ШАЛ АҚЫНДА МӘУЛІТ ӨТТІ

Жеті мыңнан астам тұрғыны бар Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) туылған күні – Мәуліт мерекесі тойланды. «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы, ҚМДБ-ның өкіл имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай шал ақындықтардың бұл қуанышына әдейілеп барып, ортақтасты. Аудан әкімі Марат Омаров та адамзаттың ардақтысы – Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) салауат айтылып, сәлем жолданған кештен шет қалмады.

300 орынға арналған Мәдениет үйіне қала тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы ауылдардан да жамағат келді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен биылғы жылы да дін мен дәстүрдің сабақтастығы жалғасын тауып отыр. Осыған орай Бас имам екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) асыл қасиеттері, өнегелі өмір жайлы әңгімелеп, дініміздің ата дәстүр құндылықтарын насихаттайтынын әсерлі жеткізді.

Мәуліт мерекесінде аудан имамы Шопан Шәймерденов Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) салауат оқыды. Соңы рухани ән-күйге жалғасты. Бұдан кейін кеш қонақтары аудандық мешітте Кенжетай қажы Байкемелұлының ата-ана мен бала қақысы, басқа да қоғамдағы келеңсіздіктерге тосқауыл қояр адамгершілік тұрғысындағы уағыз насихатын тыңдай алды.

Сергеевка қаласындағы Мәуліт тойына жақын маңдағы Қаратал, Жаңаталап секілді ауылдардан қарт ата, әжелеріміз келіпті. Солардың бірі –  84 жастағы Ауған Шәріпұлы. Қария Мәуліт мерекесінің құндылығын жақсы түсінемін, дейді. Сондықтан да, қыстың көзі – қырауға қарамай,  осында жетіпті. Ауған ақсақал секілді елді мекендерден келгендер уағызға ұйып, Аллаға құлшылық, Мұхаммедке (с.ғ.с) салауат айтып қайтты.

«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметі.

Return to Top ▲Return to Top ▲