Қазақстандағы таблиғ жамағаты және сүннетке сай дағуат негіздері

Егер адам баласы Алла тағаланың мейірімімен  ең тура ақиқат жол ислам жолына келетін болса, ол сол құл үшін дүниедегі бүкіл байлықтан артық. Оның ислам тыс сүрген өмірі хидаят жолын тапқаннан кейінгі бір сәтіне де татымайды. Өзін екі өмірде де бақытты қылатын осы Ислам дініне қауышқаннан кейін оны тек өзіне ғана қаламай жақындарына да қалауы тиіс. Ең жақын адамдары әке шешесінің, жарының бауырларының да осы жолда болғанын қалайды. Сол себепті, бұл игі жолға шақыру кез-келген адам үшін Алла алдында үлкен мәртебеге апаратын амалдардың санатында. Өйткені бұл қызмет  адамзаттың ішінде ең абзалы пайғамбарлардың (Алланың оларға сәлемі болсын) атқарған амалдары. Алла тағала Құран кәрімде:

وَمَا أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ مِن رَّسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لَا إِلَـٰهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُونِ 

            (Мұхаммед Ғ.С.) сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық қылыңдар» деп қана уахи етіп, жібердік.[1]

            Барлық пайғамбарлар тек таухид жолына, Алла жолына, тек оған құлшылық қылып, ширк атаулыдан аулақ болуға шақырған.

Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарақ хадисінде:

من حديث أبي هريرة – رضي الله عنه – أن النبي – صلى الله عليه وسلم – قال: «من دعا إلى هدى كان له من الأجر مثل أجور من تبعه، لا ينقص ذلك من أجورهم شيئًا»
Әбу Һурайрадан (одан Алла разы болсын)жеткен хадис бойынша пайғамбарымыз (с.а.у) : «Кімде-кім һидаят жолына шақырса, оған ерген адамның сауабы еш кеміместен беріледі»[2], делінген.
            Басқа бір аятта

وَمَنْ أَحْسَنُ قَوْلًا مِّمَّن دَعَا إِلَى اللَّهِ وَعَمِلَ صَالِحًا وَقَالَ إِنَّنِي مِنَ الْمُسْلِمِينَ 

            «Шын! Мен Мұсылмандарданмын.» деп, Аллаға шақыра отырып, ізгі іс істеген кісіден сөз тұрғысынан жақсы кім бола алады?[3]

            Адам қай салада болмасын Алланың жолына шақыруға, үндеуге міндетті. Ол міндет ешуақытта оның мойнынан түспейді. Кейбір адамдар ойлағандай дағуат ол тек имамдарға, дін қызметкерлеріне ғана міндетті емес. Мұсылман әр кез ең алдымен өзін жанұясын, жақындарын жақсылыққа шақыруы тиіс, жақсылықтың ең ұлығы әлбетте адамның исламға келуі.

Алла тағала Құран кәрімде:

وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ ۚ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ ۚ أُولَـٰئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللَّهُ ۗ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ 

            Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, бір-біріне көмекші. Олар жақсылыққа шақырып, жаманшылықтан тияды. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бой ұсынады. Соларды Алла, мәрхаметіне бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана.[4]

                Алла жолына шақыру  бізді Алла мадақтаған қайырлы үмметтен қылады. Алла тағала Құран кәрімде:

كُنتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَتُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ

            Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар[5]

Имам Ибн Кәсирден жеткен хабар бойынша: (Кімде-кім бұл қауымнан болса, Алла тағаланың мақталған қауымынан болады. Қатададан жеткен хабар бойынша: Омар ибн әл-Хаттаб былай деп айтқан: «Кімде-кім сол мақталған үмметтен болғысы келсе, Алланың талап еткенін (исламға шақыру) орындасын, кім оны орындамаса кітап иелеріне ұқсағаны» деп, Құранның: «Олар бір-бірлерін істеген жамандықтарынан тыймайтын болған. Расында олардың істегендері нендей жаман[6]деген аятын оқыды.

            Қоғамдағы адамдардың әрбір әртүрлі қызмет жүктерін арқалағандықтан, олардың да жағдайлары, шамалары ескеріледі. Тіпті қызметіңізді абыроймен орындап, өзіңізді тек жақсы қырыңыздан көрсетсетіп, мұсылманға тән әрекет жасасаңыз оның өзі дағуат. Мұсылмандықтан ауытқымай, исламға кір түсірмеудің өзі абыройлы істерден болып табылады. Алла тағала адам баласына шамасы келмейтін істі жүктемейді. Алла тағала Құран кәрімде: Алла (Т.) кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді; істеген жақсылығы өз пайдасына да, жамандығы зиянына[7], деген яғни, адам баласы өзінің шамасынан тыс амалға жүктелмейді.

Ибн Омар (р.ғ.) Алла Елшісінің (с.а.у) былай дегенін риуаят еткен:

كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤول عَنْ رَعِيَّتِهِ، الإِمَامُ رَاعٍ وَمَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِهِ وَهُوَ مَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ فِي بَيْتِ زَوْجِهَا وَمَسْؤولَةٌ عَنْ رَعِيَّتِهَا، وَالْخَادِمُ رَاعٍ فِي مَالِ سَيِّدِهِ ومَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، -قَالَ: وَحَسِبْتُ أَنْ قَدْ قَالَ: وَالرَّجُلُ رَاعٍ فِي مَالِ أَبِيهِ وَمَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ- وَكُلُّكُمْ رَاعٍ وَمَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ

«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар!»[8].

Жоғарыдағы хадисте адамның қоғамдағы орнына, жауапкершілігіне байланысты дінді жеткізудегі міндеті мен жауакершілгі өзгереді.

Мұсылман қоғамында соның ішінде Қазақстан жерінде жаппай діни ағымдар жайлап, іріткі салған уақытта «Таблиғ жамағаты» ұйымы да, бұл қайнаған сорпаға өз үлесін қосты. Әлбетте бұл ұйымды деструктивті ағымдар санатына кіргізуге болмайды, өйткені олардың мақсаты бұқара жұртшылығына ислам дінін жеткізу болған. Алғашқы кезде, бұл біраз деңгейде жыртықтың жамауын жапқанымен уақыт өте дін исламның күшеюімен, өзімізден шыққан қаракөз қазақ балаларының исламды игеруімен қоғамның бұл ұйымға деген қажеттілігін тоқтады, тіпті кері әсерін бере бастады. Бұл ұйымның атын жамылып, қоғамда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарсы кір жағып,  сызат түсіруші топтар пайда болды…..

            Бұл жамағат немес бұл ұйым он төртінші ғасырда Индия жерінде пайда болған, алайда «таблиғ жамағаты» деген атпен 1926- жылы белгілі болды. Негізін қалаушысы– Мухаммад Илияс әл-Кандаһлауи (1885-1944), орталықтары Дели қаласында. Алғашында Индия, Пәкістан, Бангладеш жерлерінде тараса, кейіннен араб мемлекеттерінде тарай бастады. Соңғы жылдары Еуропа мемлекеттерінде белсенділіктері артуда.  Олар өздеріне ислам дағуатын міндеттеп, белгілі бір уақыт аралығында Алла жолында адамдарды исламға шақыруды (айына үш күн немесе жылына қырық күн) парыз деп санайды. Олар негізгі екі мақсатты алға қояды: Бірінші ислам діні жетпеген аймақтарға дінді жеткізу, екінші, діннен алыстап кеткен мұсылмандарды исламның құндылықтарын орындауға шақырып, оларды тақуалыққа итермелеу. Негізгі ұстанатын дәлелдері Пайғамбарымыздың (с.а.у) :

(بَلِّغُوا عَنِّي وَلَوْ آيَةًّ)                       «Менен бір аят болса да (адамдарға) жеткізіңдер»!– деген сөзімен байланыстырады.

Дінге шақырудағы ерекшеліктері:
          Біріншіден: Таблиғ жамағатының құрамындағы көпшіліктің шариғи  білімдері таяз. Ғалымдарының көбі тек орталықтары Пәкістан, Индияда жерінде. Бұл әрекеттері Құрандағы мына аятқа толықтай қайшы. Алла тағала Құранда пайғамбарға (с.а.у) былай деуді бұйырған: «Айт: «Бұл менің жолым. Мен терең ілімге негізделген түрде ғана Аллаға шақырамын. Мен және маған ергендер», – де». Ал «таблиғ» жамағатында терең ілімді адамдар аз.
          Екіншіден: Құран аяттары мен хадистерді тиісті түрде түсіндірмейді, Құран аяттарын бұрмалап,  «бұл дағуатқа шығу аяты» деп, қате түсіндіреді.

          Үшіншіден: Дінге шақыруды арнайы күн сандарымен шектеулері. Бұл да шариғатта болмаған, дінге енгізілген жаңалық болып саналады.

          Төртіншіден:  Дағуатты  ілім алу сынды парыздардан да артық құлшылық етіп көрулері дінге жат әрекет. Олардың ойынша ілім алу көп уақытты талап етеді, адам азды-көпті ілімімен амал ету керек деп сенеді.
          Бесіншіден: Діни ілімсіз пәтуа беру фактілері кездеседі.

          Алтыншыдан: Ислам діні ең әуелі отбасын түзеуден басталуы керек. Кей кезде әке-шешелерін, бала-шағаларын тастап қырық күндік мерзімге дағуат жасап кетеді.

Сүннетке сай дағуаттың шарттары:

Бірінші шарт: Ықылас.

Алла тағала Құран кәрімде:

وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ وَيُقِيمُوا الصَّلَاةَ وَيُؤْتُوا الزَّكَاةَ ۚ وَذَٰلِكَ دِينُ الْقَيِّمَةِ

Олар; ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулері үшін әмір етілген. Міне осы, тұп-тура дін.[9]

Жоғарыдағы Құран аятында «шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары» деген сөзден Аллаға бағытталған әрбір салихалы амалдың шынайы ниетпен Алла разылын қалап жасау керектігін айтуда. Салихалы амалмен мақтану, көрсету, өзін жоғары ұстау әрекеттері қосылса ол амалдың сауабын жояды. Сол секілді ислам дағуатындағы мақсат белгі бір топтың санын көбейтіп, белгілі бір ғалымның атын шығару болса пайда бермейді. Қазақстандағы ислами топтар да көбінесе өкілетті мемлекет тарапынан бекітілген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан өкілдеріне қарсы шығуға үгіттейді бұл «таблиғ жамағатының» әрекетінде де тыс қалмады .

Екінші шарт: Бірізділік.

Бұл жерде мақсат адам басқа біреуді дінге шақырған кезде, ең маңызды болған амалдарға үндеуі тиіс олар:

Алланың бірлігіне шақыру. Ешбір діни негіз қалыптаспаған адам бойында, Аллаға деген сүйіспеншілікті сіңдіру ең маңызды қадам. Бұл орайда дағуатшы адамға Алланың бір екенін, Оның ешбір жаратылыстарға ұқсамайтынын, әлсіздік, шаршау секілді бүкіл кемшілік атаулыдан пәк екенін, Оның мұсылмандар үшін аса мейірімді, кәпірлер үшін аса қаһарлы екенін жеткізу. Бүкіл мақұлықтың тек Аллаға құлшылық үшін жаратылғанын түсіндіру.

Пайғамбарға (с.а.у) сүйіспеншілік. Аллаға иман келтіргеннен кейін Пайғамбарымыз (с.а.у) және өмірімізді оның сүннетіне сай        жүру керек екені жайында жеткізу. Алла тағала Құран кәрімде:

لَّقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا

Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар.[10]

Көркем мінез .  Ислам дінін қабылдаған имандылықты тек құлшылықпен ғана емес, көркем мінез құлықпен де көрсете білуі тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз – ең көркем мінезділеріңіз»[11]деген.

Үшінші шарт: Жан-жақтылық

21-ғасыр дағуатшысы заман ағымына сай, технологиялық құрылғылармен қолдана білуі тиіс. Оларды қолдана білмеу, оның жұмысын тежеуге апарады.

Төртінші шарт: Құран мен сүннетке сүйену.

Әрбір дағуатшы үшін Құран және сүннет негізгі ұстанымы болуы тиіс. Қасиетті Құранда: «(Ей, Мұхаммед!) Сен адамдар арасында Алланың көрсеткені бойынша төрелік етсін деп Саған хақ кітапты (Құранды ) түсірдік»[12] басқа бір аятта: «(Ей, Мұхаммед!) Біз Саған барлық нәрсені ашық баяндайтын, мұсылмандар үшін дұрыс жол, игілік және қуаныш болатын Құранды түсірдік»[13]

Хадис жайында Құран кәрімде: «Егер бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға (Алланың кітабы Құранға) және Пайғамбарға (Мұхаммедтің (с.а.у) сүннетіне) жүгініңдер. Егер сендер Аллаға ахирет күніне анық сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ»[14] .

Демек, әрбір дағуатшы мұсылман үшін Құран мен сүннет темірқазық іспеттес бағыт-бағдар беруі тиіс.

Дінге қалай шақырамыз

Бірінші: Дағуат бағытталушы адам, оның ой өрісі, жас шамасы, мінезі, қоғамдық орны жайында білуіміз және соған сәйкес дағуат жасауымыз керек. Аш болса, тойдырып, ауру болса дәрі беріп, әдепсіз болса тәртіпке келтіруіміз қажет.

Екінші: Ауырлатпау жеңілдету. Дінді жаюшы адам сонымен қатар діннің негізгі парыздарын үйретуші болып табылады. Үйретуші адам құлшылықтың жеңіл жолдарын білуі қажет. Сапар шексе, намаздың қысқартылуы, су болмаса, топырақты қолдануды, ауру болса, оразасын ашу тағы басқа жеңілдіктердің басын ашып, үйретуі тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің мүбарак хадисінде: «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар»[15], деген.

Үшінші: Бірте-біртелік (градация). Алладан кемеңгерлік қасиет нәсіп болған адам Алланың бірлігіне шақырғаннан кейін, одан кейін маңызды болған намаз, дәретті үйретеді. Иманы орнығып  намаз оқи бастаса, ораза ұстаудың абзалдығын оның рухани тәндік пайдаларын түсіндіреді. Кеше ғана ислам қабылдаған адам бір сәтте бүкіл амалды орындап кетуге шамасы келмейді. Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің меккелік, мәдиналық дауатында осы мәселеге ерекше мән берген.

Төртінші: Жұмсақты, ерекше қамқорлық. Адам жас тал еккенде алғашқы уақытында, оған ерекше мән беріп, суарып, қазыққа байлап оны демеп, біраз уақыт қамқорлық жасайды. Егер ешбір қазық, тіреу байланбаса, қалай болса солай өсіп немесе бір сұрапыл дауылда құлап қалуы мүмкін. Сол секілді исламға жаңа келген адам алғашында білімді адамдар тарапынан қолдауға мұқтаж. Егер оған көңіл бөлмесе, иманы жанбай жатып өшіп қалуы мүмкін немесе жат пиғылды ағымдардың жетегінде кетіп адасуы мүмкін. Сол себепті исламға келген адамды арнайы білім алушы топқа қосып, назарда болу керек. Бұл тұрғыда «таблиға жамағаты» мүлдем қауқарсыз өйткені олардың дағуаты көп жағдайда намаз, дәретпен ғана шектеледі.

Бесінші:  Өзінің шама-шарқын білу. Бұл орайдан исламға жаңа келген адамдар тарапынан әр түрлі сұрақтар қойылуы мүмкін. Сол себепті кейбір аса күрделі сұрақтарға жауап беруден аулақ болуы оны білім иелеріне бағыттауы тиіс.  Алла тағала Құран кәрімде: Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар»[16] , деген. Демек, исламға шақырушы өзінің дін ғалымы емес,  дағуатшы екенін сезінуі тиіс.

Қорыта келе,  бұл ағымның жаман, жақсы жақтары байқалады. Олардың негізгі жақсы қасиеттері жергілікті басшыларға, имамдарға ашық түрде қарсы шықпауында, сондай-ақ олар қай елде жүрсе де сол елдің салт-дәстүрін, заңдарын мойындап, кереағар әрекеттерге бармайды. Негізгі мақсат ретінде дін жаюды ғана алға қояды. Алайда шариғат ілімі жоқ кез-келген адамға  дағуатқа шығуды міндеттеуге болмайды, білімсіз дін жаюдың өзі шариғатқа қарама-қайшы әрекет.

Мемлекет тарапынан жоғарыдағы олқылықтар ескеріле отырып, 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен аталған діни ұйымның Қазақстан аумағындағы  қызметіне тыйым салынды.

Аталмыш сот шешімі, Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттерге толық сәйкес келеді. Мемлекет Басшысы өз Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі, осы жат діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», – дей отырып, дәстүрлі емес секталар мен жалған діни ағымдардың қызметіне қатаң тосқауыл қою қажеттігіне баса мән берген болатын.

Елімізде орналасқан бір діни жоғары оқу орын мен он  медреседен жыл сайын мыңдаған діни мамандар тәлім алып шығады. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде халыққа қызмет жасауда.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл ағымның белсенділігіне жол берілгенмен, қазіргі уақытта оған қажеттілік жоқ және олардың негізгі мақсаттары да белгісіз. Қазіргі кезде елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және оған қарасты бөлімдер РАНТ (Республикалық ақпарат насихат тобы) жұмыс істейді. Әрбір облыста ислам насихаты жетпеген ауылдарда ЖАНТ (Жергілікті ақпарат насихат тобы) жұмыс істейді. Бұл топ мүшелерін еліміздегі білікті діни мамандар құрайды. Сол себепті, дінді тек білім иелерінен үйренейік, сонда ғана адасушылықтан алыс боламыз.

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ

«Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

 

[1] Әл-Әнбия сүресі, 25-аят

[2] Муслим хадистер жинағы

[3] Фуссилат сүресі, 33-аят

[4] Тәуба сүресі, 71-аят

[5] Әл-Имран 110-аят

[6] Мәйда сүресі, 79-аят.

[7] Бақара сүресі, 286-аят

[8] Бұхари, муслим хадистер жинағы

[9] Бәина сүресі, 5-аят

[10] Ахзаб сүресі, 21-аят

[11] Тирмизи хадистер жинағы

[12] Ниса» сүресі, 105-аят

[13] Нахыл» сүресі, 89-аят

[14] Ниса» сүресі, 59-аят

[15] Бұхари хадистер жинағы

[16] Нәхл сүресі, 43-аят

Return to Top ▲Return to Top ▲