Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романы – қазақ әдебиетіндегі ең күрделі әрі терең философиялық шығармалардың бірі. Бұл туындыда автор адам тағдырын әлеуметтік орта арқылы ғана емес, рухани кеңістікте, яғни иман мен нәпсі қақтығысы тұрғысынан бейнелейді. Романның өзегі – адамның ішкі еркіндігі, жауапкершілігі және ар алдындағы борышы.
Жалпы бұл романды оқуыма себеп болған белгілі актер, өнер адам Бекжан Асаубайұлы ағамыз. Өзінің бір сұхбатында «Маған ерекше әсер еткен роман» деп, айтқан болатын. Кейін қаңтардағы бір демалыстарда осы кітапты каспий арқылы тапсырыс беріп алдым.
Романдағы негізгі кейіпкердің бірі Таған – білімді, заман ағымын түсінетін, бірақ рухани тірегі әлсіз тұлға. Ол өзін еркін санайды, алайда бұл еркіндік оның ойындағы еркіндік, ақиқатында ол нәпсі арбауының тұтқынында.
Нүрке кемпір бейнесі – романның рухани тірегі. «Обал», «кие», «тыйым» секілді ұғымдар арқылы ол дәстүрлі исламдық дүниетанымды сақтаушы ретінде көрінеді. Нүрке кемпір – Алланы сөзбен емес, өмір салтымен мойындаған адамның бейнесі. Ол арқылы автор ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани заңдылықтың маңызын көрсетеді.
Романдағы басты кейіпкерлердің бірі – Ержан жағымсыз әсер қалдырды, дүниеқоңыз, жеке пайдасы үшін ардан аттай салатын, қоғамнан оқшау өмір сүруді сүйетін, айналасындағы адамдарға қайырымсыз адамның бейнесі. Ақырында ешкімге керексіз болып қала берді, жиған дүниесі де оған пайда әкелмеді.
Ержанның жары Айна бейнесі – таза сезім мен үміттің символы. Алайда роман бір маңызды ақиқатты ашып көрсетеді: махаббаттың өзі иманмен қорғалмаса, адамды құтқара алмайды. Бұл – шығарманың ең ауыр, бірақ шынайы тұжырымы. Сезім – құтқарушы күш емес, егер адам рухани тұрғыда әлсіз болса, ол сезімді де құрбан етеді.
Романда табиғат та діни-философиялық мәнге ие. Табиғат – бейтарап орта емес, әділ сот, үнсіз куә. Ислам танымында табиғат – Алланың аяттары, яғни белгісі.
Романдағы «атау кере» ұғымы терең символдық мағынаға ие. Халықтық танымда «атау кере» – соңғы ас, қайтарымсыз қадамның белгісі. Оралхан Бөкей бұл ұғымды рухани деңгейге көтереді: ату кере – адамның өз күнәсін өзі жеуі, нәпсінің «соңғы асы. Автор осылайша күнәнің бір сәттік ләззат емес, ұзақ азап екенін көркем түрде жеткізеді.
Қорытындылай айтқанда, «Атау кере» – имансыз еркіндіктің трагедиясы туралы роман. Бұл шығармада Оралхан Бөкей адамды ар-ұятымен беттестіреді. Ал ар – иманның күзетшісі. Роман оқырманды өз нәпсісіне, өз ішкі тыйымына үңілуге мәжбүрлейді. Сондықтан «Атау кере» – тек әдеби шығарма емес, рухани ескерту, адамға қойылған үнсіз сұрақ.

