ҚАЖЫЛЫҚ МИССИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ҚОРЫТЫНДЫ ЖИНАЛЫС ӨТКІЗДІ

Бүгін Алматыда ҚМДБ Қажылық және Халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев бөлімнің қызметкерлері мен Қажылық миссиясының өкілдерімен жиналыс өткізді.

Басқосуда Қажылық миссиясының өкілдері Қажылық кезінде кеткен кемшіліктерді түзеу немесе болдырмау шаралары мен миссияның жұмысын жетілдіру жұмыстарын талқылады.

Жиын барысында Бейбіт Мырзагелдиев Қажылық және Халал стандарттау бөлімінің қызметкерлері мен Діни басқарма басшыларына жаңа тағайындалған мамандарды таныстырып өтті.

Биыл елімізден 2500 азамат қажылық парызын орындап қайтты. Қажыларға 16 турфирма қызмет көрсетті. 13 адамнан құралған Қажылық миссиясы қажылық барысын ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын жүзеге асырды.

«Биылғы қажылық сәтті өтті деуге болады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен бекітілген миссия мүшелері ұйымдастыру-үйлестіру, уағыз-насихат, пәтуа, медициналық көмек, ақпарат-насихат тобына бөлініп, әр топ өзіне жүктелген тапсырмалар мен бағыттар бойынша жұмыс жасады. ҚМДБ тарихында тұңғыш рет Бас мүфти бастамасымен «Tawaf travel» қажылық компаниясы ашылды. Компанияның ашылу салтанатында ҚМДБ төрағасы мәлімдегендей, «Tawaf travel» өзге турфирмаларға қызмет көрсету, уағыз айту, түсіндірме жұмыстарын жүргізу жағынан үлгі болатын жетекші қажылық компаниясына айналуы тиіс. Осынау талап-деңгейден көріну мақсатында «Tawaf travel» алғаш рет 300 қажыға қызмет көрсетті. Мүфтияттың төл турфирмасы үшін еліміздің таңдаулы имамдары мен қажылық саласында тәжірибесі мол гид мамандар таңдап алынды. Өзге фирмалар өзіне 1 гид маманы мен 1 уағызшы имамды таңдаса, «Tawaf travel» қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында 10 гид маманын жауапкершілігі жоғары маусымдық жұмысқа жұмылдырды. Қажылық, шын мәнінде, туристік сапар емес – ұлы құлшылық, қасиетті сапар екендігі жан-жақты түсіндірілді», – деп атап өтті Бейбіт Мырзагелдиев.

ҚМДБ баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲