Қызылжарда республикалық қарилар жарысы мәресіне жетті

Қазақстан мұсылмандары діни  басқармасының бастамасымен  Солтүстік Қазақстан облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде 22-23 қазан күндері өңіріміздің біртуар азаматы, қари  Ғабдулбари Төлегенұлының 100 жылдық мерейтойына арналған  Құран қарилардың жарысы өз мәресіне жетті.

Игі іс-шара Нұр Мүбәрак Египет  ислам мәдениеті  университетінің ұстазы, доктор Ғимад  Мухаммедтің    құран оқуымен басталды, кейін  қазақи салт-дәстүрге сай келген қонақтарға, сайыскерлерге «Қызылжар» орталық мешітінің намазхан қажы апалары шашуларын шашты.

Жарыс алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Солтүстік Қазақстан    облысы бойынша өкіл имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлы Құран жарысына келген қонақтарды құттықтап, Құран жарысына қатысушы қариларға сәттілік тіледі.

Бұл алқалы жиынға арнайы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  шариғат пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанұлы  келген болатын. Өз сөзінде жарыстың жоғары деңгейде өтуіне сәттілік тілеп,  Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының арнайы құттықтауын жеткізді: «Қымбатты қарилар! Бүгінгі байқауда абыроймен топ жаруларыңызға тілектеспін. Бүгінгі сыннан сүрінбей өтетіндеріңізге мен сенемін. Сіздерге Алла жар болсын!…. » деді Сансызбай Шоқанұлы.

Салт-дәстүріміздің нышаны ретінде қарилардың құран оқу тәртібін анықтау үшін реттік саны жазылған асықпен жеребе тартылды. Жеребеге сәйкес әрбір қари қапшықтан өзінің реттік санын алып, Құран оқу кезегін анықтады.

Бірінші күні еліміздің әр облысынан келген 30 қари   таңертеңгі сағат 10.00 ден бастап, Құран оқуда өз бақтарын сынады. Жарыстың бірінші кезеңі кешкі сағат 20.00 ге шейін жалғасты. Әділ қазылардың шешімімен  келесі он қари екінші кезеңге өтті:

Мекенжай Аты жөні
1 Алматы облысы Есмұрзаев Бауыржан Қайырбайұлы
2 Алматы қаласы Дәукен Қайырбай
3 Алматы қаласы Құрбан Яхия
4 Астана қаласы Әмзеев Серік Еділбайұлы
5 Жамбыл облысы Лиров Нұрмұхамед Харсанович
6 Қостанай облысы Тохтаназаров Абдунаим Абдимажитович
7 Петропавл қаласы Амиршоев Умар Хусенович
8 Шымкент қаласы Шаисмаилов Шавкат
9 Шымкент қаласы Қазыбеков Нұрболат
10 Шымкент қаласы Құрбаналиев Довлат

Жарыстың екінші күні бақтарын сынаған он қари өздерінің Құран жаттауда оны мәнерлеп оқуда аса біліктіліктерін көрсетіп, мешітке келген халықтың ықыласына бөленді.

Жарыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені Шымкент қаласынан келген Шаисмаилов Шавкат иеленсе, 1-орынды Алматы қаласынан келген Құрбан Яхия, 2-орынды қызылжарлық қари Амиршоев Умар, 3-орынды Алматы облсынан Есмұрзаев Бауыржан иеленді. Бас жүлдеге – 1000000 теңге, 1-орынға – 700000 теңге, 2-орынға – 500000 теңге, 3- орынға – 300000 теңге тігілді. Ынталандыру сыйлығы ретінде 2-кезеңге шыққан әрбір қариға 70000 теңгеден үлестірілді. Бірінші кезеңнен кейін сүрінген 20 қариға 50000 теңгеден таратылды.

Жарыс соңында «Қызылжар» жұртшылығына дастархан жайылып, қаламыздың «Погодина» театрында рухани кеш ұйымдастырылды.

Return to Top ▲Return to Top ▲