МӘИДӘ СҮРЕСІ

АТАУЫ

Мәидә сөзінің мағынасы «Ас толы дастархан» дегенді білдіреді. Діни кітаптарында Мәидә сүресі басқаша «Ғуқуд» (келісімдер) деп атайды. Бұлай аталуы алғашқы аятында осы сөз келуі себеп болды. Кейбір деректерде сүренің атауы «Мунқизә»[1] (азап періштелерінен құтқарушы)  деп келген.

         РЕТТІЛІГІ, АЯТ САНЫ

Реттілігі жағынан бесінші сүре, Құрандағы ұзын жеті сүренің бірі, аят саны – 120. Сүре ғалымдардың кейбір тұжырымы бойынша хижреттің алтыншы жылы, кейбір деректерде «Фатх» сүресінен кейін түсті делінген. Сүре Құранның 6,7 – парасында 106-127 беттерде орналасқан.

ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

Сүреде әзірет Исаға (а.с.) ерген бір топ хауарилердің[2] Алла Тағаладан көктен дастархан түсіруін өтінгеніне қатысты оқиға баяндалады, сол себепті бұл сүре «Мәидә», яғни, «дастархан» деп аталған. Сүреде негізінен құқықтық мәселелер қамтылған. Атап айтқанда: неке, аңшылық, адал ас, кәпірлерді дос тұту, ұрлық, кек алу, арақ, тазалық. 

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Мәидә сүресіндегі кейбір аяттар пайғамбарымызға (с.ғ.с) ең соңғы түскен аяттардың қатарында. Ғұлама Қуртубидің тәпсір кітабында  мына хадисті мысалға келтіреді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қоштасу құтпасында Мәидә сүресін оқып, былай деді: «Уа адам баласы маған Құрандағы ең соңғы түскен сүре Мәидә сүресі ондағы адал еткенімді адал, арам еткенімді арам тұтыңдар»[3] деген.  

Бұл дерек жоғарыдағы хижреттің алтыншы жылы түсті деген пікірге қайшы келмейді, өйткені Мәидә сүресінің түсуі бірнеше жылға жалғасқан.

            ІНЖУЛЕРІ

[харам ет түрлері]

﴿ حُرِّمَتۡ عَلَيۡكُمُ ٱلۡمَيۡتَةُ وَٱلدَّمُ وَلَحۡمُ ٱلۡخِنزِيرِ وَمَآ أُهِلَّ لِغَيۡرِ ٱللَّهِ بِهِۦ وَٱلۡمُنۡخَنِقَةُ وَٱلۡمَوۡقُوذَةُ وَٱلۡمُتَرَدِّيَةُ وَٱلنَّطِيحَةُ وَمَآ أَكَلَ ٱلسَّبُعُ إِلَّا مَا ذَكَّيۡتُمۡ وَمَا ذُبِحَ عَلَى ٱلنُّصُبِ وَأَن تَسۡتَقۡسِمُواْ بِٱلۡأَزۡلَـٰمِۚ ذَٰلِكُمۡ فِسۡقٌۗ ﴾

Сендерге арам өлген мал, қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан сойылған малдың еті харам етілді. Сондай-ақ жаны шықпай жатып (шариғатқа сай) бауыздап үлгергендеріңді қоспағанда, буынып, соққы жеп, биіктен құлап, сүзіліп немесе жыртқыш аңға таланып өлген малдың еті һәм пұттардың алдында сойылған және жебемен (яки басқа нәрсемен) бал ашып немесе құмар ойындарын ойнап тапқан малдың еті (мен басқа да азық түрлері) харам етілді.

(Мәидә сүресі 3-аят)

[ислам – кәміл дін]

﴿ ٱلۡيَوۡمَ أَكۡمَلۡتُ لَكُمۡ دِينَكُمۡ وَأَتۡمَمۡتُ عَلَيۡكُمۡ نِعۡمَتِى وَرَضِيتُ لَكُمُ ٱلۡإِسۡلَـٰمَ دِينًاۚ ﴾

Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым.

(Мәидә сүресі 3-аят)

[шарасыз қалғанда ]

﴿ فَمَنِ ٱضۡطُرَّ فِى مَخۡمَصَةٍ غَيۡرَ مُتَجَانِفٍ لِّإِثۡمٍ فَإِنَّ ٱللَّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾

Кім аштықтан шарасыз қалса, күнәға ауытқымаса (жеуге болады.) Шәксіз Алла тым жарылқаушы, ерекше мейірімді.

[дәреттің парыздары]

﴿ يَـٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓاْ إِذَا قُمۡتُمۡ إِلَى ٱلصَّلَوٰةِ فَٱغۡسِلُواْ وُجُوهَكُمۡ وَأَيۡدِيَكُمۡ إِلَى ٱلۡمَرَافِقِ وَٱمۡسَحُواْ بِرُءُوسِكُمۡ وَأَرۡجُلَكُمۡ إِلَى ٱلۡكَعۡبَيۡنِۚ

Уа, мүміндер! Намазға тұрар алдында беттеріңді жуыңдар, қолдарыңды шынтаққа дейін (яғни, шынтақты қоса) жуыңдар, бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды тобыққа дейін (яғни, тобықты қоса) жуыңдар.

(Мәидә сүресі 6-аят)

[ислам – жеңілдік діні]

﴿مَا يُرِيدُ ٱللَّهُ لِيَجۡعَلَ عَلَيۡكُم مِّنۡ حَرَجٍ ﴾

Алла сендерге ауыршылықты қаламайды

(Мәидә сүресі 6-аят)

[кісі өліміне себеп болу]

﴿ مَن قَتَلَ نَفۡسَۢا بِغَيۡرِ نَفۡسٍ أَوۡ فَسَادٍ فِى ٱلۡأَرۡضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ ٱلنَّاسَ جَمِيعًا وَمَنۡ أَحۡيَاهَا فَكَأَنَّمَآ أَحۡيَا ٱلنَّاسَ جَمِيعًاۚ ﴾

Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады.

(Мәидә сүресі 32-аят)

[мұратыңа жету үшін]

﴿ يَـٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓاْ إِنَّمَا ٱلۡخَمۡرُ وَٱلۡمَيۡسِرُ وَٱلۡأَنصَابُ وَٱلۡأَزۡلَـٰمُ رِجۡسٌ مِّنۡ عَمَلِ ٱلشَّيۡطَـٰنِ فَٱجۡتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمۡ تُفۡلِحُونَ﴾

Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап (сынды адамды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер), құмар һәм өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен (яки құмалақ, карта сынды басқа да нәрселермен) бал ашу – шайтанға ғана тән лас істер. Ендеше, (екі дүниеде де) мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар.

(Мәидә сүресі 90-аят)


[1] Суютидың «Итқан» кітабында келген

[2]https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A5%D0%B0%D1%83%D0%B0%D1%80%D0%B8

[3] Ахмад хадистер жинағы

Return to Top ▲Return to Top ▲