айқын мысалдарының бірі болды.
11. Музыка
Еуропалық музыкалық аспаптардың қалыптасуына Шығыс пен Жерорта теңізі мәдениеттерінің ықпалы да байқалды. Мәселен, арабтың рабаб аспабы еуропалық ысқылы ішекті аспаптардың даму тарихымен байланыстырылып қарастырылады. Лютня тәрізді еуропалық аспаптардың атауы мен құрылымында арабтың уд аспабының ықпалы айқын көрінеді. Кейбір үрмелі аспаптардың дамуында да Шығыс музыкалық дәстүрлерімен сабақтастық байқалады.
Еуропадағы трубадурлық поэзияның шығу тегі жөнінде әртүрлі теориялар бар. Олардың бірі бұл дәстүрдің Андалусиядағы араб поэзиясы мен музыкалық мәдениетінің ықпалын қабылдаған болуы мүмкін екенін алға тартады.
Алғашқы белгілі трубадурлардың бірі Аквитаниялық Вильгельм IX ислам әлемімен крест жорықтары мен Иберия түбегіндегі саяси-әскери байланыстар арқылы жанасқан.
XX ғасырда Рамон Менендес Пидаль және басқа да зерттеушілер трубадур поэзиясы мен Андалусияның араб поэзиялық дәстүрлері арасындағы ықтимал байланыстарды қарастырды. Алайда бұл мәселе әдебиеттануда біржақты шешілген мәселе емес.
Батыстық сольфеджио буындарының араб музыкалық жүйесімен байланысы болуы мүмкін деген болжам да тарихта ұсынылған. XVII ғасырда Франц Менинский, кейін XVIII ғасырда Жан-Бенжамен де Лаборд осындай пікір білдірді. Дегенмен қазіргі таңда бұл теорияны тікелей дәлелдейтін жеткілікті тарихи құжаттар жоқ, сондықтан оны ғылыми тұрғыдан болжам ретінде ғана қарастырған дұрыс.
12. Технология және ауыл шаруашылығы
Орта ғасырларда ислам әлемінде қолданылған немесе жетілдірілген бірқатар технологиялар Еуропаға тарады. Олардың қатарында ауыл шаруашылығындағы суару әдістері, астрономиялық аспаптар, механикалық құрылғылар, қағаз жасау және әртүрлі өндірістік технологиялар болды.
Астролябия ежелгі дүниеде белгілі болғанымен, мұсылман астрономдары оның теориясы мен конструкциясын айтарлықтай жетілдіріп, астрономияда, уақытты анықтауда және географиялық есептерде кеңінен пайдаланды. Әз-Зарқали жасаған әмбебап астролябия да аспап жасаудағы маңызды жаңалықтардың бірі болды.
Ислам әлемінде су сағаттары, автоматты механизмдер, тісті берілістер мен су көтергіш құрылғылар жетілдірілді. Мұндай механикалық білімнің Жерорта теңізі арқылы Еуропаға таралуы ортағасырлық еуропалық техника тарихының маңызды құрамдас бөлігі болды.
Дистилляция көне дүниеде белгілі болғанымен, исламдық алхимия мен фармацевтикада ол жүйелі түрде дамытылды. Еуропалық ғылыми лексикадағы alembic сөзі араб тіліндегі «әл-инбик» атауы арқылы тараған. Alcohol сөзінің де тарихи этимологиясы арабтың «әл-кухл» сөзімен байланысты.
Ауыл шаруашылығындағы исламдық ықпалға қатысты тарихнамада кең пікірталас бар. 1970-жылдары тарихшы Эндрю Уотсон «араб ауыл шаруашылығы төңкерісі» тұжырымдамасын ұсынып, ислам әлемінде жаңа дақылдар мен суару технологияларының кең таралуы экономикалық және демографиялық өзгерістерге ықпал етті деп пайымдады.
Ол цитрус өсімдіктері, күріш, мақта, қант құрағы және басқа да дақылдардың ислам әлемінің әртүрлі аймақтарында кең таралуына назар аударды.
Кейін Майкл Деккер секілді зерттеушілер бұл тұжырымның кейбір қырларын сынға алды. Олар бірқатар дақылдардың Жерорта теңізі аймағында ислам дәуірінен бұрын да белгілі болғанын және өзгерістерді толыққанды «ауыл шаруашылығы төңкерісі» деп атаудың күрделі мәселе екенін көрсетті.
Соған қарамастан ислам әлемінде суару жүйелерінің, гидравликалық құрылғылардың, қант өндірісінің, қағаз жасаудың, жібек өндірісінің және хош иіс жасау технологияларының дамығаны және олардың бірқатарының Еуропамен технологиялық алмасуға қатысқаны анық.
Бұл үдерістер өндірістің кейбір салаларында адам мен жануар күшіне тәуелділікті азайтып, су және механикалық күшті тиімдірек пайдалануға жағдай жасады.
13. Теңге соғу ісі
Исламдық ақша жүйесі мен монета үлгілері ортағасырлық Еуропаның кейбір аймақтарындағы теңге соғу дәстүріне ықпал етті.
VIII ғасырда Мерсия королі Оффа Аббас әулетінің алтын динарына өте ұқсас монета соқтырды. Оның бір жағында «OFFA REX» деген латынша жазу болғанымен, монетаның жалпы безендірілуі мен арабша жазуы исламдық динар үлгісіне негізделді.
Сицилия, Мальта және Оңтүстік Италияда исламдық дәуірден бастау алған тари атты алтын монеталар кейінгі христиан билеушілері тұсында да соғылды.
Нормандар Сицилияны жаулап алғаннан кейін араб және латын жазулары қатар қолданылған монеталар шығарды. Мұның өзі саяси билік ауысқанымен, бұрынғы экономикалық және көркемдік дәстүрлердің белгілі дәрежеде жалғасқанын көрсетеді.
Оңтүстік Италияда араб жазуын еске түсіретін, бірақ нақты мәтін құрамаған псевдокуфи сипатындағы монеталық жазулар да кездескен.
Орта ғасырларда Византия мен ислам әлемінің алтын монеталары халықаралық саудада кеңінен қолданылды. XIII ғасырдан бастап Флоренция мен Генуя секілді итальян қалалары өздерінің беделді алтын валюталарын шығара бастады.
14. Әдебиет
Ислам әдебиеті мен діни-философиялық шығармалардың ортағасырлық Еуропа әдебиетіне ықпалы жөніндегі ең көп талқыланған мәселелердің бірі – Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясы» мен исламдық Исра-Миғраж оқиғасы арасындағы ықтимал байланыс.
1919 жылы испан арабтанушысы Мигель Асин Паласиос «Құдіретті комедиядағы» о дүние, жұмақ пен тозаққа қатысты бірқатар көріністерді исламдық негіздермен салыстырып, Данте ислам әлеміндегі кейбір баяндаулардан тікелей немесе жанама түрде әсер алған болуы мүмкін деген тұжырым ұсынды.
XIII ғасырда Мұхаммед пайғамбардың Миғраж оқиғасы туралы арабтық баяндаудың латын және көне француз тіліндегі нұсқалары Еуропада белгілі болды. Латынша нұсқа Liber Scalae Machometi – «Мұхаммедтің (с.ғ.с) көтерілу кітабы» деген атаумен танылды.
15. Философия
Ислам философиясының араб тіліндегі шығармалары Андалусия және басқа да аударма орталықтары арқылы латын және иврит тілдеріне аударылып, ортағасырлық Еуропадағы философиялық пікірталастарға елеулі ықпал етті.
Ибн Сина өзіндік философиялық жүйе қалыптастырды. Оның метафизика, логика, жан туралы ілім және болмыс мәселесіне қатысты көзқарастары ислам әлемінде ғана емес, латындық схоластикада да кеңінен талқыланды.
Ибн Сина әсіресе мән мен болмыстың арақатынасын философиялық тұрғыдан терең талдады. Оның идеялары кейінгі христиан және еврей философтарының еңбектерінде қабылданып, қайта қарастырылды.
Ибн Рушд Аристотель философиясына жазған көлемді түсіндірмелері арқылы Батыс Еуропада аса танымал болды. Оның еңбектері XIII ғасырдан бастап Париж және басқа да еуропалық университеттік орталарда қызу пікірталас туғызды.
Осы ықпал нәтижесінде Батыста аверроизм деп аталатын философиялық бағыт қалыптасты. Алайда латын аверроистерінің барлық көзқарасын Ибн Рушдтың өзінің түпнұсқа ілімімен толықтай теңестіруге болмайды.
Ибн Рушд пен Ибн Сина Аристотель мұрасын түсіндірудің бірқатар мәселесінде бір-бірінен ерекшеленді. Әсіресе ақылдың табиғаты, таным және метафизика мәселелерінде олардың философиялық ұстанымдары арасында маңызды айырмашылықтар болды.
Әбу Хамид әл-Ғазалидің еңбектері де ортағасырлық еврей және христиандық философиялық ортаға белгілі болды. Оның философиялық идеялары мен философтарға бағытталған сыны кейінгі ойшылдардың назарын аударды.
Мұса ибн Маймун, Фома Аквинский және басқа да ортағасырлық ойшылдардың шығармалары ислам философиясымен қатар өрбіген кең ауқымды интеллектуалдық диалог аясында қалыптасты.
Жалпы алғанда, Ибн Сина, Ибн Рушд, әл-Ғазали, әл-Фараби және басқа да мұсылман ойшылдарының еңбектерінің латын және иврит тілдеріне аударылуы ортағасырлық Еуропада метафизика, логика, таным теориясы, табиғат философиясы және теология салаларындағы пікірталастардың дамуына маңызды үлес қосты.
Қорытынды
Ислам өркениеті мен ортағасырлық Еуропа арасындағы қарым-қатынасты біржақты ықпал ету үдерісі ретінде ғана қарастыру жеткіліксіз. Бұл – антикалық, исламдық, христиандық, еврейлік және басқа да интеллектуалдық дәстүрлер өзара тоғысқан күрделі тарихи білім алмасу үдерісі.
Ислам әлемінің айрықша рөлі антикалық мұраны сақтаумен ғана шектелмеді. Мұсылман ғалымдары математика, медицина, астрономия, оптика, философия және технология салаларында өзіндік ғылыми зерттеулер жүргізіп, бұрынғы білімді дамытты және жаңа ғылыми мәселелер қойды.
Андалусия, Сицилия, Толедо, Оңтүстік Италия және Жерорта теңізінің өзге де орталықтары осы білім алмасудың негізгі көпірлеріне айналды. Аударма қызметі арқылы араб тіліндегі ғылыми мұра латын тілді Еуропаға жетіп, университеттік білімнің, схоластикалық философияның және жаратылыстану ғылымдарының дамуына ықпал етті.
Сонымен бірге бұл ықпал ғылыммен ғана шектелмеді. Исламдық көркемдік өрнектер, кілемдер, қолөнер бұйымдары, музыкалық аспаптар, ақша соғу үлгілері, ауыл шаруашылығы мен технологиялық тәжірибелер де Еуропаның материалдық және көркемдік мәдениетінің дамуымен өзара ықпалдасты.
Сондықтан ислам өркениетінің Еуропаға әсері адамзат тарихындағы мәдениеттер арасындағы білім мен тәжірибе алмасудың маңызды мысалдарының бірі ретінде қарастырылуы тиіс. Ортағасырлық ислам әлемі мен Еуропа арасындағы осы ғылыми-мәдени байланыстар кейінгі еуропалық интеллектуалдық өрлеудің қалыптасуына қатысқан маңызды тарихи факторлардың бірі болды.

