ҚҰРАН ЖӘНЕ ОТБАСЫ

Отбасы – қоғамның іргетасы. Алла Тағала «Фурқан» сүресінің 54-аятында: «Һәм судан (ұрық тамшысынан) адамзатты жаратып, оны туыстық және құда-жекжаттық (қайын жұрттық) байланыста еткен де – Сол (Алла). Әрі сенің Раббың Құдіретті!» – деген.

Жер бетінде ең алғаш болып Адам ата (оған Алланың сәлемі болсын) отбасын құрған. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 30-аятында: «(Есіңе ал, уа, Пайғамбар) Сонда сенің Раббың періштелерге: «Мен жерде бір орынбасар (адамзат) жаратамын!» – деген еді. (Періштелер): «Сонда Сен бұзақылық қылып, қантөгіс жасайтын біреуді жаратасың ба? Ал біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз», – деді. (Алла): «Шындығында, Мен сендердің білмегеңдеріңді білемін!» – деді. «Мәида» сүресінің 27-аятында: «(Уа, Мұхаммед) Қауымыңа Адамның екі ұлы туралы хабарды шынайы түрде оқып бер. Ол екеуі құрбандық шалғанда біреуінікі қабыл болды да, екіншісінікі қабыл болмады. (Құрбаны қабыл болмағаны бауырына): «Мен сені сөзсіз өлтіремін» деді. (Бауыры): «Ақиқатында, Алла ізгілікті тек тақуалардан қабыл алады», – деді. Бұл аяттардан жер бетіндегі ең алғашқы Адамның (оған Алланың сәлемі болсын) отбасы екенін білеміз. Содан бері Адам ата мен Хауа анадан тараған ұрпақтар жалғасып келеді. Ибн Абидин Роддул Мухтар кітабында: «Біз үшін Адамнан басталып қияметке дейін, кейін жәннатта жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ», – деген.

Некелесіп, отбасын құру – Алла Тағаланың адамзат баласына міндеттеген заңы. Шариғатымызда ерлі-зайыпты атануы неке қиюдан басталады. 

1. Отбасы құрудың алғашқы шарты – неке қидыру. Алла Тағала «Нәхл» сүресінің 72-аятында: «Алла сендерге (ерлерге) өздеріңнен (адамзаттан) жұбайлар жаратты әрі жұбайларынан балалар мен немерелер жаратты һәм жақсы нәрселерден ризық берді. Сонда да олар жалғанға (пұттарға) сеніп, Алланың нығметін (Исламды) теріске шығара ма?» – деді.

2. Ислам діні қоғамның біртұтастығына мән береді. Ал отбасы – бірлік пен ынтымақтың қайнар көзі. Отбасы – шағын мемлекет. Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Уа, адамдар! Асылында, Біз сендерді ер мен әйелден жараттық та, бір-біріңді тану үшін халықтар, тайпаларға бөлдік. Ақиқатында, Алланың құзырындағы ең ардақтыларың – тақуаларың. Расында Алла Білуші әрі Хабардар!» –деді.

3. Алла Тағала барлық жаратылысты жұп-жұбымен жаратқан. Одан адам да, жан-жануарлар да, өсімдіктер әлемі де тыс қалмайды. Алла Тағала «Зәрият» сүресінің 49-аятында: «Сондай-ақ үгіт алуларың (Алланың құдіретін тануларың) үшін әрбір нәрседен (ер, әйел етіп) екі жұп жараттық!» – десе «Ясин» сүресінің 36-аятында: «Жер өсіретіндерден (өсімдіктерден), олардың (адамдардың) өздерінен және олар білмейтіндерден (басқа да жаратылыстардан) жұптар жаратқан (Алла) Пәк!» – деді.

4. Алла Тағала ерді әйелге, әйелді ерге ынтық етіп жаратқан. Олар бір-біріне болған сүйіспеншілік негізінде өзара одақ құрады. Бұл одақтың ең басты мақсаты – адамзат жер бетінде қияметке дейін қалуы үшін артына ұрпақ қалдыру, көбею. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 1-аятында: «Уа, адамдар! Өздеріңді бір жаннан (Адам атадан) жаратып, одан жұбайын (Хауа ананы) жаратқан, сосын ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар! Өздерің атымен бір-біріңнен сұрайтын Алладан қорқыңдар және туыстық байланысты (үзуден сақтаныңдар). Асылында Алла сендерді бақылайды», – деді.

Шариғатымызда еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің, яғни бір жыныстылардың неке қиюы, жыныстық қатынасқа баруы – харам. Бұл – азғындықтың ең ауыр түрі, лағынеті шайтанның ісі. Еркекпен жыныстық қатынасқа түскен еркек және әйелмен жыныстық қатынас жасаған әйел өз табиғатына (фитраға) қайшы әрекет етеді. Себебі Алла Тағала адамзатты тіпті жануарларды да еркегін ұрғашысына және ұрғашысын еркегіне құштар етіп жаратқан. Басқаша болуы – табиғатқа қайшы. Бұл жайында Алла Тағала «Нәбә» сүресінде: «Сендерді жұп-жұп етіп жараттық», – дейді. Сол себепті Алла Тағаланың айтқанын орындау арқылы ғана адам баласы жаратылу табиғатына сай тіршілік ете алады. 

5. Ислам отбасын құруға қызықтырып, оны пайғамбарлар мен елшілердің жолы етті. Алла Тағала «Рағыд» сүресінің 38-аятында: «Біз (уа, Пайғамбар) сенен бұрын да (талай) елшілер жіберіп, оларға жұбайлар мен ұрпақтар бергенбіз», – деді.

6. Ислам отбасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін бекітті. Ер адамның әйелінің, әйелдің күйеуінің алдында бекітілген құқықтары бар. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 21-аятында: «Және бір-біріңмен қосылып әрі олар (жұбайларың) сендерден ауыр серт (неке келісімін) ала тұра, сендер (уа, ерлер) оны (мәһрді) жұбайларыңнан қалайша қайтарып алмақсыңдар» десе, «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Сондай-ақ жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар, кейде ұнатпаған нәрселеріңде Алла көп игілік жасауы мүмкін», – дейді. Ал «Ниса» сүресінің 34-аятында: «Алланың бірін-бірінен артық еткені һәм жұмсаған мал-мүлкі (мәһр, нәпақа шығарғаны) арқылы ерлер әйелдерді басқарады. Әрі ізгі әйелдер толық бойсынушы, Алланың қорғауымен (ері жоқта) жасырын нәрселерін сақтайды», – деді. Осы аяттағы «ерлер әйелдерді басқарады» деген аяттан ерлерге берілген кейбір артықшылықтарды білсек болады. Яғни пайғамбар және елші, имам, азан, қамат айтушы ер адам болатынын аңғарамыз. Сол сияқты ер адамның мұрадағы үлесі әйелдің екі есесіне тең екенін, бір ер адамның куәлігі, екі әйел адамның куәлігіне тең екенін білеміз. Сондай-ақ дүниеге келген балаға әкесінің тегі беріледі. Ол жайында «Ахзаб» сүресінің 5-аятында: «Оларды әкелерінің атымен шақырыңдар. Солай ету – Алланың алдында әділ», – деді.

Ер адам – отбасының асыраушысы, әйелі мен балаларын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті. Сондықтан отбасындағы ер адамның рөлі кемедегі капитан сияқты. Ер адам салиқалы көркем мінезі арқылы үйдің тірегі айналады. Ал әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Егер ерлі-зайыптылар міндеттері мен өз орындарын білсе, баянды да бақытты ғұмыр кешеді. Ер мен әйел бір-біріне қызмет етуі арқылы Аллаға жақындайды.
 

7. Исламдағы отбасылық қарым-қатынас өзара сыйластыққа, араларындағы сырды жаймауға және бір-біріне тіл тигізуден сақтануға негізделген. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 35-аятында: «Егер екеуінің (жұбайлардың) арасының ажырауынан қорықсаңдар, (жарастыру үшін) ердің туысынан бір төреші, әйелдің туысынан бір төреші жіберіңдер. Һәм ол екеуі (төрешілер) татулықты қалайтын болса, Алла екеуінің (жұбайлардың) арасын жарастырады. Ақиқатында, Алла – Білуші, Хабардар», – деді.

8. Ерлі-зайыптылар бір-бірін толықтырушы. Алла Тағала Құранда: «Олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер», – деді. Ендеше, бақытты отбасын құру үшін ерлі-зайыптылар бір-біріне киім сияқты жылулық, әдемілік бере білу керек. Міне, сол кезде ғана бақыттың дәмін татады.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №1, 2024 жыл

Return to Top ▲Return to Top ▲