Қазақ халқы жиырмасыншы ғасырда небір тар жол, тайғақ кешуден өтіп, еңсені езген, жүйкені жұқартқан асу бермес ауыр өткелдерді бастан өткерді. Қазан төңкерісі, ұжымдасу, қолдан жасалған ашаршылық, саяси қуғын-сүргін зобалаңы, екінші дүниежүзілік соғыс… санамалай берсек, санынан жаңылысып қалуымыз мүмкін. Кезінде Алаш көсемдері мен арыстары шындықтың майын сорғалатып, ақиқатты тіліп айтуға қалам тербемек болғанымен, оған қатаң тыйым салынды, осы себепті «асыра сілтеу кезеңі» деген жалпы анықтамадан аса алмады.
Кейінгі тарихшылар, саясаткерлер, ғалымдар, жазушы-журналистер тұтас ұлтты жойып жіберуге шақ қалған қанды қасірет жайлы архивтерде шаң басқан мұрағат материалдары арқылы зерделеп, себеп-салдарын жеріне жеткізе жазғанына бәріміз куәміз. Десек те кеңес үкіметінің жоспарлы түрде қазақ халқын жоюға бағытталған саясатын сипай қамшылап қана өтті. Билык басында отырғандар жарылғалы тұрған «бітеу жанарың» аузын аштыртпауға, ұмыттыруға тырысты. Украинада «геноцид» деген әділ баға берілсе, біз 30 мамыр күні ғана еске алумен келеміз.
Теріскей өңірлерде болған қасіреттерді еске алсақ, көкірек қарс айырылады. Негізгі тіршілік көзі – алдындағы малынан айырылып, әбден ашыққан жұрт бірнеше күн нәр татпағандықтан, құр сүлдері ғана қалды, басы ауған жаққа тентіреп, Ресейге дейін босып кетті. Ер-тұрман, қайыс белдікті қара суға қайнатып, талғажау етті. Еті харам саналатын ит-мысық, тышқан аулауға кірісті. Өлген адамды жеуден де тайынбады. Әбден дәніккеннен кейін тірілерге, әлжуаз бала-шағаға ауыз салды. Осылайша кеңестік үстемдік қазақ жұрағатын адам бейнесіндегі хайуанға айналдырды.
Уақыт өте келе, әлеуметтік-тұрмыстық ахуал дұрысталса да, адамдар аштық синдромынан айыға алмай келеді. Кейде түйені түгімен, биегі бүгімен жұтатын, парақорлар мен жемқорлардың аштық кезінде аштықтан адам етін жеген дімкәстердің ұрпағы емес пе екен деген секем ой келеді? Құдайы көршісін бір үзім нан үшін сатқандар кеңес үкіметі кезінде әспеттелді емес пе?! Бейімбет Майлиннің шығармасындағы Талтаңбай секілді шаш ал десе, бас алатын кейіпкерлердің дәурені жүріп, басшылық қызметтерге жоғарылатылды, тағдырларын шешетін жауапты орындарға тағайындалды. Иә, тамырын терең жаятын осындай «арам шөптерден» қоғам тазармайынша әділетті Қазақстан құру – қиынның қиыны. Ашаршылықтың зардабын әлі күнге дейін сезінуіміз – тамырынан үзіле жаздаған рухани құндылықтарымызды тұғырына қондырып, орнықтыра алмай жатқанымыздай көрінеді.
Қайран асыл әжем үстел үстінде қоқымы қалса, шашау шығармай жинап-теріп алатын, қант араластырып «бай боласыңдар» алдап-сулап аузымызға салып жіберетін. Кейін бауырларыммен таласып жейтін әдет қалыптасты. «Сендер тоқ заманның ұрпақтарысыңдар! Біз бір үзім нанға зар болып, аңыздан өлместің күнін көрдік қой»,- дейтін. Мұндай әңгімелер ойдан шығарылған ертегідей сезілетін. Сұрамасақ та кейде дастархан басында басынан өткен оқиғаларды айтатын. Бәлкім, ақпа құлақтары жадына тоқысын, санасына сіңірсін дейтін шығар. Соның бірі көкейімде жатталып қалыпты.
Айтуынша, әжемнің 5-6 жастағы кезі, есі кіріп қалған. Бұрынғыдай бота боздап, қой қоздап жататын ырду-дырду кеш көзден бұлбұл ұшқан. Бір шаңырақтан түтін будақтаса, шақырып қалар ма, жүрек жалғарма екенбіз деп үмітпен телміре қарайтын. Ұннан жасалған ботқа – тамақтың төресі. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді»,- деп әңгіме арасында әжем анда-санда тамсанып қоятын. Сол жылғы көктемнің тыныштығын бұзған – Тоқыштың қызы Қамила мен Тойғұлының қызы Дөм еді. Екеуі ескі жертөленің қасында тығылмақ ойнаудан шаршар емес. Басқа балалар бұларға жаутаңдай қарайды, ойнауға шамалары жоқ. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайдының» кері. Бірі басқарманың қызы, екіншісі ауқатты шаруаның қызы. Ауыл іші құлаққа ұрған танадай, тып-тыныш, қыбыр еткен жан көрінбейді. Қыздардың күлкіге көмілген дауыстары ғана естіледі. Тұлымшағы желбіреп, ойынға әбден берілген бүлдіршіндерді міз бақпай аңдып отырған – Сақып қана. Қария жайлы алып-қашпа әңгіме көп. Ауылдағылар қайсысына сенерін білмей дал. Түнде жас қабірлерді аралап жүргенін бірнеше рет байқап қалған. Жөргектегі баласы мен әйелі осы қыста аштықтан көз жұмған , мүмкін соларды сағынған болар деп топшылайтын, жамандыққа қимайтын. Дегенмен балаларды оған жолатпауға тырысатын. Қас қарайған кезде сол үйден түтін шыққанын талайлар көріпті. Сөйтсе, түнде ел көзінен жасырын өлген адамның етін асып жеп, кенелетінге ұқсайды. Бұрын жас қабірлердің қопарылып тасталғанын ит-құстан көрсе, енді Сақыпқа күдік келтіре бастаған. Өйткені өлексе жеп уланғандықтан болар, денесі күп болып ісіп кеткен, үсті-басы толы жара, бір аяғын сылтып басады, маңайынан өлексенің иісі шығып тұрады.
Бүгін оған тірі адам етін жеп, құмарымды қандырсам деген күпірлік ой келді. Ойын баласы сәби қыздарды көргенде аузынан сілекейі шұбырып, одан бетер құмартып, көзі қанталап, қарауытып кетті. Жертөлеге жымын білдірмеген аң құсап байқатпай жетіп, күннің көзіне қарсы жаққа талдың түбіне жасырынды. Қолында – пашақ пен кендір жіп. «Әйт» десең, «тәйт» деп қашқалы тұрған желаяқ қыздарды қуып жету оңай емес. Қалайда жер үйге кіргізудің амалын қарастырды. Бере қоятын тәттісі де жоқ, оның үстіне бұдан бәрі өлердей қорқады. Амалы таусылып, не істерін білмей тұрғанда талдың түбінен сынық айнаны көзі шалып қалды. Қуанғаннан әлсіз жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Күннің көзіне қаратып, үйдің көлеңке жағына шағылыстырып еді, сәуле ойнақшып шыға келді. Қыздар оны көріп, бір-бірімен жарыса ұстамақшы болды. Сәулені біресе жоғары біресе төмен түсірді, олар қуып мәз. Сықылықтап күлген дауыстары сілекейін одан бетер шұбыртып жіберді. Қалайда ұстаймын, деген ой оны билеп алды. Қабырғадағы сәуленің қызығына кіріп кеткен екеуі жер тамға қалай кіріп кеткендерін байқамай қалды. Күн сәулесін қайта-қайта ойнақшытып, ақсаңдаған күйі есікті жабуға ұмтылды, дес бергенде Дөм зып беріп, сыртқа шығып үлгерді. Қамила сәл әрірек тұрған, іште қалып қойды. Сақып есікті іштен жауып, Қамилаға қарай тап берді. Жертөлеге төселген сәкілердің арасы ашық, шегеленбеген, құлыншақтай құлдыраған Қамилада зәре жоқ. Анса-мында секіріп, ұстатпады. Сақып бейберекет жатқан сәкіге шалынып, құлап та қалды. Қамила есікке жаткенімен, шүріппесіне қолы жетпеді. Қатты қорыққаннан айқайлауға да шамасы келмеді. Сілекейін қайта-қайта жұтынып, ол соңынан қалар емес. Ең соңында Камила пештің тар қуысына қалай кіріп кеткенін байқамай қалды. Қорыққанынан көзін алақанымен жауып, бұрышқа сылқ етіп отыра кетті.. Сақып қолындағы пышағын жалаңдатып енді жақындай бергенде сарт-сұрт еткен дауысқа еріксіз жалт қарады. Терезені бұзып, оқтаулы мылтығымен кірген – Қамиланың үлкен ағасы Рақыш аңшы еді. «Тарт қолыңды, қазір жайратып саламын», деп айғай салды. Сол кезде Сақып өзінің не істеп қойғанын түсініп, есі кіргендей болды. Мылтық кезеніп тұрған Рақышқа кеудесін тосып: «Ат, мен қақпасты! Бұлай тірі жүргенше өлгенім артық» деп қаққан қазық құсап қатып қалды. Рақыш мылтығының дүмімен оны нұқып жіберді де, көзін алақанымен жауып тұрған, аппақ, боп-боз болып кеткен Қамиланы көтеріп алды. Ағасы екенін бірден таныды, адамжегіштен құтылғанын біліп, өксігін қойды. Сөйтсе, Дөм аңға кеткелі тұрған Рақышқа жүгіре жетіп, жағдайды айтып үлгерген екен.
Алпыс үйлі Шолақөзек ауылында болған осы оқиғаны естіген сайын жаным түршігеді.
Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,
«Облыстық Қызылжар орталық мешіті»-нің
Бас имамы.

