10-хадис – Дұғаның қабыл болу шарттары

عَنْ أَبِيْ هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ تَعَالَى عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُوْلُ اللهِ : (إِنَّ اللهَ تَعَالَى طَيِّبٌ لاَ يَقْبَلُ إِلاَّ طَيِّبَاً وَإِنَّ اللهَ أَمَرَ المُؤْمِنِيْنَ بِمَا أَمَرَ بِهِ المُرْسَلِيْنَ فَقَالَ : ( يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحاً ) (المؤمنون: الآية51) ، وَقَالَ: ( يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِنْ طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ ) (البقرة: الآية172) ثُمَّ ذَكَرَ الرَّجُلَ يُطِيْلُ السَّفَرَ أَشْعَثَ أَغْبَرَ، يَمُدُّ يَدَيْهِ إِلَى السَّمَاء،ِ يَا رَبِّ يَا رَبِّ، وَمَطْعَمُهُ حَرَامٌ ،وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ، وَغُذِيَ بِالحَرَامِ فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لذلك)[87] رواه مسلم.

         Хадистің түсіндірмесі:

Әби Һурайрадан (Алла одан разы болсын) жеткен хадис бойынша Алланың елшісі айтты: «Шын мәнінде Алла көркем, көркемдікті ғана қабыл етеді. Шын мәнінде Алла мұсылмандарға пайғамбарлаға әмір еткен нәрсені әмір етеді, сосын айтты: (Әй пайғамбарлар! Таза нәрселерден жеңдер, игілік істеңдер. Расында не істегендеріңді жақсы білемін. )[1] және айтты: (Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар.) [2] Содан кейін сапарға шыққан үсті басы шаң адамның аспанға қарап, қолын көтеріп ия Рабб ия Рабб деп дұға қылғанын айтады. Оның жеген ішкен-жегені  харам, оның дұғасы қайдан қабыл болады»[3].

Арабша Қазақша Арабша Қазақша Арабша Қазақша
إِنَّ اللهَ تَعَالَى Шынында Алла Тағала طَيِّبٌ Көркем, адал لاَ يَقْبَلُ Қабыл етпейді
إِلاَّ طَيِّبَاً Адал أَمَرَ المُؤْمِنِيْنَ Әмір етті мұсылмандарға بِمَا أَمَرَ Әмір еткен
المُرْسَلِيْنَ Пайғамбар-ларға يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ Ей, пайғамбарлар كُلُوا жеңдер
مِنَ الطَّيِّبَاتِ адалдан وَاعْمَلُوا صَالِحاً жақсылық يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا Ей иман келтіргендер
مَا رَزَقْنَاكُمْ Сендерді ризықтан-дырдык ثُمَّ ذَكَرَ Cосын айтты الرَّجُلَ адам
يُطِيْلُ السَّفَرَ Ұзақ сапар أَشْعَثَ ұйпа أَغْبَرَ шаң
يَمُدُّ يَدَيْهِ Қолын созады إِلَى السَّمَاء،ِ Аспанға يَا رَبِّ Ей, Раббым
وَمَطْعَمُهُ жегені وَمَشْرَبُهُ ішкені وَغُذِيَ тамақтанғаны
فَأَنَّى қайдан يُسْتَجَابُ Қабыл болады لذلك Сол үшін

 

Алла тағаланың әрбір жаратылысында, әмірлерінде ешбір кемшілік жоқ, барлығы көркем түрде шынайы тазалықта болады. Ал тазалық пен арам зат еш уақытта қатар жүрмейді. Алла Тағала Құран кәрімде(Мұхаммед Ғ.С.): «Сені арам нәрсенің көптігі қызықтырса да, лас пен таза бір емес. Ендеше, әй ақыл иелері! Алладан қорқыңдар, әрине құтыласыңдар» де.[4]  Басқа бір аятта: Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, сондай-ақ игі әйелдер игі ерлерге, игі ерлер игі әйелдерге лайық. Бұлар, олардың айтқандарынан ақ. Олар үшін жарылқау әрі көркем несібе бар.[5]

Сол себепті Алла тек адал, таза, көркем нәрсені ғана қабыл етеді. Харамнан жинаған дүниеден садақа берілмейді.

Дұғаның қабыл болу шарттары мен әдептері:

1-Ықыласпен жасау. Ықылас дегеніміз, Алла Тағалаға серік қоспай, әрі ниетін риадан (көрсетіп істеу) таза ұстап, бір ғана Алланың разылығы үшін жасау, Одан ғана сұрау. Бұл дұғаның қабыл болуының ең бірінші шарты.

(وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ)

(Олар; ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындайды)[6].

Дұға жасаушы адам Аллаға серік қосудан сақтану керек. Алла тағала Құран кәрімде:

(قُلْ إِنَّمَا أَدْعُو رَبِّي وَلَا أُشْرِكُ بِهِ أَحَدًا)

((Ей, Мұхаммед!) «Мен өз Раббыма дұға қыламын және Оған ешкімді серік қоспайман»-де)[7]

Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде:

(إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلْ اللهِ، وَإِذَا اِسْتَعَنْتَ فَاسْتَعَنْ بِاللهِ)

«Егер сұрасаң Алладан сұра, егер жәрдем тілесең Алладан жәрдем тіле!»[8].

2-Харамнан алыс болу. Дұға қабыл болуының шарттарының бірі – адамның харамнан алыс болуы жеген тағамы, киген киімі, тапқан табысы адалдан болу. Алла тағала Құран кәрімде:

{يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ}

(Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер.)[9]

Харам аспен тамақтанып, киім киіп, жанұясын асыраған адамның дұғасы қырық күн бойы қабыл болмайтыны жөнінде Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде баян етілген.

3- Дұғадағы шынайылық. Адамның Аллаға жасаған дұғасы жүрегіннен шынайы түрде шығуы ләзім. Пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбарак хадисінде:

(اُدْعُوا اللهَ وَأَنْتُمْ مُوقِنُونَ بِالْإجَابَةَ، وَاعْلَمُوا أَنَّ اللهَ لَا يَسْتَجِيبُ دُعَاءً مِنْ قَلْبٍ غَافِلٍ لَاهٍ)

(«Алланың жауап беретініне кәміл сеніп, дұға қылыңыздар, сондай-ақ Алланың, жүрегі өзге нәрсеге алаңдаулы, бейқам, қаперсіз жанға жауап бермейтінін біліңіздер»)[10]

4- Қарапайымдылық таныту. Дұға тілеуші пенде дұға тілеу сәтінде өзінің Алланың алдында төмен екенін көрсете білуі қажет. Алла тағала Құран кәрімде:

(ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ)

(Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол, шектен шығушыларды жақсы көрмейді.)[11]

5- Аллаға Құран мен Сүннетте келген дұғаларды қолданып жалбарыну. Құран аяттары – сөздердің ең қадірлісі, құрметтісі, әрі ең дұрысы ал, Пайғамбарымыздың (c.а.у) сөзі – Құраннан кейінгі ең ұлық сөз. Құран мен Сүннеттегі дұғаларды пайдаланып, жалбарыну оның қабыл болуының ықтималдығын арттырады.. Мысалы Құранда Алла Тағала:

(وَمِنْهُم مَّن يَقُولُ رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ)

(Адамдардың кейбірі:»Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де жақсылық, ақыретте де жақсылық бер және бізді тозақ отынан сақта»-дейтіндер бар)[12]. Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дұға қылатын: «Я Алла, амандығымның кепілі болған дінімді дұрыстай гөр және менің бұл дүниедегі өмірімді дұрыстай гөр, сондай-ақ менің Өзіңе қайтып оралғандағы ақыреттік өмірімді дұрыстай гөр, әрі менің өмірімді жақсылықтардың қосымшасы қыла гөр, ал, менің өлімімді күллі жамандықтардан құтылуым қыла гөр«.[13]

Кейбір ақорда, ақжол, атажол жетегінде жүргендер дұға жасау барысында Құранда, хадистерде келген дұғаларды қолданбай, өздерінің ойларынан шығарған ата-бабалардан деген жалған баталарды қолданады. Әсіресе, дұғаларында Қыдыр ата, Арыстанбаб, Айша бибі қолдасын деген сөз тіркестері жиі кездеседі.

6- Дұға жасағанда шектен шықпау, тек жақсылыққа бағытталу. Дұға жасаушы адам Алланың тыйым салғанына немесе ұнамсыз болған  амалдарға дұға жасамауы ләзім, өйткені ол шектен шығушылық болып табылады. Алла тағала Құран кәрімде:

(ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ)

       (Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол, шектен шығушыларды жақсы көрмейді.)[14]

7- Алланың көркем есімдерімен дұға қылу.  Раббымыз былай деп әмір етті:

(وَلِلَّهِ الْأَسْمَاءُ الْحُسْنَىٰ فَادْعُوهُ بِهَا)

           (Алланың көркем есімдері бар. Оған сол есімдермен дұға қылыңыздар!)[15]. Алланың «99» есімі әр түрлі мағына беруіне байланысты адамның басына түскен әртүрлі жағдайларда соған сәйкес мағыналы есімімен дұға тілеуіне болады. Мысалы әділдікті талап еткенде «ия Әділ» деп, кешірім сұрағанда «ия Ғаффар» деп, ризық-несібесінің кеңеюін қаласа, «ия Раззақ» деп тілегені абзал.тттттттттттттттттттттттттттттттттттттттт
Сол секілді Алланың ризалығы үшін жасалған ізгі істерді дәнекер етіп жалбарынуға рұқсат. Осыған орай Пайғамбарымыз (с.а.у) мына оқиғаны баяндаған еді: «Бірде сендерге дейін өмір сүрген үш адам жолға шығып, сапарда жаңбырдан пана іздеп бір үңгірге келіп паналады. Алайда олар үңгірге кірген кезде таудан бір тас домалап түседі де, одан шығар жолды тығыздап жауып тастайды. Сонда олар: «Ақиқатында бұл тастан сендерді Алла Тағалаға өздеріңнің ізгі істеріңді дәнекер етіп, сол үшін Оның сендерді осы қиыншылықтан құтқаруын тілеп, жалбарынуларың ғана құтқарады!»-десті. Содан соң олардың бірі өзінің бала-шағасынан да, үй-қызметшілерінен де бұрын ата-анасын тамақтандырып, Алла ризалығы үшін әке-шешесіне айрықша қамқорлық көрсеткенін айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Алла Тағалаға жалбарынған кезде, тас аздап жылжиды. Содан кейін екінші жолаушы өзінің бір қызға өлердей ғашық болғанын, бірақ оның оң қабақ танытпағанын, сол арудың қуаңшылық жылы қатты тарыққан кезінде, ақша үшін жігіттің еркіне көнуге келісім бергенін баян етеді. Дей тұра қыз мұның Алладан қорқуы керектігін есіне салған кезде, Алладан қорыққандықтан ғана әлгі аруға берген ақшасын да алмастан, мүмкіндікті пайдаланбай, оны жібере салғанын айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Алла Тағалаға жалбарынған кезде тас тағы біраз жылжиды, бірақ үңгірден шығу мүмкін емес еді. Кезек үшінші жолаушыға жетеді. Ол басынан өткен мына жағдайды баяндайды. Өзі жұмысқа жалдаған малайларының бірі еңбекақысын алмай кетіп, арада уақыт салып, қайта оралып, ақшасын сұрағанда, ол жоқта әлгінің еңбек ақысын пайдаланып, көбейткенін, кейін ол ақшаға көптеген мал-дүние алғанын әңгімелеп, сол түйелерді, сиырларды, қойларды, қызметшілерді көрсетіп, осының бәрін ақысын сұрап келген әлгі адамға бергенін, мұны тек Алланың ризалығы үшін істегенін айтып, көмек сұрап жалбарынғанда, тас олар үңгірден шыға алатындай жерге дейін жылжиды«.[16] Бұл хадистен ізгі істің Алла алдында қаншалықты жоғары дәрежеге ие болатынын аңғара аламыз. Алланың разылығынан басқа ниетпен жасалған кез-келген ізгі амал қабылдан емес. Мұның ішіне Ата жол және басқа да жолдағылардың әрбір орданың басына барып құрбан шалуларын мысалға келтіруге болады, өйткені Алланың разылығынан басқа нәрсені мақсат етіп, құрбан шалатын болса, ол құрбаны харам құрбанға кіреді. Алла тағала Құран кәрімде:

حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ وَالدَّمُ وَلَحْمُ الْخِنزِيرِ وَمَا أُهِلَّ لِغَيْرِ اللَّهِ بِهِ

         Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды.[17] 

8-Дұға жасаушы дәретті болу және қолын жоғары көтеріп дұға жасауы. Дұға жасаушы құл дұға жасарда дәрет алып, құбылаға қарап, қолын көтеріп дұға жасағаны абзал. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде:

«إنَّ اللهَ حَييٌ كَريمٌ، يَسْتَحِي مِنْ عَبْدِهِ إِذا رَفَعَ إلَيْهِ يَدَيَهِ أَنْ يَرُدَّهُمَا صَفَراً»

«Шын мәнінде, Алла Ұялушы және Жомарт. Егер Оның құлы Оған екі қолын жоғары көтеріп дұға қылса, оларды (екі қолын) құр қайтаруға ұялады»[18].

Бұл жердегі қолын жоғары көтеріп, дұға тілеудегі мағына Алла тағаланың мекеніне емес, керісінше оның мәртебесінің жоғары екенін меңзейді. Сонымен қатар, дұға тілеуші адамның  қолын жайып, бетін сипауы сүннет амалдардан болып табылады.

( سَلُوا اللهَ بِبُطُونِ أكُفِّكُمْ وَلا تَسْأَلُوهُ بِظُهُورِها فَإذا فَرَغْتُمْ فَامْسَحُوا بِها وجُوهَكُمْ )

«Алла тағаладан сұрағанда алақандарыңның ішімен сұраңдар сыртымен сұрамаңдар, дұға жасағаннан кейін беттеріңді сипаңдар»[19].

         Сондай-ақ, мұсыламанның дұғасы қабыл болу үшін қасиетті орындар мен сәттерді ескергені жөн.

а) Түннің соңғы үштен бір бөлігі (яғни, таң сәрі кезінде). Дәлел: Алла тақуа пенделерін сипаттай келіп былай деді:

(الَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا إِنَّنَا آمَنَّا فَاغْفِرْ لَنَا ذُنُوبَنَا وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ ﴿١٦﴾ الصَّابِرِينَ وَالصَّادِقِينَ وَالْقَانِتِينَ وَالْمُنفِقِينَ وَالْمُسْتَغْفِرِينَ بِالْأَسْحَارِ)

(Олар, Раббымыз! Иман келтірдік, күнәмізді кешір де от азабынан сақта»-дегендер. Олар сабыр етушілер, шыншылдар, бойұсынушылар, Алла жолында малын сарп қылушылар және таң сәріден кешірім тілеушілер)[20].

б) Жұма күнгі бір сәт. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде келгендей:

إِنَّ فِي الْجُمُعَةِ سَاعَةً لا يُوَافِقُهَا عَبْدٌ مُسْلِمٌ يَسْأَلُ اللَّهَ فِيهَا خَيْرًا إِلا أَعْطَاهُ إِيَّاهُ

(Осы күні бір сәт бар. Егер мұсылман сол уақытта қайырлы нәрсе сұраса, сұрағанын береді)[21].

Сол секілді қасиетті Рамазан айы, қадір түні, ораза, құрбан айттарында тілеген дұғалардың қабыл болу ықтималдығы жоғары. Жерлердің ішінде ең қасиеттісі Меккедегі Харам мешіті, Мединадағы Пайғамбарымыздың (с.а.у) мешіті және Ақса мешіті және Арафатта, Муздалифада тілеген дұғалар қайтарылмайтыны жөнінде хадис шарифтерде анық дәлелдер бар.

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

Әділбеков Хамзат

 

 

[1] Муминун сүресі, 51-аят

[2] Бақара сүресі, 172-аят

[3] Муслим хадистер жинағы

[4] Мәйди сүресі, 100-аят

[5] Нұр сүресі, 26-аят

[6] Баиина сүресі, 5-аят.

[7] Жын сүресі, 20-аят.

[8] Тирмизи хадистер жинағынан

[9] Бақара сүресі 172- аят

[10] Тирмизи хадистер жинағынан

[11] Ағраф сүресі, 55-аят

[12] Бақара сүресі, 201 -аят

[13] Муслим хадистер жинағында

[14] Ағраф сүресі, 55-аят

[15]  Ағраф сүресі, 180-аят

[16] Бұхари және Муслим хадистер жинағынан

[17] Мәидә сүресі, 3-аят

[18] Тирмизи хадистер жинағынан

[19] Абу Дауд, Байхақи хадистер жинағынан

[20]  Әл Имран сүресі, 16-17 аяттар

[21] Табрани хадистер жинағында

Return to Top ▲Return to Top ▲