Солтүстік Қазақстан облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков Мағжан Жұмабаев ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында өңірдің бас имамы алдымен Возвышенка елді мекеніне барып, жергілікті мешітте жамағатпен жүздесті. Кездесу кезінде діни-рухани бағытта уағыз-насихат айтып, жамағаттың сұрақтарына жауап берді.
Одан кейін Хамзат Қажымұратұлы аудан орталығы – Булаев қаласына ат басын бұрды. Аудандық мешітте жұма намазын өткізіп, жамағатқа «Дұға мен тілек тілудің әдебі» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Уағыз барысында дұғаның маңызы, оны қабыл болатындай етіп тілеудің әдептері кеңінен түсіндірілді.
Сапар аясында бас имам Булаев қаласында салынып жатқан жаңа мешіттің құрылысымен де танысты. Құрылыс алаңында аудан әкімі, ардагерлер кеңесінің төрағасы және мешіттің бой көтеруіне атсалысып жатқан кәсіпкерлермен кездесу өтті. Кездесу барысында құрылыс жұмыстарының барысы талқыланып, жауапты тұлғалардың айтуынша, Алла қаласа, жаңа ғибадат үйі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.






