Халық игілігі үшін

Асыл дініміз қанат жайып, жер жүзінде ислам шариғаты үстемдік ала бастаған кезеңде мұсылмандарды бір уақытта намаз оқуға шақыру қажеттілігі туындады. Сонда Абдуллаһ бин Зәйд (р.а.) атты сахаба түс көріп, түсінде азанның мәтінін үйренген болатын. Ол дереу Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсін айтып, Алла Елшісі (с.ғ.с.) еш өзгертпестен осы азанды Біләл ибн Рабахқа үйретті. Сол сәттен бастап Мәдина шаһарында алғаш азан айтылып, бұл үрдіс осы күнге дейін жалғасуда.

Егемен елімізде де азанның әсем үні айтылмайтын бірде бір ауыл қалмаған болар. Азан үнін естіген адам намаз уақытының кіргенін біледі. Осы орайда, облыстық «Қызылжар» орталық мешіті халыққа жеңіл болу үшін игі шара ұйымдастырды – қасиетті Рамазан айының құрметіне 30 күн бойы «Қазақстан-Петропавл» облыстық телеарнасынан ауызашар уақыты кірісімен арнайы дайындалған бейнеролик көрсетеді. Үні құдіретті азан дауысымен қатар бейнероликте жамағатпен оқылып жатқан тарауық намаздан, ауызашарлардан көріністер түсірілген. Халықтың көңілінен шыққан бұл игі бастамаға қолдау көрсеткендігі үшін телеарна ұжымына айтар алғысымыз шексіз.

 

«Қызылжар» орталық мешітінің

баспасөз қызметі

Return to Top ▲Return to Top ▲